Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Ақпан, 2016

966

«Бірге өмір сүру»

9 қаңтар күні Қарағандының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық қайырымдылық акциясы аясында облыстық ҚХА Аналар кеңесінің «Бірге өмір сүру өнері» акциясы өтті. 

«Қайырымдылық керуені» - жалпыұлттық қайырымдылық акциясы Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында болып өткен қайырымдылық ұйымдарының, меценаттар мен донорлардың І республикалық съезі барысында бастау алған жоба. Акцияның символына айналған қазақтың дәстүрлі қоржынына балалары аса ауыр науқасқа шалдыққан ата-аналардың хаттары салынып, съезд делегаттарына табысталған болатын.

Қарағандылық делегаттарға сал ауруымен туылған Елизавета Шамшиева және Аружан Жеңіс есімді екі бүлдіршіннің жағдайы аманат етілді.

Кішкентай қыздардың өз қатарына қосылып, әлеуметтік бейімделуі үшін күрделі ота жасалуы қажет. Ата-анасының қалтасы көтермей жатқан қымбат отаны ресейлік мамандар жасауға дайын.

Қарағанды облыстық ҚХА құрылымдары және этномәдени бірлестіктер төрағалары бұл мәселеге бей-жай қарай алмады. Аздаған уақыттың ішінде ақшалай қаражат жинап, Аналар кеңесінің «Бірге өмір сүру өнері» акциясы аясында қыздардың ата-аналарына табыстауды жөн көрді. 

Облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы С. Нұмағанбетова іс-шара барысында:

- Бүгін мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен салынған Достық үйінде ізгі ниетпен жиналып отырмыз. Өткен жылдың қарашасында қоғамдағы мейірімділік, адамгершілік құндылықтарын нығайтып, мүмкіндігі шектеулі қазақстандықтардың денсаулығына қамқорлық көрсету мақсатында ҚХА аясында «Қайырымдылық керуені» акциясы бастау алған болатын. Осы акцияның жалғасы ретінде облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен достық пен толеранттылықты, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын «Бірге өмір сүру» атты акцияның тұсауы кесілуде. Бұл жобаны жыл бойында жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан,  алғашқы қайырымдылықты балаларға көрсетуді жөн санадық, - деп ерекше айтып өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел, бір тағдыр» ХХІІ сессиясында Елбасы Н. Назарабаев «Ассамблея – Үкімет пен бизнестің қолдауымен қайырымдылық акцияларының орталығына айналуы тиіс» деп баса айтқан болатын. Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Аналар кеңесінің бүгінгі бастамасы Елбасы қол қойған «Қайырымдылық туралы» Заңының жүзеге асырылуының нақты дәлелі.

Облыстық ҚХА Хатшылығының басшысы Е. Құсайын өз кезегінде:

- Айрықша атап өтетіні, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қайырымдылық керуені» акциясының символы болып қазақтың қоржыны белгіленді. Жылдың соңына дейін сәнді қоржынды игілікті істерге толтыру міндеті тұр. Бұл ізгі шараға облысымыздағы барлық қалалар мен аудандар белсенді атсалысатынына сенімдімін, - деп айтып кетті.

Облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісі – У. Джанаев акция қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде: «Біздің көпұлтты облысымызда азаматтардың бір-біріне, әр ұлттың мәдениеті мен тіліне деген қамқорлық күннен-күнге артып келеді. Ортақ өмір сүрудің өзіндік салты қалыптасқан. Бір шаңырақтың астында тұрған соң, барлық қиындықтарды да бірге жеңуге тиіспіз», - деп атап өтіп, сөзін қорытындылай келе этномәдени бірлестіктер жетекшілері атынан Е. Шамшиеваның анасына және А. Жеңістің әпкесіне демеушілік көмекті табыс етті.

Облыстық Аналар кеңесінің мүшелері «Құлыншақ» балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлыққа алу туралы бастаманы көтерді.

- Ана махаббаты ұлтқа бөлінбейтінін біз анық білеміз. Өскелең ұрпақты да көпұлтты қоғамда бейбіт өмір сүруге тәрбиелеу – аналардың басты міндеті деп білемін, - деп облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы С. Нұмағанбетова Кеңес мүшелерін қайырымды іске қолдау білдіргендері үшін алғысын айтты.

Казіргі кездегі күрделі экономикалық ахуалға қарамастан, қайырымдылық жасайтын азаматтардың саны артпаса, кеміген емес. Жаһандық дағдарыс жағдайында, қайырымдылық халыққа демеу болатын бірден-бір ықпалды шара.

   

   

Қарағанды облысы әкімі аппаратының

"Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметі

тел., WhatsApp: +77024190203

e-mail: info@kelisim.kz

Кейін қарай