Юлия Кан: Өмірімнің ең қиын сәттерінде аяғымнан тік тұруыма себепкер болған қасиетті қара жерге шексіз қарыздармын

Өткен жылдың соңында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстанды құтты қоныс санайтын ауыл әйелдерінің ІІ форумына біздің өңірімізден әр салада жемісті еңбек етіп, ауылдың өркендеуіне үлес қосып жүрген 13 делегат барған болатын. Әрқайсысын тағдыры әртүрлі түрлі, тіпті кейбірінің бастан кешкен оқиғаларынан фильм түсірсе де болатындай.

Сондай тағдырлы жандардың бірі – Юлия Кан. Өте қарапайым, жүзі жылы, мейірімді жан – Көшімнің бойын жайлай қонып, көкөністің алуан түрін өсірумен айналысып келе жатқан мықты агроном. Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында өмір есігін ашқан Юлия Борисқызы сол жақта жол қатынастары саласы бойынша жоғары білім алған. Алайда қанға сіңген бағбандыққа құштарлығы артып, ауыл шаруашылығы саласына бет бұрады.

«Жерді қопсытқан кездегі топырақ иісінен жаным рақат табады. Ежелден кәрістер – несібесін қара жерден тапқан, жер емген халық. Біз де бағбандықпен айналысуды ойлап, 2003 жылы Орал қаласының маңындағы Көшім ауылына көшіп келдік. Табиғаты өте керемет, айналасы су мен нуға толы бұл ауылды бір көргеннен жүрегіме жақын тұттым. Батыс Қазақстан облысын климаты өте жайлы болғандықтан таңдадық. Мұнда жазды күні күн ұзақ келеді, ал бұл бау-бақша дақылдары үшін өте пайдалы. Қазанның ортасына дейін күн райының жылы болуы өнімді жинап алуға өте қолайлы. Оған қоса бұл жаққа бізден бұрын қоныс аударған туыстарымыз бен достарымыз Оралды ерекше мақтайтын», – дейді Юлия.

Бүгінде ол – «Урожай» шаруа қожалығының тізгінін қолға алып, отбасылық бизнесті өркендетіп отырған отанасы. Бұл қожалық қияр, қызанақ, кәдімгі капуста және қызыл қырыққабат (капуста), болгар бұрышы, кәді, брокколи, жүгері, қарбыз-қауын, черри қызанағы секілді біраз көкөніс түрін өсіреді. 2005 жылдан басталған кәсіптің нәсібі мол. Алғашында 50 гектар жерге өнім өсірсе, былтырдан бастап бос жатқан 46 гектар жерді қоса алды. Ауқымы кеңейген алқаптардан жиналған биылғы өнімге кәсіп иесі дән риза. Юлия Борисқызы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтумен қатар, жергілікті жердегі тұрмысы төмен отбасылардан, Көшім ауылындағы балабақша мен мектептен, даун сырқатына шалдыққан балаларға арналған мекемеден көмегін еш аямайды.

Экологиялық таза өнім өсірумен айналысатын шаруа қожалығының техникалық жұмыстарына Юлия Борисқызының жұбайы Вячеслав Ким жауапты.

«Еңбектің наны тәтті» деген ұстанымды мықтап ұстанатын ерлі-зайыптылар Ташкентте институт қабырғасында танысып, 1981 жылы отбасын құрған.

Бүгінде екі қызды қиясына, ұлын ұясына қондырған бақытты ата-ана. Үлкен қызы Марина – Орал қаласында тұрады, үш қыздың анасы, бақытты жар. Ол ата-анасы еккен өнімді сату, жүзеге асыру жұмыстарымен айналысады. Былтыр ұзатылған кенже қызы Инна Оңтүстік Кәріс Республикасында тұрады. Ал шаруашылықтың өркендеуіне бір адамдай үлес қосып жүрген ұлдары Владимир қазаққа күйеу бала болып келеді. Жұбайы Алтынай екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр. Юлия Борисқызы ұлы үйленерде қазақтың салтымен құда түсе барып, тойды өткізгенде екі елдің де салт-дәстүрін түгелімен орындағандарын айтады. Мереке-мейрам кезінде дастарқанға қазақ пен кәріс халқының ұлттық тағамдары қатар қойылады екен.

«Мен Қазақстанға, соның ішінде дәл осы Ақ Жайық өңіріне көшіп келгеніме еш өкінбеймін. Тұрғылықты мекенім ретінде Көшім ауылын таңдағаныма дән ризамын. Бұл ауылмен менің жаным егіз секілді. Қанша алысқа барсам да, жеткенше асығамын. Осы ауылдың топырағы мен үшін жанға дауа. Өмірімнің ең қиын сәттерінде менің аяғымнан тік тұруыма себепкер болған қасиетті қара жерге шексіз қарыздармын», – дейді Ю. Борисқызы.

Оның айтуынша, бір жылы қатты бұршақ жауып, енді ғана отырғызылған көшеттерге қатты залал тиген. Нәпақасын жерден тауып отырған отбасы үшін бұл ауыр соққы болған. Жұбайы мен ұлының салы суға кеткен сол сәтте отанасы үмітін үзбепті.

«Таңнан кешке дейін дәрі-дәрмегімді сеуіп, әр түптегі өсімдікпен тілдесіп, қара жерден ісімнің қайырын сұрадым. Сыртымнан көрген адамдар мені жын қаққан деп ойлапты. Ақыры үмітім ақталды. Сол жылы біз өнімсіз қалмадық. Өткен жылғымен салыстырғанда аздау, десе де мен үшін соның өзі жетістік болатын. Өйткені мен бардан жоқ жасай алдым. Өнімді жинап болған соң кең алқапқа басымды иіп, рақмет айттым, – деп естелігімен бөлісті ол.

«Былтыр көлік апатына ұшырап, ауыр сынаққа тап болдым. Соның кесірінен бірінен кейін бірі бес отаны бастан кешірдім. Жарты жыл шамасында аурухана төсегіне таңылып, үйіме мүгедектер арбасымен оралдым. Өмір бойы қызу тірлік ортасында жүріп үйреніп қалған мен үшін даланы көрмеу, төрт қабырғаға қамалу ауыр азап болды. Бір орнымда байыз тауып отыра алмай, жұбайымнан мені егіс алқабына апаруды өтінетінмін. Күн сайын сол жердегі жұмысқа қарап, таза ауа мен топырақтың ерекше иісін көкірек кере жұтып, бойыма күш жинадым. Әлі күнге дейін мені аяғымнан тік тұрғызған осы далаға деген, терімді төгіп жүрген қасиетті қара топыраққа деген махаббат деп санаймын» – дейді Юлия.

Өмірінің ең шуақты сәттерін қазақтың қасиетті қара жерінің топырағымен байланыстыратын отандасымыз Көшімді көркейтіп, құнарлы топырағын жасыл желекке орауды армандайды. Алдағы уақытта бау-бақша өнімдерін өңдейтін цех ашып, ауылдастарын жұмыспен қамтымақ. «Қазақстанда тұратын әр адам бақытты. Өйткені бұл – құт қонған мекен. Соның қадірін білгеніміз жөн», – дейді ол.

Аяужан Кереева,

«Орал өңірі»

Back to the list