Қазақстан халқы Ассамблеясы

17 Наурыз, 2016

1130

«Біз - болашағы біртұтас елміз»

Облыс Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Үлкен ел - үлкен отбасы» жобасы шеңберінде 13 наурызда Тараз қаласында жылдағы дәстүр бойынша  «Біз - болашағы біртұтас елміз» тақырыбында этномәдени бірлестіктерінің дарындылары арасында байқау өтті. Қалалық мәдениет үйінде өздерінің өнерпаздарына қолдау көрсету мақсатында этномәдени бірлестік белсенділері, өнерпаздардың туысқандары мен достары жиналды.

Байқауға қатысушылар 50-жуық адам болды, қатысушыларды облыс Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының міндетін атқарушы З.Сембина құттықтап, олардың байқауда жеңіске жетуіне тілек білдірді. Қатысушылар мен көрермендерге  әділқазылар алқасының құрамы таныстырылды: К.Нарбатыров «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы, Г.Құлмамбетова «Қоғамдық келісім» КММ әдіскері, М.Бунин «Магнолия» апталық газетінің тілшісі.

Бірінші болып сахнаға вокал номинациясы бойынша «Шиват-Цион» еврей этномәдени орталығының жас әншісі Рустам Мирашарипов  шығып, еврей халқының «Хава нагила» әнін орындады. Күрдтердің «Барбанг» этномәдени бірлестігінің әншісі Делихасан-Оглы Осман «Шамаме» әнін орындауымен көрермендердің ризашылығына ие болды.

Қазақ, дүнген, өзбек, қарашай-балқар, ұйғыр, тәжік, кәріс, татар-башқұрт, этномәдени бірлестік өкілдерінің орындаған әндері қазақтың дәстүрлі және эстрадалық әндеріне сонымен қатар өздерінің дәстүрлі әндеріне деген қызығушылығын оятты. Мәнерлеп оқу номинациясы бойынша 16 ұлттың өкілдері қатысты. Олар Жамбыл Жабаевтың, Мұқағали Мақатаевтың және де қазақтың белгілі ақындарының өлеңдерін оқыды. Соның ішінде татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің өкілі Минигүл Ишбулдинаның орыс тілінде өзінің «Гүлденген менің Қазақстаным» тақырыбында оқыған өлеңі көрермендердің үлкен қошеметіне ие болды.

Аспапта ойнау номинациясы бойынша «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі және «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы шеберлерінің домбырада ойнаған «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлері шебер орындалды, М.Қашқари атындағы  ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілі Зунуна Османова дутар аспабында ойнады, әсіресе қытай этномәдени бірлестігінің өкілі Роман Хванның гитара аспабында орындаған «Келіншек» күйі әділқазылар алқасы мен көрермендерді таң қалдырды. Өзбек  этномәдени бірлестігінің өкілі Шойыр Мырзаховтың барабанда, неміс этномәдени бірлестігінің өкілі Владимир Вельцердің сырнайда, татар-башқұрт этномәдени бірлестігінен Наиля Өтепбергенованың аккардеон аспабында ойнаған өнерлері көрермендерді бейжай қалдырмады.

Концерт аяқталды. Әділқазылар алқасы тез арада байқаудың шешімін шығарды. Вокал номинациясы бойынша бірінші орын күрд этномәдени бірлестігінің өнерпазы Делихасан-Оглы Османға, екінші орын қазақ «Әулиеата» мәдени орталығыынң өкілі Медеу Ералиевке, үшінші орын татар-башқұрт мәдени орталығының «Ляйсан тамчилары» ансамбліне берілді.

Мәнерлеп оқу номинациясы бойынша бірінші орынды татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің өкілі Минигүл Ишбулдина, екінші орынды М.Қашқари атындағы  ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілі Ясмина Зайытова, үшінші орынды өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі Умида Абдувахапова иеленді.

Аспапта ойнау номинациясы бойынша 9 қатысушының өнерлері ерекше бағаланып, барлығына әділ қазылар алқасының шешімі бойынша 1-орын берілді.

Байқауда 1,2,3-орын алған жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталып, барлық қатысушыларға аймақтық ҚХА  мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтары тапсырылды.

   

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

 БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Кейін қарай