Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Тамыз, 2021

273

Дана Кенжеқұлова: «Медиация қоғамдық сананы жаңғыртудың жаңа факторы»

Дау жүрген жерде – ауызбіршілік болмайтынын, татулығы жоғалған елдің тыныштығы бұзылатынын баршамыз жақсы білеміз.


Қазақстандық қоғамның санасын ұлттық құндылықтар негізінде заман ағымына сай бейімдеп жаңғырту – баршамызға жүктеліп отырған міндет. Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі бастамалардың бірі – халқымызды құқықтық мәдениетке баулу әрі заңға негізделген қарым-қатынас орнықтыру міндеттеріне келіп тіреледі. Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды. Негізінен айтқанда бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі, оның тиімділігі мол деп есептесек қателеспейміз. Себебі, медиатор - бұл бітімгер, яғни, тараптар арасында дауды өзара келісе отырып, бейбіт жолмен шешуге ықпал ететін бейтарап тұлға.

Медиаторлардың негізгі мақсаты тараптардың арасында туындаған даулы мәселені ушықтырмай, ерікті түрде ортақ келісімге келтіріп, дауды сотқа жеткізбей, бейбіт келісімге шақыру. Қазіргі уақытта, бүкіләлемдік пандемияның ушығып, адами құндылықтар бағаланып, адамгершілік қағидаттары басым алатын уақытта, сотқа арыздардың келіп түсуі толастаған емес, және басым бөлігі неке қатынастарынан туындайтын даулар болса, одан соң қарыз ақша өндіру, онлайн қарыз түрлері бойынша тартысулар көбейген. Бұл орайда, отбасы қатынастарынан туындайтын даулы мәселелерде қарым-қатынасты сақтап қалу маңызды дер едім. Отбасылық қатынастардан туындайтын ерлi-зайыптылар арасындағы келiспеушiлiктердің барлығын дерлік медиация арқылы шешуге болады. Себебі, некенi жалғастыруға, ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға, балалардың тұрғылықты жерiн белгiлеуге, ата-аналарының балаларды бағып-күтуге қатысты дауларды, сондай-ақ басқа да келiспеушiлiктерді медиация арқылы шешiлуi әбден мүмкiн.

Кез-келген азаматтық құқықтық қарым-қатынастардан туындаған мәселелерді реттеуде сотсыз медиатордың көмегімен шешу тиімді. Себебі, тараптар медиаторлар көмегіне жүгіне отырып, материалдық шығындарға ұшырамайды, сотқа жүгіну адвокат қызметіне төлем жасауды ғана емес, мемлекеттік баж төлеуді талап етеді, ал оның өзі бүкіл сатыларда жүреді. Медиатор тараптардың ұстанымдарымен жұмыс жасамайды, ол тараптар мүддесімен жұмыс жасайды. Ең бастысы, медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік және құпиялылықты сақтау принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады. Сотсыз медиаторға жүгінуден қорықпау керек, себебі, сотқа дейінгі тараптар арасында жасалатын медиациялық келісімнің міндеттемелері бойынша тараптардың бірі орындамайтын болса, ол келісімді орындату үшін басқа да азаматтық шарттар сияқты сотта дәлелдеуді қажет етпейді,

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 134-бабына сәйкес, медиациялық шарттың міндеттемелерін орындату үшін 3 жұмыс күнде соттың бұйрығын шығарып алып, атқару парағымен сот орындаушыға жүгінуге болады. Яғни, өздеріңіз байқағандай, әдеттегі шарттар бойынша сот процесстері кемі 2 ай соттасып, екі жақтың дәлелдеуін қажет етіп, одан соң бітпейтін соттасулар болса, медиация бұл процедуралардың бәрін жеңілдетіп қана қоймай, қарым-қатынасты сақтап, уақытыңыз бен қаражатыңызды үнемдейді.

Сондай-ақ, кешегі күшіне енген Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің 120-121 баптарында да дауласушы тараптардың өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алатындығын, жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде тараптардың татуласуына жол берілетіндігін және де апелляциялық, кассациялық сатыда татуластыру рәсімдерін қолдануға болатындығын нақты көрсеткен.

Яғни, бұның барлығы біздің өркениетті қоғам құруға бет алғандығымызды көрсетеді. Ал, өркениетті қоғамның басты шарты – заңның үстемдігі, құқықтың салтанат құруы. Медиация – тараптарды татуластырып, өнбес даудың өріс алуына жол бермейді. Сондай-ақ, кез-келген сот сатысында медиацияға жүгіну – ол әр бір азаматтың құқығы, әрі тиімді шешімге келуінің бірден бір жолы.

Кенжеқұлова Дана Ақәділқызы,

Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы

жанындағы медиация кабинетінің үйлестірушісі

Кейін қарай