Қазақстан халқы Ассамблеясы

04 Қазан, 2017

939

ДАРХАН МЫҢБАЙ: «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ОРТАҚ МҮДДЕ»

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқсы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай Батыс Қазақстан облысына келген сапарында Зеленов ауданында болып, тұрғындармен жүздесті.

Белес ауылына келген мейман Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген бағдарламаларды жүзеге асыру үшін атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Аудан әкімі Асхат Шахаров округте жүргізілген жұмыстарды баяндаса, ауылдық округтің медиаторы Адам Имашев, еңбек ардагері Галина Моругова, Белес мектебінің оқушысы, каратэден үш дүркін әлем чемпионы Аида Имақанова мақаладағы ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді.

Кейін аудан орталығындағы «Достық» мəдениет үйіне арнайы келген Дархан Қамзабекұлы мектептерде құрылған «Достық» клубтарының өнері мен шағын көрмесін тамашалап, этномəдени орталықтар жұмысымен танысты.

Мəслихат депутаттары, округ əкімдері, Қоғамдық келісім кеңесі,  ардагерлер, əйелдер кеңестерінің, этномəдени бірлестіктер мүшелері мен медиаторлар қатысқан жиынды аудан әкімі Асхат Берлешұлы ашып, ауданда атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Дархан Қамзабекұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының Елбасы Н.Назарбавтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытындағы жұмыстарын баяндап, аудандағы «Достық» үйінің жұмысына ризашылығын білдірді.

– Батыс Қазақстан облысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қандай жұмыстар атқарылып жақтандығын көру мақсатымен келдім өңірге. Ассамблея мен қоғамдық келісім кеңестері қолға алған жұмыстарды сараптап, белсенді, тиянақты атқарылған жұмыстарына көңілім толды. Зеленов ауданындағы «Достық» үйі туралы көп естіген едім. Бүгін өздеріңізбен жүздесудің сәті түсіп, тамаша әсер алдым. Аудан басшысы баяндағандай алда әлі де тың жобалар қолға алынатындығы қуантады. Біз бәріміз бірге әрекет ету арқылы мақсатқа жетеміз. Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріміздің бәрі бірліктің арқасында мүмкін болды. Осынау табысымызды еселеу мақсатында елімізде 1338 этномәдени бірлестік, 3 мыңға жуық қоғамдық келісім кеңестері, 2 мыңға жуық аналар кеңесі бар. Бұл тек құр көрсеткіш емес, Ассамблеяның бүкіл халықтың мүддесін қорғайтын ұйым екендігін көрсетеді. Ассамблеяға кейде біреулер жеңілдеу қарайды. Ассамблея - біздің әралуандығымызды табысымызға айналдырған бірегей институт. Тарихқа зер салсақ, әр ұлттың, әр діннің құндылықтарын сақтаған елдер алға озған. Құндылық дегеніміз отбасынан басталады. Рухани жаңғыру – ортақ мүдде, - деген ол елдің мəдени өркендеп, ынтымағы нығая түсуіне үлес қосып жүрген этномəдени бірлестік мүшелеріне шынайы алғысын білдірді.

Көшім мектебінің директоры Валентина Леонтьева, Мичурин мектебі «Достық» клубының мүшесі Айымгүл Өтегенова, ауыл тұрғыны Роза Любавина сан ұлттың киелі мекеніне айналған қазақ даласының дархандығын мақтан тұтатындықтарын айтып, жаңғыру жолындағы игі бастамаларға үн қосуды азаматтық парыз санайтындықтарын жеткізді.

Жиын соңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов аудан халқына табысты еңбек тіледі.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Динара НАСЫР,

zhaikpress.kz

Дата события ассамблеи: 04.10.2017

Кейін қарай