Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Қыркүйек, 2024

112

Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауын жариялады. Өз Жолдауында ол былтыр елімізде қабылданған бірқатар маңызды заңдарды атай отырып, атқарылған табысты жұмыстардың нәтижесін баяндады.

Сондай-ақ, Президент өткеннен сабақ ала отырып, болашаққа нақты қадамдар жасауда қандай маңызды міндеттерге назар аудару керектігін белгілеп берді. Соның ішінде ерекше атап өткені – бүгінде азаматтарымыздың несиеге белшесінен батып отырғаны. Бұл қоғамдық қатермен күресуде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараларды тілге тиек етті.

Президентіміз айтқандай, жаңа саяси жағдайда өмір сүріп жатқан қазақстандықтардың қазіргі таңда құқықтық мәдениеті артып келе жатыр. Әлемде геосаяси жағдайдың тұрақсыздығына қарамастан Қазақстан бейбіт және теңгерімді сыртқы саясатты қатаң ұстанады. Бұл біздің мызғымас ұстанымымыз.
Мемлекет басшысының Жолдаудағы атап өткен 9 бағыт еліміздің одан әрі дамуын айқындайды. Бұл ретте бірінші тоқталған мәселе банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажеттігі туралы болды. Ол үшін елімізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Қазіргі қолданыстағы заң ескірген, жаңа заңда экономикалық белсенділікті қолдау сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Бюджет қаржысының да тиімді пайдалануын бақылауда ұстап, енді көрпеге қарай көсілу туралы айтылды.

Екіншіден, елімізде инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Президент Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырды. Сонымен қатар еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды. Осы ретте өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу жайы ерекше қуантты.

Одан бөлек АЭС салу мәселесі де бұл жолдауда қозғалды. Үкіметтің ұсынысымен АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетіні белгілі болды. Әлем цифрланып жатқан ақпараттық дәуірде тұрғандықтан Қазақстан да содан тыс қала алмайды. Осы орайда келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосылатыны да маңызды жаңалық болды. Сонымен қатар, келесі жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасының аяқталуы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құруымызға септік етпек.

Сондай-ақ, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жоюды алға тарта отырып, 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Білім саласындағы мектептер жетіспеушілігін шешу, денсаулық бойынша кадрлар тапшылығы, орман алқаптарын көбейту жайын шешу жолдарын ұсынды.

Сөзінің соңында ол қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру жайына ерекше тоқталды. Осы мақсатта қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Әділ, әрі қауіпсіз қоғам құру үшін азаматтардың құқығын қорғау саласында кешенді шаралар қолға алынуда. Вандализм, жол көлік ережелерінің бұзылуының алдын алу, әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет.

Ойын түйіндей келе, Мемлекет басшысы Қазақстанда заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құру үшін өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек деді. Ол Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдерін әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға шақырды.

Расында елге деген жанашырлық ниет болмай, биік мақсаттарға қол жеткізу қиын. Сондықтан Президентіміз айтқандай, Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет. Ортақ мақсатқа жету үшін табанды еңбек ету – әр адамның өмірлік құндылығына айналуы тиіс.


Акбаржон ЯхияҚажыұлы Исмаилов,
Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының төрағасы, ҚХА Кеңесінің мүшесі

Кейін қарай