Қазақстан халқы Ассамблеясы

04 Шілде, 2020

929

Жансейіт Түймебаев: Домбыра - қазақтың рухын сезіндіретін қасиетті құндылық

Достық үйінде Ұлттық домбыра күніне арналған  онлайн-конференция өтті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Достық үйінде Ұлттық домбыра күніне арналған онлайн конференция өтті. Аталған жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық қатысушы қосылды. Сөз кезегін алғашқы болып ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Қансейтіұлы Түймебаев алып, іс-шараға атсалушыларға өз алғысын білдірді.

- Құрметті қатысушылар, қадірлі өнер сүйер қауым! Баршаңызға белгілі Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен 5 шілде – Ұлттық домбыра күні деп жарияланған болатын. Шынында да Қазақстан үшін домбыра бұл қасиетті нәрсе, бүкіл қазақ халқына қасиетті ұғым. «Күмбірлеген домбыра» деген сөз баршамыздың бала кезімізден құлағымызға сіңген. Ал енді сол домбыра арнайы мерекелік күн болып жарияланғаннан кейін біз оны қадірлеуіміз, асқақтатуымыз, әсіресе, жас ұрпаққа насихаттауымыз керек. Одан кейін біздің елімізді мекендеп жатқан барлық этнос өкілдеріне таныту – біздің қасиетті борышымыз. Бүгінгі күнге дейін Кеңес кезеңінен бастап Надежда Лушникова, Татьяна Бурмистирова, Владимир Питерцев сияқты өзге ұлт өкілдері домбырада ойнап, қазақтың әндерін айтып келген болатын. Қазіргі таңда олардың қатары көбейе түсуде. Бізді қуантатыны, солардың арасында өзге ұлт өкілдерінен жастардың көбеюі. Атап айтсақ, Андрей Фендриков, Ольга Сағындықова, Юрий Михуля сияқты жас таланттарымыз бар.

Бүкіл елімізді біріктіретін, ортақ шаңырақтың астына жинайтын, бірінші кезекте, сындарлы саясатымыз болса, барлығымызды бір мақсатқа жұмылдыратын ол – ортақ тілде сөйлеуіміз. Ал қазақтың рухын сезіндіретін құндылық – домбыра. Сондықтан да бүгінгі домбыра күніне арналған көлемді онлайн жиынға қатысушының барлығына көп рақмет айтқым келеді. Аталған кездесуге кездесуге Қазақстанның облыстары ғана емес, шетелдерден: Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Франция, Өзбекстан, Норвегия, Түркия, Испания, Оңтүстік Африка Республикаларынан қатысып отыр. Мұның бәрі домбыраны әлемге танытудағы ауқымды іс деп айтуымызға болады. Сол себепті жаны қазақтың әні мен күйін түсінген кез келген басқа этнос өкілі Қазақстанды өз Отаным деп толық санай алатынын айтқанымыз жөн. Қатысушы қонақтарға сәт сапар тілеймін. Күйіміз әуелеп, қасиетті домбыраның күмбірі көбейе берсін!

Әрбір халық үшін рухани байлық – ол ең басты азықтың бірі. Өздеріңізге белгілі 5 шілде домбыра күні болса, 6 шілде астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы күні, сонымен қатар Елбасымыздың мерейтойы. Нұрсұлтан Әбішұлының да домбырада жақсы ойнайтыны бәріне аян болар. Елбасын мерейтойымен құттықтай отырып, қазақтың рухани байлығын, әні мен күйін экономикамен қатар жоғары орынға қойғаны үшін үлкен алғысымызды білдіреміз!

Кейін қарай