Достық үйі – келісім мен достықтың іргетасы

Сонау 1995 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен азаматтық институт ретінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттің дамуында шешуші рөл атқарушы күш болып қалыптасып үлгерді.


Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясы – мемлекеттік ұлттық саясат, этникааралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің бірегей қазақстандық үлгісі болып табылады.


Кезінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның ХХI сессиясында сөйлеген сөзінде: «… Ассамблеяның барлық ағымдағы жұмысы мен қызметін басқарушы механизмді құру мәселесі туындаған секілді» деп айтқаны бар еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел аумағындағы Достық үйлерді дамытудың тұжырымдамасын әзірлеу туралы тапсырма бергені бар.


2014 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйлерін дамыту тұжырымдамасына сәйкес барлық облыс орталықтары мен аудандарда Достық үйлерін құрып, ашу, оларға жан-жақты қолдау көрсетіп, дамыту жұмыстары қолға алына бастады.


Содан бері жер-жерлерде Достық үйлері есіктерін айқара ашып, керек болған жағдайда жеке ғимараттар тұрғызыла бастады. Деректерге сүйенсек, 2013 жылы республикада 10 достық үй жұмыс істеген, оның тоғызы – аймақтық, біреуі республикалық мәртебеге ие.


Қазіргі таңда Қазақстанда он жеті облыстық Достық үйі бар, оның біреуі – республикалық мәртебеде. Қазақстанда алғашқы Достық үйі сонау 1992 жылы Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде ашылғаны белгілі. Ол туралы бұған дейін бірнеше рет жазылған.


Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасына сай алты аймақта (Астана қаласында және Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Ақмола, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облыстарында) Достық үйлерінің мамандандырылған жеке ғимараттары тұрғызылды.


Осы күндері бұл үрдіс айтарлықтай кеңейіп, Достық үйлері облыс орталықтарынан басқа аудан орталықтарында, облыстық маңызы бар қалаларда да құрыла бастады. Аталмыш үрдіс күні бүгінге дейін тоқтаусыз жалғасуда. Мысалы, ШҚО, Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Түркістан облыстарының аудандарында Достық үйлері табысты қызмет етуде.


Қызмет көрсетіп отырған Достық үйлерінің жұмысына жасалған кешенді талдау ұйымдардың мақсаттары мен міндеттері Қазақстанның этникалық топтарының дәстүрлерін, тілдерін, мәдениеттерін сақтау, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімді қалыптастыру, Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде этномәдени бірлестіктердің күшін біріктіру бойынша жалпы міндеттерді шешуге бағытталғанын айқын дәлелдеп отыр.


Мұның бәрі, қарап отырсақ, азаматтық қоғам институттарымен жұмыс істеу нысаны ретінде Достық үйлерінің қажеттілігін тағы бір мәрте растап отырғандай.


Соның негізінде және 2020 жылға дейінгі Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту Концепциясын іске асыру мақсатында, оған қоса Достық үйлерін дамыту Концепциясы негізінде Алматы облысының Қазақстан халқы ассамблеясының Достық үйі» мемлекеттік коммуналды кәсіпорны «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекеме болып қайта құрылған ол облыс әкімі аппараты қарамағына қарайды. Оған облыстық Ассамблеяның жұмысын толық қамтамасыз ету мақсаты жүктелген. Ол облыс басшысының Қаулысымен бекітілген Ережеде көрсетілген. Облыс әкімі аймақтық Ассамблеяның Төрағасы қызметін атқарады.


«Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» – Талдықорғанда орналасқан үш қабатты архитектуралық кешен. Ол 2008 жылы пайдалануға берілген. Ғимарат ішінде хатшылық, облыстық Ассамблеяның структуралық бөлімшелері мен аймақтық этномәдени бірлестіктердің орталықтары жайғасқан. Мұнда облыстық Ассамблеяның толыққанды қызметі үшін барлық жағдай жасалған. Кез келген уақытта мультимедиялық орталық, тілдер үйрену орталығы, төртарналы синхронды аудармамен қамтамасыз етілген конференц-зал мен 200 орындық акт залы бар.


Айтпақшы, осыған дейін этномәдени орталықтарын қаржыландыру мәселесі толықтай шешімін таппай келген болса, қазіргі таңда орталықтар аймақ басшысының гранттарына ие болып жатады. Оған қоса, заманауи техникамен жабдықталған дыбыс жазу студиясы, хореография залдары мен киім бөлмелері (костюммерные), офистер – барлығы дерлігі этномәдени бірлестіктердің игілігі үшін салынған. Керек десеңіз, ішінде өзінің шағын кафесі де бар. Мұның барлығы жергілікті бюджет есебінен жасалған жағдай.


Бұл қомақты база бүгінгі таңда этномәдени орталықтар мен Ассамблеяның құрылымдық бөлімшелері тарапынан үлкен сұранысқа ие. Себебі 2 млннан астам халқы бар Алматы облысында 103 ұлттың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ал олардың тілдерін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамытумен дәл осы Ассамблея жанынан құрылған этномәдени орталықтар айналысуда. Қазіргі таңда аймақтағы этномәдени бірлестіктердің саны 71-ден асып жығылады. Мұның бәрі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұстанған басты идеологиясы – халық арасындағы бірлікті нығайту, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау туралы мақсат-мүдделердің арқасында мүмкін болып отыр.


Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Back to the list