Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Сәуір, 2020

1542

Еңлік атанып кеткен Сыр елінің орыс қызы Елена Рыбина жайлы үзік сыр

«Жарайсың, Елена, қазақ тілінде кейбір қазақтардан артық сөйлейсің». Елбасының осы бір сөзі Сыр елінде Еңлік аталып кеткен орыс қызы Еленаны қанаттандырып, шабыттандырып та жібергендей. Ол Тұңғыш Президентпен кездескен сәтін күні кешегі оқиғадай егжей-текжей баяндауға әзір.


«Славяне қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі ел бірлігін нығайтуды көздеген түрлі шаралардың әрдайым белортасында жүретіні тағы бар. Олай болса Елбасымен кездесу бақытына ие болған Еленаның естеліктерімен бөліскен сұқбатты Бірлік күні мерекесіне орай оқырмандермен бөліскенді жөн көрдік.


- Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» деп жоғары баға берген өлкенің тумасы болу сен үшін қаншалықты маңызды?

- Біздің ұранымыз «Бір Отан, Бір тағдыр, Бір Елбасы» дейміз. Мұнда үлкен мағына жатыр. Елбасы мемлекеттің негізін қалаушы, Ұлтымыздың көшбасшысы. Халық үшін жасаған ұлан-ғайыр еңбегін ештеңемен салыстыруға келмейді.

Әсіресе, Тұңғыш Президентіміздің Сыр еліне деген ықыласы өзгеше. Елбасы бір сөзінде Қазақстанның қаншалықты дамығанын Сыр өңіріндегі өркенді істерден көруге болады деген еді. Сыр елі небір нәубет замандарды бастан кешірсе де, ұлттық болмыс пен салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жадынан өшірмеді.

Осы киелі мекенде қарт Қаратаудың иегі мен Қызылқұмның жиегін жағалай аққан Сырдың екі бетіне қоныстанған өлкеміз мен үшін аса қымбат. Қызылордадай қасиетті мекенде дүниеге келу, тумасы болу – үлкен мәртебе. Мен осы киелі жерде, Белкөл кентінде дүниеге келдім. Достарымның барлығы қазақ балалары болды. Менің қазақы қалыпта тәрбиеленуімнің, қазақ тілін еркін білуімнің құпиясы Қызылорда деп білемін.


- Ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналған еліміздің көшбасшысымен кездесу сәті қалай болды? Естеліктеріңізбен бөлісе отырсаңыз.

- Елбасымен жүздесу бақыты бұйырған әрбір адам сол кездесудің әсерінен көпке дейін арыла алмайтыны шындық. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бір ауыз сөзі кез келгеннің жүрегінен жол тауып, адамның бойына ерекше күш бітіреді.

2007 жылы Тұңғыш Президент Қызылорда өңіріне іс-сапар кезінде Ә. Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысқан кезде мен Сыр елі жастары атынан Елбасы алдында сөз сөйлеп, үлкен мәртебеге ие болдым.


Сол кезде Н.Әбішұлы маған қарап: «Жарайсың Елена, кейбір қазақтардан артық қазақша сөйлейсін» деген қолдауы менің бүкіл тағдырымды өзгертті. Бес жылдан астам уақыт өңірге танымал қалалық телеарнада қазақша диктор-редактор қызметін атқардым. Енді міне, Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен ашылған болашақ зиялыларды дайындайтын, халықаралық деңгейде үш тілде оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебінде баспасөз хатшысы қызметін атқарып келемін. Елбасының есімімен аталатын білім ордасында жұмыс істеу мен үшін үлкен мақтаныш.

- Елбасымен жүздесу бақыты бұйырған әрбір адамның өмірінде ерекше өзгеріс болады. Сіздің өмір жолыңызда қандай жаңашылдық болды?

- Елбасымен кездесуден кейін менің кеудемді мақтаныш сезімі кернегені рас. Өзіме деген сенімім нығая түсті. Көпшіліктің назарына ілігіп, танымал бола түстім. Бұл үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Сондықтан білім, білігімді одан әрі жетілдіре түсуге тырыстым. Өзіме тапсырылған әрбір жұмысты мінсіз, жоғары деңгейде орындауға талпындым. Жетістіктер жолында іздене бастадым. Оған қоса аймағымызда өткен түрлі мерекелік шаралар мен басқосулардың қонағы болу мәртебесіне ие болғаным да рас.


«Сыр үміті» жастар сыйлығы, облыс әкімінің стипендиясы, «БАҚ және мемлекеттік тіл» республикалық байқауындағы жеңісім, Елбасы Н. Назарбаевтың Алғыс хатын алуым, «Тіл жанашыры» құрметті төсбелгісінің тапсырылуы секілді жарқын жетістіктерге Елбасымен кездесуден кейін қол жеткізгенім рас.

- Қоғамдық келісім мен ынтымақтастықтың басты тетігі - Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясындағы алға қойған жоспарыңызбен бөліссеңіз.

- «Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да, тілегі бір» демпкші, мен қазақ тілін ана тілімдей еркін меңгеруім өмірімдегі үлкен жетістіктердің бастау болғаны сөзсіз. Өзім қызмет ететін «Назарбаев зияткерлік мектебінде» үш тілді хабарлар дайындайтын телеарна ашуымның да бір себебі – Елбасы бастамашы болған «Үш тұғырлы тілді» дамытуға үлес қосу ниетінен туса керек.


Ал «Славяне» этномәдени орталығындағы танымдық бағыттағы түрлі шараларымыздың көкжиегін одан әрі кеңейте бергіміз келеді. Басты ұстанымымның бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосу.

- Еліміздің мазмұнды әрі маңызды мерекелерінің бірі – 1 Мамыр Бірлік күніне орай отандастарымызға жылы лебізіңізді білдірсеңіз.

- Бүгінде әлемді індет жайлап, өкінішке орай, біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Дегенмен Елбасы осы ретте «Біз біргеміз» акциясын жариялап, елге келген уақытша қиыншылықты бірлесіп еңсеруге шақырған болатын. Осы ретте Тұңғыш Президенттің еліміздің баянды болашағы үшін көп жұмыс атқарғанына тағы бір көз жеткізгендейміз.


Шүкір, бірлігі бекем қазақ елі бұл нәубетті де жеңіп шығатыны сөзсіз. Бірлік күні мерекесінде Еліміз, Елбасымыз аман, жұртымыз тыныш, төңірек түгел, бауырымыз бүтін болсын деп тілек білдіргім келеді. Әлемде, елімізде болған соңғы жағдайлар бірлік, татулық ұғымының маңызын айқындай түсті деп ойлаймын. Аспанымыз ашық, жүзіміз жарқын, болашағымыз баянды болғай!

- Сұқбатыңызға рақмет.

Рауан Есқали

Кейін қарай