Қазақстан халқы Ассамблеясы

21 Мамыр, 2024

108

«Ел бақыты - еңбек пен бірлікте» тақырыбында Түркістан облысы Қазақстанхалқы Ассамблеясының XXVI сессиясы өтті

2024 жылғы 21 мамырда сағат 12.00-де «Фараб» кітапханасында «Ел бақыты - еңбек пен бірлікте» тақырыбында Түркістан облысы Қазақстанхалқы Ассамблеясының XXVI сессиясы өтті.

Сессия жұмысына ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Алмасұлы Әзілханов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы Тәжібаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Алмаханұлы Әбішов, сондай-ақ ҚХА Кеңесінің мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдарының басшылары қатысты.


Сессия аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Заңнамалық талаптарға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлары қызметіне қоғамдық негізде «Ахыска» түрік этномәдени орталығы ҚБ Түркістан облыстық филиалының төрағасы Сарманбай Қошалыұлы Сафаров пен Түркістан облысының өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадыр Ирсметов сайланды.

Өз сөзінде ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісіМарат Алмасұлы Әзілханов су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсеткен облыстың барлық қамқор азаматтарына алғысын білдіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке»жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясына жеке тоқталып өтті.


Су тасқыны тудырған қиын жағдайда халқымыз бірлік пен төзімділіктің берік үлгісін көрсетіп, күш біріктірді. Қазақстандықтар отандастарына көңіл бөліп, қамқорлық танытты. Еліміздің бірқатар өңірлерін қамтыған табиғи апат күндері зардап шеккендерге Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілері мен қоғамдық қайраткерлері айтарлықтай көмек көрсетті. Су тасқынына қарсы күреске, атап айтқанда қайырымдылық және гуманитарлық көмекті жинауға, эвакуациялауды ұйымдастыруға және азаматтарды ақпараттандыруға этномәдени бірлестіктердің 12 мыңнан астам еріктілері қатысты.

ҚХА Төрағасының орынбасары М.Әзілхановтың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы жариялаған «Жүректен-жүрекке» республикалық акциясы аясында апат аймақтарына жалпы сомасы 770 млн теңгеге жуық 1500 тоннадан астам азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті тауарлар жіберілді. Түркістан облыстық Ассамблеясы 150 млн теңгеге жуық сомаға 630 тоннадан астам гуманитарлық жүк жіберіп, осы игі істің көшбасшысына айналды. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда.


Сондай-ақ, спикер этномедиация бағыты бойынша өңірдің жұмысын және ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі мүшелерінің белсенділігін ерекше атап өтті.

Өз кезегінде, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы Тәжібаев облыстық Ассамблеяның жұмысы мен этномәдени бірлестіктердің қызметі туралы қысқаша баяндады.


Іс-шара барысында «Ахыска» түрік этномәдени орталығы ҚБ мүшесі Венера Мухамедовна Сараджова, Төлеби аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Жамал Османалиевич Кадиров, Түркістан облыстық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Елена Николаевна Стребкова сөз сөйледі.

Отырысқа қатысушылар мемлекеттік тілді үйрену, облыстық ҚХА жастар қанатының қызықты жобаларын іске асыру және басқа да бірқатар мәселелерді талқылады.


Сессия қорытындысы бойынша өңірдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосқан бірнеше азаматты марапаттау рәсімі өтті.

Кейін қарай