Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Маусым, 2020

417

«Елбасының көзі ұлттық нақыштағы киіміме түсті»

Мен өз басым Елбасымен он бір рет кездесіппін. Соның ішінде ең есімде қалған екі естелікпен бөліскенді жөн көріп отырмын. Ең алғаш 1996 жылы Тараз қалалық Ұлттық технологиялық институтының оқытушысы болып қызмет атқарып жүргенде Елбасы кезекті іс-сапарларының бірінде Тараз шаhарына келіп тоқтаған еді.

Сол жылы Жүсіп Баласағұн атындағы мәдениет сарайында әйелдер съезі өткен болатын. Институттан мені сол съезге делегат етіп жіберді. Ғимараттың екінші қабатында біраз әйелдер тізіліп тұрған едік, баспалдақпен көтеріліп келе жатқан Елбасы көзі от боп жанып, тесіле қарап, дәл маған беттеп келе жатқандай көрінді. «Маған ба, әлде басқа адамға қарап келе жатыр ма мына кісі, о тоба?! Мәссаған, маған келе жатыр ғой?!» деп ойлап үлгергенімше, бірден маған келіп, қолын беріп амандасты, мен қателеспеппін. «Қай жақтансыз?» деді көзіме тіке қарап, «Технологиялық институттан келдім» дедім сасқанымнан. Сол сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы мені басқа облыстан келген делегаттардың бірі деп ойлаған болуы керек, әлде бір танысына ұқсатты ма, ойлы көзбен қарап, қолымнан біраз ұстап тұрып қалды.

Сөйтсем, Нұрсұлтан Әбішұлының қырағы көзі, алашқа тән жүрегі менің ұлттық нақышта оюланып тігілген камзолыма, кестеленіп тігілген жейдеме, түрлі тастармен көмкерілген сырға-білезіктеріме түсіп, сүйсінгені екен. «Шіркін-ай қазақтың барлық қыз-келіншектері де, ақ жаулықты әжелері де дәл осындай ұлттық үлгіде киініп жүрсе нұр үстіне нұр болар еді,ә?! Қандай тамаша, қараңыздаршы!»,-деп, жан-жағымда қаздай тізіліп тұрған нәзік жанды әріптестеріме масаттана, шаттана қарады. Мақтауды кім жек көрсін, Тұңғыш Президентіміздің көзіне түскен мен, сол бақытыма күні бүгінге дейін шексіз ризамын, Жаратқанға сансыз шүкірімді айтып жүремін.

Ғимараттан шығып бара жатқанда, тағы да жанарымыз түйісіп қалды. Маған жымия, риза көңілмен қарап бара жатқан көзқарасы кешегідей көз алдымда.

Екінші кездесуім 2005 жылы Қордай ауданына келген сапарында Тараз қаласында маған Елбасыны гүлмен күтіп алып, шығарып салу бақыты бұйырды. Үлкен жауапкершілікті сезінгенім соншалық - Елбасының алдында аяқ-қолым дірілдеп, жүрексінгенімді жасырмаймын. Ұлт көшбасшысы бұл жолы мені айна-қатесіз таныды.

Жалпы, Елбасымен кездескен әрбір жанның өмірінде бір өзгешелік болады. Менің ғұмырымда өшпес із қалдырған бұл екі кездесу де, бұдан өзге тоғыз жүздесуде де лидерлік қасиетімді оятып, артымнан ерген өнер қырандарыма, аяулы шәкірттеріме білікті де данагөй ұстаз болуыма толағай септігін тигізді. Бұған қоса, киім кию үлгімді өзгертуіме – гардеробымды күні бүгінге дейін ұлттық стильде түрлендіріп отыруыма да мол әсерін берді.

Жаны «қазақ» деп соққан Қазақ елі көшбасшысының денсаулығы зор, күш-қуаты семімесін!

Халқымызды төрткүл дүниеге танытып, нұрлы болашаққа жетелеген Елбасына айтар алғысым шексіз!

Айгүл Кабиева, М.Х.Дулати атындағы

Тараз мемлекеттік университетінің

«Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі,

Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі,

«Әулие-Ата» атындағы қазақ мәдени

орталығы төрағасының орынбасары

Кейін қарай