Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Наурыз, 2020

2070

Елорда мен аймақтағы ҚХА-лар тегін медициналық маскалар мен дәрі-дәрмектерді таратып, жеткізуде

«Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясы аясында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері елорда тұрғындарына, көп балалы отбасыларға, әсіресе егде жастағы адамдарға медициналық маскаларды тарату бойынша қайырымдылық акциясын өткізді.


Елордалық еріктілер, этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің өкілдері 3500 бетперде таратты.

Қазіргі уақытта қайырымдылық шара одан әрі жалғасуда.


Елімізде төтенше жағдайдың орын алуына байланыста, барлық өңірлерде тұрғындарды сақтандыру шаралары қолға алынды. Соңғы бес күн ішінде медициналық маскаларға сұраныс күрт көбейді. Алайда, дәріханалар тұрғындарды толықтай қамтамасыз етуге дәрменсіз.

Қазақ жерінде алғашқы рет орын алып отырған төтенше жағдай кезінде Атырау облысының халқы бірікті. Соңғы үш күн ішінде еріктілер 500-ге жуық медициналық маскаларды тігіп, мүмүкіндігі шектеулі азаматтарға, қарттарға, көп балалы отбасыларға тегін таратты. Атырау өңіріндегі 15 этно-мәдени бірлестік өкілдері бүгіннен бастап күніне 50 ден астам бет-перделер тігіп, халыққа таратуды жоспарлап отыр.


Ал, Исатай аудандық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының еріктілері бұл жұмысты бастап та кетті. Бірнеше күннен бері өз қолдарымен 180-нен астам маскалар тігіп, ауыл тұрғындарына таратты. Әр отбасыға 5-10 маска берілуде. Бұл игі бастама әлі де жалғасатын болады.


Ал Қостанай облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының Еріктілер қозғалысы орталығының еріктілері қалалық емханалардың көмекшілеріне айналды.

Медициналық мекемелердің өкілдері еріктілерге Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен зейнеткерлерге тегін дәрі-дәрмек тарату жөнінде ұсыныс тастады.


«Бізге № 4 емхананың өкілдері қоңырау шалып, мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек таратуға көмектесуімізді сұрады. Біз келістік, себебі елімізде және бүкіл әлемде коронавирустың жайылуымен байланысты келеңсіз жағдай орын алуда. Халыққа көмегіміз ауадай қажет болған кезде біз қарап отыра алмаймыз. Медицина қызметкерлерінің дәрі-дәрмектерді таратуға уақыты жетпейді, ал емделушілер карантин аясында енгізілген шектеулерге байланысты емханаға бара алмайды. Біз медициналық маска киіп, бүгін он мекенжай бойынша дәрі-дәрмек жеткіздік. Жұмысымызды ертең де жалғастырамыз, басқа емханаларға көмектесеміз», - дейді Қазақстан халқы ассамблеясы Еріктілер қозғалысы орталығының төрайымы Анастасия Пушкарева.


Семейдің Достық үйінің еріктерлері қала тұрғындарына медициналық маскаларды таратты. Семей медициналық академиясының ректоры Ерсін Жүнүсов 500 масканы Семей қалалық Достық үйінің этномәдени орталықтарына берді.


«КЕҰ СМУ жанындағы тігіншілер цехы медициналық маскаларды тігетін жұмыс атқарады. Олар ең алдымен университет қызметкерлеріне, университеттік госпиталь медициналық кызметкерлеріне және дәрігерлерге арналған. Бірақ, біз бәріне көмектесуге даярмыз»- деді ол.

ҚХА еріктерлері Антонина Клиновицкая, Ядвига Радионова, Ольга Ушакова, Мария Горбачева қалалық тұрғындарға алдын-алу шараларын еске сала отырып, маскаларды үлестіріп шықты.


Өскеменде «Біздің күшіміз – бірлікте» акциясы аясында Шығыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының еріктілері қала тұрғындарына короновируспен күресуге көмектесті.

Жеке кәсіпкер Тлеужан Сайлауұлының шеберлік сағатына қатыса отырып, еріктілер медициналық маскаларды өз қолдарымен жасады. Керекті құрал жабдықтарды жеке кәсіпкер ұсынды. Дайын маскаларды жастар қала түрғындарына таратып, қауіпті індеттен сақтанудың жолдарымен бөлісті. Адам көп шоғырланған жерлерге бармауды ескертті.


«Бүгінгі күні денсаулығымызға салғырт қарауға болмайды. Сақтық шараларын бұлжытпай орындауымыз керек. Осы орайда көмек қолын созған волонтерлерге алғыс білдіргім келеді», - деді волонтерлердің игі ісіне риза болған қала тұрғыны.

Барлық қала тұрғындарын сабырлыққа шақыра отырып, сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеміз. Қоғамда орын алған мәселе бойынша тек ресми ақпарат көздерінен оқуға шақырамыз

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы коронавирусқа қарсы қадам ретінде медициналық маскалар тігуді қолға алды. Маскалар аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларға тегін таратылуда.


Ұлыстың ұлы күні қарсаңында коронавирустың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған қайырымдылық акциясына өңірдегі меценаттар, «Жаңғыру жолы» ЖҚ белсенділері және волонтерлер қолдау білдірді.

Облыстық ҚХА мүшелері бүгінгі таңнан бастап мата алып, оны өз күштерімен тігуде. Күніне 500-ден астам медициналық маска тігіп, оны тарату үшін бірлесіп, белсенді жұмыс жасауда.

Демалыс күндері Қарағанды облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы штабының өкілдері мен еріктілер ​​қала тұрғындарына медициналық бетперделер тарату акциясын ұйымдастырды.

Соңғы күндері елдегі төтенше жағдайға байланысты қорғаныс құралына сұраныс артты. Дәріханаларда бетперделер жетіспейді, әрі бүкіл тұрғындарды қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр.


Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері мата сатып алып, бетперделерді тіксе, жас еріктілер оларды қала тұрғындарына таратып қана қоймай, сақтық шаралары туралы ақпараттандырды.

«Әлемді, елімізді алаңдатқан пандемияға байланысты сын сағатта құр текке отыра беру жараспайды. Осындай кезде еріктілер жерлестеріне көмектеспегенде қай кезде көмектеседі. Біз бүгін автобус жүргізушілеріне де сақтық құралдарын тараттық. Қоғамдық көлік жүргізушілері күн сайын халықпен ең көп байланыста болатын қоғамның осал топтарының бірі ғой. Бұл шараны ары қарай да жалғастыратын боламыз», - дейді еріктілер.


Кейін қарай