Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Қыркүйек, 2019

1576

Елордада ҚХА-ның арнайы жүлдесі үшін мини-футболдан жарыс өтті

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы жүлдесі үшін мини-футболдан жарыс өтті. Айтулы додада елордалық этномәдени бірлестік өкілдерімен «Nur Otan» партиясы және ҚР Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған күзет қызметінен құрылған командалар жарыс көрігін қыздырды.


Дәстүрлі додаға айналған аталмыш спорттық шара бірнеше жылдан бері достықтың мызғымас күш екенін дәлелдеп келеді. Шараның Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орайласытырылып ұйымдастырылуы да оның маңыздылығының мәнін арттыра түскендей.


Жасыл алаңда «Тигез Егетляр», «Ақбозат», «Якубин», «Ахыска Турик», «Вайнах», «Кок борэ», «Колхети», «Пойтахт», «Сақшы» және «Nur Otan» партиясы» секілді, барлығы 11 команда кездесіп, атаулы кубок үшін күш сынасты.


Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған күзет қызметі ММ-нің бастығының орынбасары Оралбек Омаров мұндай достық кездесулердің командалар арасында ғана емес, жалпы ұлттар мен этностар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсетіндігіне сенім білдірді.

«Біздің командамыз – «Сақшы» аталмыш турнирге қатысу туралы ұсынысты қуана қабыл алды. Спорттық шараның жоғарғы дәрежеде ұйымдастырылғанын айта кету керек. Полиция қызметкерлері достық пен бірлікті қолдай отырып, елде тұрақтылық пен тәртіптің сақталуына күш салады. Мейрамға байланысты, талаптың күшейтілуіне қарамастан, біздің команда турнирден қалыс қала алмады. Осы кіші аяқдоп турниріне екі жылдан бері қатысып келеміз. Спорттың ұлт пен ұлысты бір-біріне жақындастырып, достастыратынын ісімен дәлелдеген этномәдени бірлестіктердің командалары орталық жанындағы спорт десе, ішкен асын жерге қоятын жастардан құрылған», - деді О. Омаров.

Рустам Абдусаламов, «Қазақстандағы ұйғырлардың мәдени орталығы республикалық филиалы» ҚБ-нің төрағасы:

«Аталмыш шаралардың үлкен спорттық қызығушылықпен, шынайылықпен өткізілетіні қуантады. Спорт елді бірлік пен достыққа жұмылдырады. Біз тәуелсіз елде тұрып жатқанымызды мақтанышпен айтуымыз керек. Ел егемендігінің арқасында мұндағы барлық ұлттар мен этностар еркін қоғамда өмір сүруде».

Жасыл алаңға шыққан командалар 4 топқа бөлініп ойнады. Мұнда теңбіл доптың тартысында үздік көрінген командалар жартылай финалға жолдама алды. Нәтижесінде, керемет ойын үлгісін көрсеткен «Вайнах» командасы жеңімпаз болып танылды. Атаулы кубоктан өзге жеңімпазға 150 000 теңге қаржылай сыйлық берілді. 2 орынды қанжылаған «Ақбозат» командасына 100 000 теңге, 3 орынды місе тұтқан «Юнчи» командасына 80 000 теңге қаржылай сыйлық тапсырылды.


Сонымен қатар, ойын қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққан ойыншылар мен жаттықтырушылар да марапаттан құр алақан қалмады.

Атап айтар болсақ, Рустем Хутиев – «Үздік қақпашы», Мансур Дунзуров – «Үздік қорғаушы», Мәди Сүлейменов – «Үздік шабуылшы», Майербек Чатуев – «Үздік жаттықтырушы», Александр Семенцов – «Үздік ойыншы» атақтарына ие болды.

 


Рауан Ескали

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Кейін қарай