Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Қыркүйек, 2019

1842

Елордада корейлердің тоқшылық тойы Чусок аталып өтті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында елордалық корей мәдени орталығының ұйымдастыруымен ұлттық "Чусок" мерекесі аталып өтті. Дәстүрлі мереке күні Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ Сик тарихи отандастарын арнайы келіп құттықтады. Сондай-ақ, аталмыш шараға Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова, Ассамблея мүшелері және елордалық мәдени орталықтардың өкілдері қатысты.


Чусок мерекесі кәріс халқы үшін шығыс күнтізбесіндегі Жаңа жылдан кейінгі маңыздылығы жоғары мереке болып табылады. Бұл күні кәрістер өздерінің ата-аналарын еске алып, олардың мазарларының төңірегін тазартады және қабір басына күздік жиын-терімнің мол олжасын қояды. Еске алу шаралары өткеннен кейін мереке отбасында жалғасын табады. Сондықтан бұл отбасылық мереке болып саналады. Мерекені отбасында қарсы алу үшін бұл күндері Кореяда арнайы демалыс беріледі.


"Халқымыз үшін өнегелілік пен тәрбиенің, ата-анаға құрметтің үлгісі болып табылатын бұл мерекені мен отыз жылдан бері мемлекеттік қызметте болуыма байланысты, отбасымнан жырақта қарсы алуға мәжбүрмін. Алайда, әлемнің әр түкпіріндегі қандастарымның арқасында мереке күні үнемі ұлт дәстүрінің үзілмей сақталып келе жатқанына куә боламын", - дейді бүгінгі кешті ұйымдастырған корей мәдени орталығына алғыс білдірген Елші. Сондай-ақ, ол Қазақстандағы этностық топтардың өкілдерінің өз тарихи отаны мен Қазақстан арасындағы берік көпірге айналғандығын айтып, әр ұлт пен ұлыстың өз шыққан тегін ұмытпай, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруына мүмкіндік берген Қазақстан саясаты көпке үлгі бола алады деді.


Жиында сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы корей мәдени бірлестігінің төрағасы А.Ким, елордалық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова құттықтау сөздерін сөйледі.

Чусок корей тілінен аударғанда күзгі кеш дегенді білдіреді. Чусок – ай күнтізбесі бойынша ай толған кезде 15-күні аталып өтіледі. Бұл күні корей халқы Жер-ананың жомарттығына алғыс айтады. Сондай-ақ, қарт адамдарға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат таратылады.


Сондай-ақ, салтанаты мен сәні жарасқан аталмыш шарада «Самульнори» барабаншылар тобы, "Миссон" бишілер ансамблі, «Чон Рю» халықтық хоры өнер көрсетті.

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша  none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз


Кейін қарай