Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Тамыз, 2019

3980

Елордадағы ҚХА алаңында алғаш рет Құрбан айт мерекесі аталып өтті

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде этномәдени бірлестіктер Құрбан айтта қайырымдылық дастарқан жайды.

Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен өткен бұл іс-шараға «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «SOS Kinderdorf» балалар үйінің тәрбиеленушілері, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, жалпы жүз елуге жуық адам қатысты.

Мерекелік дастарқанда «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Яхия қажы Құран оқып, жиналған қауымды қасиетті Құрбан айт мейрамымен құттықтады.


Осы орайда ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко: «Құрбан айт – Қазақстан халқының мейрамы. Елбасының салиқалы саясатының арқасында бұл мереке тек Ислам діні өкілдеріне ғана емес, барша дінге сенушілерге ортақ мейрам болып отыр. Еліміздің аумақтарын аралап жүрсеңіз, бір алаңда мешіт те, православие шіркеуі де орналасқанын байқауға болады. Оларға кіретін қақпа да бір.

Сонымен қатар мейрамның гуманистік идеясы – әр адамның, халықтың сенімі, сауабының пәлсапасы мен рухани құндылығын арттыру. Мұндай сарынды кез келген діннен кездестіруге болады. Сол себептен де мұны өшпес құндылық деп атайды», – деді Хатшылық меңгерушісінің орынбасары.


Л. Прокопенконың айтуынша, бұл іс-шара қалалық Ассамблея алаңында алғаш рет жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ адамдардың басын қосып, бірлікке шақыру дағдысын одан әрі нығайғанын тілге тиек ете келе, қалалық Ассамблея мен «Қоғамдық келісім» КММ басшылығына алғысын білдірді.


«Ислам діні адамдарды өзара жақындастырады. Елбасының саясатымен аяққа нық тұрып, Тәуелсіз жылдар ішінде келе жатқан бағытымызда ұлтты, мерекелерді бөліп-жармағанбыз. Ассамблея бұл бағытты жалғастыра беретін институт болып қала бермек», – деді Л. Прокопенко.

Сөз соңында қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Қалалық ҚХА Хатшылығы үйлестіру жұмыстарын ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Рустам Абдусаламовқа жүктеп, қайырымдылық іс-шараға ұйғыр, өзбек, шешен, тәжік, түрік, татар, башқұрт, әзірбайжан этномәдени бірлестіктері атсалысып, қаржылай көмек көрсеткен. 

«Әркім барынша көмегін көрсетіп жатыр, ең бастысы – бейбітішілік, жарасымдық және сенім. Дәл бүгін соның барлығы біздің арамыздан табылып отыр. Оның бір айқын дәлелі – бәріміз бір тудың астында күш біріктіріп, маңызды жұмыстарды атқарып келеміз», – деді Р. Абдусаламов.


Сондай-ақ айт мейрамның гуманистік идеясы – адамдардың, халықтардың сенімі мен сауабының пәлсапасы және рухани құндылығын байыту.


Өз кезегінде республикалық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, кәсіпкер Хасан Шәріпов қалалық өзбек этномәдени орталығы Құрбан айт дастарқанына екі жүз жиырма келі палау дайындап, сонша шелпек пісіріп әкелгенін айтты.


Жалпы қайырымдылық дастарқанына сегіз бас ұсақ мал сатып алынып, үш басы ас әзірлеуге, қалғаны мұқтаж жандар мен көпбалалы аналарға үлестіріліп берілді.


ІС-ШАРАНЫҢ ФОТОСУРЕТТЕРІН МЫНА ЖЕРДЕН КӨРУГЕ БОЛАДЫ...

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Кейін қарай