Елордалық кәріс этномәдени орталығы 30 жылдығын атап өтті

Нұр-Сұлтан қаласы кәріс этномәдени орталығы құрылғанына 30 жыл толуына орай үлкен есеп беру концертін ұйымдастырды.


Мерекелік іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының Елшісі Ким Дэ-Сик, Қазақстан кәрістері қауымдастығының Президенті Сергей Огай, елордалық этномәдени бірлестіктердің басшылары және тағы басқалары қатысты.


Көздің жауын алар кәрістің ұлттық көрікті киімі ханбок киген қыз-жігіттер кіре берістен қонақтарды қарсы алып жатты. Фойеде елордалық кәріс этномәдени орталығының шығармашылығынан көрініс ретінде фотокөрме ұйымдастырылды.


Концерттік бағдарлама «Самульнори» ансамблінің барабан шоуымен ашылды.

Елордалық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұралы Айдашев кәріс этномәдени бірлестігін шың жүректен құттықтап, Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің арнайы құттықтау хатын табыстады.


«Мемлекет қолдауы нәтижесінде кәріс тілі мен салт-дәстүрлері өз деңгейінде дамып келеді. Бүгінгі атаулы мерекемізде бізбен бірге болғандарыңыз үшін рахмет», - деді Нұр-Сұлтан қаласы кәріс этномәдени орталығының төрағасы Александр Ким.


Сонымен қатар, кеште Қазақстан кәрістері қауымдастығының Президенті Сергей Огай, Қарағанды облысы кәріс этномәдени орталығынң төрайымы Лилия Ким, «Коре Ильбо» газетінің тілшісі Владимир Сон және елордалық этномәдени бірлестіктердің басшылары жылы лебіздерін арнады.


Биыл «Миссон» би ансамблі «халықтық» деген атауға ие болып, 25 жылдығын тойлауда. Осыған орай ансамбль кеш қонақтарына «Гүлдер», «Көбелектер», «Қуыршақтар», «Айлы түн» және тағы басқа билерін тарту етті. Ал этномәдени орталықтың «Ченрю» хоры әсем әндерімен концерттік бағдарламаның сәнін аша түсті.


Кеш соңында Қазақстан кәрістері қауымдастығы және Нұр-Сұлтан қаласы кәріс этномәдени орталығы атынан орталықтың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен төсбелгілер табысталды.

Back to the list