Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Мамыр, 2016

1614

Ерлікке тағзым

            Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан құрылған «Ақ желкен» жастар лигасы мен этномәдени бірлестіктердің жастары Жеңіс күні қарсаңында «Жеңіске үлкен рахмет!» патриоттық акциясын өткізді.

            Жастар лигасының төрағасы Зайнуддин Махусеев басқарған бір топ жастар аталған  акцияға тиянақты дайындалып ардагерлерге қойылатын сұрақтарын, батыр ақсақалдарымызға берілетін сыйлықтарды да мұқият таңдап дайындады.

            Акцияға қатысушылар мен «Қазақстан-Тараз» телеканалының түсірілім тобын кеудесінде ордендер мен медалдары жарқыраған, қартайғанына қарамастан өте ширақ, аға сержант Нигмат Ахметов өз үйінің алдында жылы қарсы алды.

            Жастар тез арада дастархан жайып, ардагердің жауынгерлік жастық шағы туралы әңгімесін ұйып тыңдады. 1941 жылдың 4 желтоқсанында он тоғыз жасар телеграфист Нигмат Ахметов Жамбыл қаласында жасақталған 105-ші ұлттық кавалерия полкіне шақырылды. Самарқандта дайындық курсынан өткен, Морзе әліппесінің білгірін, дивизия штабына аға радист ретінде кері қайтарды. Одан кейін Москва облысының қантөгіс соғыс болып жатқан Ржев пен Великие Луки жерлеріне 141-ші  полкінің құрамында аттанып кетті. Бірнеше рет жараланса да өзінің жауынгерлік жолдастарымен бірге болу үшін полкті тастамады. Белоруссия, Литва, Латвия жерлеріндегі ұрыстардың барлығына қатысып, Балтық теңізінің жағасында Жеңіс күнін қарсы алды. Ардагердің кеудесінде Даңқ, Қызыл жұлдыз және Ұлы Отан соғысы ордендері мен он шақты медалдары тағылған. Ал Октябрь революциясы мен Ерен еңбегі үшін  медальдарын Нигмат Ахметов соғыстан кейінгі жылдары Жамбыл облысының байланыс жүйесіне сіңірген ерен еңбегі үшін алған екен.

            Жас патриоттар бұл күні басқа да соғыс ардагерлерімен кездесіп, олардың соғыс жылдары туралы әңгімелерін ұйып тыңдады. Николай Фомич Степанов 18 жасында әскер қатарына шақырылған екен.

            Танк атқыштар  әскерінің жауынгері Сергей Афанасьевич Коханов таңғалысын жасырмай, әңгімесін ұйып тыңдап отырған жастарға, Хинган тау жотасына жету үшін Монғолияның сусыз шөлейт жерлері арқылы өтіп, Квантун жапон армиясына қалай жеткендігі туралы айтып берді.

            Кездесулерде ардагерлер мен жастар бірігіп, майдан әндерін орындады. Ардагерлерден естіген осындай ғибратты әңгімелер жастардың өз Отанын сүйіп, қорғау керектігіне ой салып қана қоймай, өздерінің қатарластарына да, болашақ ұрпақтарына жеткізу керектігіне себеп болады. «Жеңіске рахмет!» акциясы өз жалғасын табуда!

   

 

 

 

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі  

Кейін қарай