Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Қыркүйек, 2017

1174

ЭТНОСАРАЛЫҚ МЕДИАЦИЯ

2017 жылдың 26 қыркүйегінде Достық үйінде Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің және Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы медиаторларының қатысуымен «Этносаралық даулардың алдын алу» тақырыбында басқосу болып өтті. Бұл іс-шараның мақсаты Қазақстанның көпэтносты халқының бірлігі мен рухани тұтастығын, татулығын сақтау бойынша күш-жігерді біріктіру болып табылады. 

Жиынды Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахмиджан Жаңабаев ашты. Өз сөзінде ол еліміздің этносаралық келісім мен толеранттылық саласында жеткен жетістіктерін қысқаша айтып өтіп, қазіргі таңда қиындықтар бар екенін де жасырмады. «Бурыл ауылындағы жағдайды еске алайық. Сол секілді қақтығыстардың алдын алу мәселесі – бірнеше институтқа артылған міндет. Олардың қатарында Қоғамдық келісім кеңестері, өңірлердегі «Қоғамдық келісім» КММ, этномәдени бірлестіктер, Ақсақалдар мен аналар кеңестері, Достық үйі жанындағы медиация кабинеттері, әкімдіктер, ішкі саясат бөлімдері және құқық қорғау органдары бар. Осыған орай, диалогтік алаң ретінде Ақсақалдар мен аналар кеңестерінің рөлін арттыру қажет», - деді ол, Ассамблея институттарының маңызын атап көрсете отырып.

Ал өңірлік медиаторлармен жұмыс менеджері Валентина Досыбиева «Этносаралық медиация» тақырыбында таныстырылым жасады. ҚХА медиаторы этносаралық даулардың негізгі түрлері мен туындау себептері мен түрлі дау-жанжалдарды реттеу жолдарын түсіндірді.

Шағын оқыту дәрісінен кейін іс-шараға қатысушылар ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу жолдары бойынша пікір алмасып, дискуссия құрды.

«Кеңестерімізге өңірлік деңгейде этносаралық шиеленістердің алдын алу мәселесі жүктелгені белгілі. Сол себепті жұмыс жоспарына жастармен кездесулерді көптеп енгізу керек деп санаймын, - деп, Аналар кеңесінің мүшесі Людмила Чекалина өз ұсынысын ортаға салды. – Көп жағдайда даулардың ортасында жас жеткіншектер жүреді, сондықтан да жас буынмен диалогтік алаң ұйымдастыру барысында оларды өзге этностардың мәдениеті, салт-дәстүрі мен тұрмысын құрметтеуге баулу қажет».

Дата события ассамблеи: 29.09.2017

Кейін қарай