Қазақстан халқы Ассамблеясы

24 Қыркүйек, 2019

2068

Кәріс ұлтының Қазақ халқына мың алғысы: Қарағандыда Ескерткіш орнатылды

Қарағандыдағы орталық саябақта Қарағанды облысы кәрістерінің қазақ халқына алғысы ретінде естелік белгі орнатылып, оның салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.


Бізді ата-бабаларымыздың ең үздік, асыл дәстүрлерін ұстана отырып, болашаққа бағдар етер темірқазығымыз етіп алуға шақырады.

Саяси қуғын-сүргін және XX ғасырдың жер аударылуының қайғылы жылдарында миллиондаған адамға көмек пен қолдау көрсеткені үшін олардың қазақ халқына деген ризашылығы шексіз. Бұл бәрінен айырылған адамдарға өмір сүруге, үкілі үмітке сенім артуға, өмірлерін қайта бастауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта сол бір зұлмат кезеңнің куәгерлерлері, сондай-ақ қуғын-сүргін дәуірін бастан кешкендердің ұрпақтары Қазақстанның қасиетті жерінен алған қамқорлығы мен халқымыздың қонақжайлылығын ерекше ілтипатпен еске алады. Тарихи жадымызды сақтай отырып және біздің жалпыұлттық құндылықтарымызды көбейте отырып, біз ортақ мақсатымыз - тұрақты, қолайлы және гүлденген Қазақстанды құрудамыз.


«Ескерткіштерді орнату - мұның бәрі болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан тағылымды шара болып табылады. Олар біздің бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүру үшін, гүлденген мемлекет құру үшін біздің ата-бабаларымыздан қандай тар жол, тайғақ кешуден өткендігінен хабардар болуы және оны ұмытпаулары керек. Қазақ халқының даладай пейілі мен мейірімді жүрегі біз үшін аса қастерлі. Тарихи жадымызды сақтай отырып және біздің жалпыұлттық құндылықтарымызды көбейте отырып, біз ортақ мақсатымыз - тұрақты, қолайлы және гүлденген Қазақстанды құрудамыз», - дейді бірлестік төрағасы Лилия Ким. 


Өзің тұратын елге, туған халқына шынайы қарым-қатынас нақты іс-әрекеттерде көрініс табатынын жақсы түсіне білген қарағандылық кәрістер біздің еліміздің және біздің өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосуға белсенді атсалысып келеді. Биыл 30 жылдығын атап өтіп отырған Қарағанды облыстық кәріс орталығы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып құрылды. Сөйтіп, бірден өз жұмыстарын қарқынды жүргізе бастады. Бүгінгі күні орталық барлық өткізілетін облыстық және қалалық іс-шараларға тұрақты түрде атсалысады. 


Қарағанды филиалы, қазіргі Қарағанды облысы кәрістерінің этномәдени бірлестігі бірнеше рет облыс әкімінің сыйлығымен марапатталды. Орталық қызметінің табысы – мемлекеттік органдармен, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен, Білім және мәдениет департаменттерімен, облыстың жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста өркендеп келеді деп айтуға толық негіз бар. Бүгінгі таңда қоғамдық бірлестікті көптеген адамдар үшін: атап айтқанда қызметкерлерді, кәсіпкерлерді, жұмысшыларды, оқушыларды, зейнеткерлер мен олардың балаларын және немерелерін біріктіретін қазыналы орта, өрелі өнегесі мол, шуақты шаңыраққа айналды деп айтуға болады.


Негізгі құрамды сақтай отырып, орталық өз жобалары арқылы жаңа тұлғаларды тауып, олардың есімдерін жұртшылыққа жария етіп келеді. 2017 жылғы бірлестік қызметінің заңды қорытындысы ретінде Қарағанды қаласы әкімінің «Ана тілін насихаттаушы үздік этномәдени орталық» номинациясындағы сыйлығына және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге арналған «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты облыстық байқау-фестивалінде аймағымыздағы 23 этномәдени бірлестігі арасында бас жүлдеге ие болуын атап айтуға болады.

Бұл күні атаулы шараға жастар қанатының мүшелері, студенттер, қоғам қайраткерлері және басқа да этномәдени орталық өкілдері белгітасқа гүл шоқтарын қойып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олардың ішінде «Вайнах» шешен-ингуш орталығының төрағасы Увайс Джанаев та бар.


«Бүгін бізде өте маңызды оқиға орын алып отыр. Кәріс орталығының қазақ халқына алғыс білдіру монументін ашуы-барлығымыз үшін маңызды. Біз қазақтардың қуғын-сүргін кезеңінде этностардың аман қалуына көмектескенін, баспана беріп, бір тілім нанын бөлісіп жегенін әрдайым есте сақтаймыз. Бұл естелік пен алғысымызды мұра етіп ұрпақтан ұрпаққа қалдырып отырамыз», - деді ол.


Бұдан соң, Достық үйінде Қазақстан кәрістері қауымдастығы кеңесінің ІІІ пленумы өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, «Қазақстан кәрістері қауымдастығы» Қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары Ким Роман Ухенович, ақсақалдар алқасы мүшелерінің төрағасы Пак Иван Тимофеевич, тексеру комиссиясының төрағасы Пак Алла Дясуновна, «Қазақстан кәрістері қауымдастығының» президенті Огай Сергей Геннадьевич, барлық аймақтық этномәдени бірлестіктердің өкілдері және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Күн тәртібінде қауымдастық қызметінің бағдарламаларын қабылдау, Қауымдастық басқармасы төралқасының мүшелерін сайлау сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, пленумға қатысушылар Президент Қасым -Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Жолдауын талқылады және қолдады. 


Сергей Огай өз сөзінде Қазақстан кәрістері қауымдастығының негізгі бағыттары Мемлекет басшысы қойған міндеттерді басшылыққа ала отырып айқындалатынын және оның ішінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру екенін атап өтті. Іс-шарада Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың атынан Қарағанды облысы кәрістер этномәдени бірлестігінің өкілдері марапатталды. Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын бірлестікті мерейтойымен құттықтап, Қарағанды облысы ҚХА төрағасы - облыс әкімі атынан алғыс хаттар табыс етті. 


Ерлан Бейсембайұлы Қарағанды кәрістер этномәдени бірлестігінің жұмысы мемлекетіміздің қарқынды дамуына бағытталған ең ауқымды міндеттерді қамтиды және көптеген жобаларды жүзеге асырады, ең алдымен жалпы мемлекеттік міндеттерді шешуге, бірлікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізетіндігіне атап өтті. Жиын соңы мерекелік концертке ұласып, арнайы Алматы қаласынан келген Академиялық кәріс театрының Қазақ еліне мың алғыс музыкалық қойылымы ұсынылды.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Кейін қарай