Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Маусым, 2021

419

Қ.Көшербаев: Ассамблея бұдан әрі мемлекеттік саясаттың жүйеқұраушы институты ретінде дамуы керек

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев елдегі қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау шаралары Қазақстан халқы Ассамблеясын айналып өтпейтінін атады.

«Тақырыптық жоспарлар мен әдіснама аясында арнайы екі кіші комиссия, 11 жұмыс тобы, 17 аймақтық комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Бүгінде республика шеңберіндегі архивтерде зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Шетелдік әріптестерімізбен де бірлескен жұмыстар басталды. Бұл жұмыстарға этномәдени бірлестіктердің өкілдері белсенді қатысуда. Өйткені қуғын-сүргін құрбандарын ақтау кезінде қазақ халқының жүздеген мың азаматтары мен ардақтыларының адал аты ғана ақталып қоймайды. Сонымен қатар, Қазақстанда жер аударылған 62 этнос өкілдеріне қатысты да тарихи әділеттілік орнайды», - деді Мемлекеттік хатшы.

Сонымен қатар, Ассамблея бұдан әрі де қоғамық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жүйеқұраушы институты әрі негізгі элементі ретінде дамуы керектігін атап өтті.

«Бірінші кезекке Ассамблея жұмысын қоғамдық бұқаралық коммуникация тетігі ретінде қамтамасыз ету міндеті шығып отыр. Ол үшін қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер әлеуметтік ақпараттың кең ауқымды алаңдарына шығуы керек. Сапалы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы қоғамдық сананың тәуелсіздікке тірек болатын бірлік мәселесіне трансформациялануын қамтамасыз ету қажет», - деді Қырымбек Көшербае ҚХА кеңейтілген отырысында.

Сондай-ақ, ол қоғамның құрылымындағы этникалық алуандықтың жағымды тәжірибелерін енгізіп, жағымсыз стереотиптерді жоюдың маңызына тоқталды.

«Бәрінен бұрын Ассамблеяның 29-сессиясында белгіленген бірегейлік пен бірлікті дамытудың жаңа кезеңінде мемлекеттік саясат қағидаттарын түсіндіру және енгізу жөніндегі, сондай-ақ осы салада халықты кеңінен ағарту жөніндегі жүйелі жұмысты ұйымдастыру қажет», - деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.

Еліміздегі этномәдени бірлестіктердің жастар қанаты болып саналатын «Жаңғыру жолы» қозғалысының жұмысы жандандырылады.

«Ассамблея жұмысының екінші негізгі бағыты – ұйымның практикалық шараларын, алуан түрлі және көпформатты әлеуметтік жобаларын Мемлекет басшысының елді дамытуға арналған тапсырмаларын орындауға бағыттау. Ассамблея қызметінде негізгі назарды мынадай бағыттарға аудару ұсынылады.

Этносаралық салада Ассамблея мен мемлекеттік саясат жүйесін институционалдық және инфрақұрылымдық нығайтуды жалғастыру қажет. Ассамблеяның жалпы жастар құрамындағы, этномәдени бірлестіктердің жастар қанаты – «Жаңғыру жолы» қозғалысының жұмысын жандандыруға ерекше назар аударылатын болады», -деген Мемлекеттік хатшы Ассамблеяның барлық қоғамдық институттарының жұмысы жаңа форматта іске асу керектігін баса айтты.

«Стратегиялық міндет ретінде біз барлық этно-әлеуметтік топтарды біртұтас ұлтқа біріктіру жөніндегі көпжоспарлы жұмысты жалғастырамыз. Ассамблея құрылымдары - Достық үйлері мен лингвистикалық кабинеттер арқылы мемлекеттік тілді дамыту бойынша күш-жігерді де ұлғайтудың маңызы зор. Ассамблеяның және этномәдени бірлестіктердің әлеуметтік бағдарланған, қайырымдылық қызметін дамыту, сондай-ақ әртүрлі салалардағы волонтерлік институтын дамыту жөнінде шаралар қабылдау жалғасады», - деген Қырымбек Көшербаев аталған міндеттерді іске асыру үшін этномәдени бірлестіктер мен Достық үйлерінің жанындағы қайырымдылық және волонтерлік ұйымдардың, мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысына жағдай жасап, материалдық-техникалық базасын нығайту жөнінде шаралар қабылдауды қажеттігін атады.

«Этностарды қазақ халқының айналасындағы біріктіру мен топтастырудың орталығы ретінде достық үйлерінің жұмысын құруға тұжырымдамалық, жаңаша көзқарас қажет», - деді Мемлекеттік хатшы.

inform.kz


Кейін қарай