Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Сәуір, 2020

1126

Камал Әлпейісова: «Бас-басына би болған» заманда «жур­налист өз арын төреші етіп жазуы керек-ті»

Философ, жазушы, өз за­манының аса көрнекті сын­шысы Джордж Бернард Шоу «Қолынан келгендер іс қылады, ал келмейтіндер бас­қаларға ақыл айтады» де­ген екен. Қазір әлеуметтік желі­дегі, кейбір газеттердегі кеу­демсоқ, әсіре ұраншыл пі­кірлерді көргенде «Біз­дегі ақыл айтқыштарға арнал­ғандай екен» деген ой қылаң береді.

Қазір ақыл айтушылардың жас шамасы да, ақыл айту объектілері де өзгерген. Үй тірлігіндегі ұсақ-түйектен бастап, мекеме, ауыл, қа­ла басшыларына дейін, тіпті жо­ғары биліктегілерге мін тағып, мемлекеттік саясатты қалай жүр­гізу керегі туралы да ақыл айтатын­дар көп-ақ. Телеэфирлерде де, әлеу­меттік желіде де, газеттерде де солай болып барады. Абай бабамыз «бас-басына би болған» дегенде осын­дай, тек өз айтқанын жөн дей­тін­дерді көріп, күйінген де болар, бәлкім…

Оларға тән ортақ белгі – қа­шанда жақсылықты айтуға сараң­дығы, көретіндері кемшілік қана. Бір кемшілікті көре қалса, жалғанға жар сала айтып, қазіргі кезде онсыз да негатив фактілерді желеу етіп, бұрқ ете қалуға даяр қоғамға бір шоқ­ты тастап жібереді. «Оның салдары қандай болады, ел дүрлігіп, жағдай ушығып кетпей ме?» деген ойлар қаперіне кірмейтін сияқты. Біздің қолымызға қалам алдырған да сондай мақаланың бірі.

Жуырда «Жас алаш» газетінде «Батыр Жасұлан» деген автордың (бүркеншік ат болуы да мүмкін) «Ассамблея, сені қайтейін?» де­ген мақаласы шықты. Көңіліне келуі мүмкін, бірақ шыны сол: мақаланың еш жаңалығы жоқ, тапсырыспен, соңғы кездегі жал­пылама дүрбелеңге үн қосу үшін жазылғаны көрініп тұр. Мақаланың басында да, ортасында да, аяғында да, реті келсін-келмесін, «этнос өкілдері қазақша сөйлемейді» де­ген пікірді тықпалай берген. Соның бәріне кінәлі Ассамблея екен. Автордың тіл мәселесін (қа­зақтың жанды жері ғой) қайта-қайта алға тартып, қазақтардың намысын қамшылап, этностарға айдап салғысы келген ниетін бай­қамау мүмкін емес.

Осыдан келіп, автордың шын­дығында да этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді игеруіне алаңдап отырғаны күмән тудырады. Өйткені оның тақырыпты еш зерделемегені, елде шу шығуына себеп болған кейбір материалдардың әуенімен жазғаны көрініп тұр. Тым болмаса, Ассамблеяның бұл бағытта істеп жатқан жұмыстарының бір-екеуін айтып, сынаса немесе «сол-ақ па?» деп азырқанса да, сенімдірек шы­ғар еді.

Оқырманға Қазақстан халқы Ассамблеясының пайда болуының алғышарттары, қызметі туралы объективті ақпарат бермей жа­тып, сынап-мінеп, «түк істемей отыр, пай­дасы жоқ» деген «үкім» шығарып тастайды.

Білетіндерге бұл жаңалық емес, білмейтіндер үшін айта кетейік: тәуелсіздікті бізге ешкім тарту ет­кен жоқ, оған қазақ халқын бо­данда ұстағысы келгендермен жан беріп, жан алысқан тартыста қол жетті. Бүгінгі ұрпақтың біразы, соның ішінде «Ассамблея керек емес» деп ұрандайтындар да бар, 1990 жылдары еліміздің біресе батысында, біресе шығысында сепаратистер бас көтеріп, кең-бай­тақ жерімізге көз тіккендер қазақ жерін бөліп алуға ұмтылғанын біле бермейді.

Оралдағы казактардың орыс тілін жергілікті жердің ресми тілі деп жариялауды талап еткенін, Өскемендегі «Русская земля» деген ұйым мемлекет ішінен мемлекет құрып, қос азаматтық енгізгісі келгенін, олардың жолын кесу үшін биліктің қанша күш жұмсағанын олар білмейтін тәрізді. Бұл жерде маңыздысы – нәтиже, итальян жазушысы әрі саяси қайраткер Никколо Макиавеллиге телінетін «жеңіске жету үшін қолданылған амалдардың бәрі дұрыс» екені.

Еліміздегі Достық үйлерінің ең алғашқысы сол кезде, тіпті тәуелсіздікке дейін Өскеменде ашылуының да сыры осында Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Жар­лығымен этностар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін рес­пуб­ликалық қоғамдық ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының астарында да елдің тұтастығын сақтау сияқты қасиетті мән жатыр.

Біз тілге тиек еткен мақалада қоғамның ақиқатты білу құқығына құрметпен қарап, осы және басқа да жайлар қамтылған жағдайда, сөз болып отырған органның ел ішіндегі тыныштықты сақ­тау жо­лындағы дабыралап айта бер­мейтін қызметі туралы ақпараты мол, тарихи-танымдық мәні зор мақала дүниеге келер еді. Негізінде, конс­титуциялық мәртебесі бар құры­лым қызметі туралы жазатын болғандықтан, автор міндетіне сәл де болса жауапкершілікпен қарауы керек еді. Бұл органда материал сұраған БАҚ өкілдерінің меселін ешкім қайтарған емес.

Мақаланың эмоцияға құрыл­ғанын, нақты дерек келтірілмеген жалаңдығын, материалдың маз­мұны сын көтермейтінін өздері де байқаған болар. Редакция келесі күні-ақ электронды нұсқасын алып тастапты. Осының өзінен көп жайды аңғаруға болмай ма?

Сонда бұл жарияланымның мақсаты не? Қазақ пен этностарды бір-біріне қарсы қою ма? Егер біреулер соған еріп, арандаса, ел ішіне іріткі түссе, автор, басылым не ұтпақ?

Бір нәрсе анық: оқырмандар, олардың артында тұрған халық этнос өкілдері қазақ тілін үйренуі үшін Ассамблея тарапынан жүр­гізіліп жатқан жұмысты білуі ке­рек. Негізінен, көзі қарақты оқыр­ман ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, көріп, естіп жүргені анық. Керек ақпаратты Ассамблея сайтынан да табуға болады. Дегенмен орайы келіп тұрған соң, мақалада қойыл­ған сұраққа аз-кем ақпарат бере кеткен жөн болар.

2015 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының бала­лардың мемлекеттік тілді үй­ре­­нуіне арналған «Мың бала» рес­публикалық мәдени-ағарту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оған қоса, ғалым-ұстаздардың басқа ұлт балаларына қазақ тілін оқытуға арналған әдістемеліктер жазуына конкурс жарияланып, ең үздіктерін сынақтан өткізуге ар­налған бір апталық «Тіл мек­тебі» жұмыс істейді. Сол кезде ұс­таздар әр өңірден жиналған этнос балаларымен жұмыс істеп, әдістемесінің өміршеңдігіне көз жеткізеді.

Жобаның атауы да «Жылына кем дегенде этностың мың ба­ласы қазақ тілін үйренсе» деген тілектен туындаған-ды. Іс жүзінде нәтиже біздің ойлағанымыздан әлденеше есе асып түсті. Алғашқы жылдың өзінде республика бо­йын­ша 44 797 бала қазақ тілін үй­ренсе, бұл көрсеткіш жылма-жыл өсе берді. 2019 жылы жобаға тартылғандардың жалпы саны 383 690-ға жетіп, мемлекеттік тіл­ді еркін меңгерген 73 472 бала фи­налға шықты.

Автор ол балалардың тек қазақша сөйлеп қоймай, қазақ ән­дерін шырқайтынын, Бұқар, Кердері, Ақтамберді, Мұрын, т.б. жыраулардың толғауларын, қа­зақ ақындарының жырларын оқи­тынын көрсе, бұл мақаланы жаз­бас еді. Ал шын патриот бол­са, балалардың мақал-мәтел ай­тып сайысып, туған жерге (Қа­зақстанға) арнап қазақ тілінде жаз­ған балауса жырларын жүрегі елжіреп тыңдар еді.

Былтырдың өзінде «Мың ба­ла» жобасы аясында республика бойынша «Тіл мектебі», шешендік өнерге баулитын «Асыл сөз» мек­тебі, латын графикасын үйрету бойынша Sen de bir kirpish dúnіege… шығармашылық конкурсы мен әлеуметтік желілерде Ózіm týraly акциясы, қазақ тілін ұлттық ойын­дармен ұштастыра оқытуға ар­налған «Тиімді тілдік орта» ойын алаңы сияқты жобалар нәтижелі жұмыс жүргізді. Өңірлердің басқа да өзіндік жобалары баршылық.

Соның бірі – мектеп және кол­ледж оқушыларының 14-22 жас аралығындағы этнос өкілдері арасында өткізілген «Тіл – мем­лекет тәуелсіздігінің символы» ат­ты олимпиада. Елордада қалалық кезеңнің өзіне 150 талапкердің қатысуы мемлекеттік тілді үйренуге этнос өкілдерінің ынталылығын көрсетсе керек.

Айтқандай, былтыр «Мың бала» жобасы туралы БАҚ-та 2 033 материал жарық көрді.

2016 жылдан бастап тіл мере­кесі қарсаңында тұрақты түрде рес­публикалық диктант өткізіледі. Бұл – барша этнос өкілдеріне мем­лекеттік тілді үйрету арқылы ел бірлігін нығайтуды көздейтін іс-шара. Егер бірінші жылы 140 989 адам диктант жазса, былтыр латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиімен диктант жазуға 395 549 адам қатысты.

2017 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Алғыс айту күніне арнап, «Ризамын, елім, саған!» атты бейнеролик шығарды. Онда этнос өкілдері Н.Надиров, Л.Хочиева, А.Пириев бастап, еліміздің талантты ұл-қыздары қостап, мемлекеттік тілде қазақ елі­не алғыс айтады. Міне, 3 жыл бол­ды, ролик ел телеарналарынан үзбестен көрсетіліп келеді, оны облыстық ассамблеялар өңірлерде тұратын этнос өкілдерімен өз іс-шараларында қайталауда. Сөйтіп, идея бүкіл елге таралып жатыр. Биыл «Мың алғыс» концертінде жиналған жұрт роликтегі өлеңдерді В.Тен, А.Пириев, М.Рожин, С.Тара­сованың сахнадан оқығанын тыңдады. Бұл – қазақ тіліне деген қызығушылықтың артып келе жат­қанының көрінісі.

1 шілде – Ұлттық домбыра күні Қазақстанның барлық өңіріндегі перзентханаларда «Айналайын!» ак­­циясы өткізіледі. Онда жер­гілікті Ассамблея басшылары дүниеге келген алғашқы сәбиге (ұлтына қарамастан) домбыра мен құттықтаухат тарту етеді. Қа­зақстанның кішкентай азама­тының алғашқы сыйлығы – «Ай­налайын!» деп басталатын, қазақ тілінде жазылған хат пен домбыра болуының астарында оның тілі қазақ болып шығуын, рухы қазақ болуын көздеген үлкен мән жатыр.

Өткен жазда ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған челленд­жге қазақстандық этностар да белсене қатысты. Әлеуметтік же­лілерде түр-түсі бөлек, тілі бір отан­дастарымыздың оқы­ған өлең­дерін жұртшылық жылы қа­былдады. Өңірлерден суырылып шық­қан­дарды орталық телеарналардан көрсетіп, тағы бірнешеуі Абай жылының басталуына арналған салтанатты жиынға қатысты. Ұлы ақын шығармашылығына бойлау – бір күндік нәрсе емес, оның әлемге Абайды сыйлаған халықтың тіліне деген шексіз сүйіспеншіліктен туатыны анық.

Келтірілген мысалдар қазақ­стандық этностардың мемлекеттік тілді үйренуі үшін Ассамблея атқарып жатқан жұмыстың бір бө­лігі ғана екенін айта кеткіміз ке­леді. Қай мемлекетте болмасын, этносаяси қызметтің жалғанға жария етілмей жүргізілетіні белгілі. Көзі ашық, көкірегі ояу жандар, соның ішінде журналистер мұны жақсы біледі. Біз жалпы оқырман үшін аз-кем ақпарат беруді мақсат еттік.

Біздің ұстаздарымыз «жур­налист өз арын төреші етіп жазуы керек» дейтін. ЮНЕСКО 1983 жылы қабылдаған «Журна­лис­тикадағы кәсіби әдептің халық­аралық принциптерінде» оқиғаны объективті жазып-көрсету – жур­налистің парызы деп атап көр­сетілген. Біз тілге тиек етіп отыр­ған мақала авторына (бәлкім, еңбек жолын енді бастаған жас маман болар) нағыз журналистер парызына адал болатынын, әр жазбасында белгілі бір топтардың, әлдебір меке­менің мүддесі емес, ел мүддесі биік тұруы тиіс екенін айтқымыз келеді.

Камал Әлпейісова,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

aikyn.kz

Кейін қарай