Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Қыркүйек, 2020

3172

«Кешіккен кездесу» кітабы оқырманға жол тартты

Қазақстан халқы Ассамблеясы грузин ақыны Маквала Гонашвилидің кітабын таныстырды

Бүгін Алматы қаласындағы республикалық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы грузин ақыны Маквала Гонашвилидің «Кешіккен кездесу» атты жыр жинағының таныстырылымын өткізді. Кітап Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен қазақ тілінде жарық көрді.

Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев, қазақтың танымал ақыны және кітаптың аудармашысы, Ғалым Жайлыбай, ҚХА және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Қазақстан оқырмандарын белгілі грузин ақыны, Грузияның еңбек сіңірген қайраткері Маквала Гонашвилидің шығармаларымен таныстырылымы онлайн және офлайн режімде және ZOOM платформасы арқылы өтті. Сонымен бірге Грузиямен онлайн режімде байланыс орнатылды.


Кітаптың алғы сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев:

–«Осыдан ІІІ ғасыр бұрын, дәлірек айтқанда 1712 жылдың қазан айында Грузияның Вахтанг VI патшасының ұйғарымымен ұлы грузин ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастаны тұңғыш грузин баспаханасында, алғашқы грузин кітабы болып басылып шықты. Тас үгітер уақыт толқыны ұлы жырға ешбір сызат түсірмей жанымызға мейірім мен шуақ сыйлап, ғасырлар бойы адамзат баласымен бірге жасап XXI ғасырға жетті. 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған жас қазақ жауынгері Хамза Абдуллин Шота Руставелидің кітабын қолдорбасына салып майданға бірге кірген. Оны сын сағатта сырласар, мұңдасар серігіне айналдырған Хамза ақын қасиетті кітапты көзінің қарашығындай сақтап отқа түсірмей, оққа ұшырмай майданнан елге алып келген. Хамзаның аман-сау оралуына да ұлы ақын киесі шапағатшы болған шығар. Содан грузин ақынының ұлы дастанын жас қазақ солдаты ширек ғасыр бойы аударады. Қазақтың кемеңгер жазушысы Ғабит Мүсірепов: «бұл ерек аударма. Екі елдің мәдени кеңістігіндегі аса елеулі құбылыс» деп бағалаған. 1937 жылы желтоқсанда ұлы Жамбыл бабамыз Тбилисида өткен Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдық тойына барады. Сол сапарда көрген-түйгендерінен Жамбыл ақын «Кавказға сәлем», «Ақынға», «Тынық Донның ұлдары» секілді бірнеше өлеңдерін жазды. ХХ ғасырдың ұлы жырауы, жүз жасаған Жамбыл бабамыз: «Жайнаған Грузиннің жас ұлына, Көз түсті тауда жортқан асылына. Түнерген тау басына тұмандайын, Ізіндей я жолбарыс жасырына. Шотаның шырқап салған жыры арналған, Келешек жас өспірім ғасырына» деп жырлайды. Осының бәрі өткеннен бізге аманат өріс табар өнеге. Қазақтың танымал ақыны Ғалым Жайлыбайдың бастамасымен қазақ тіліне аударылып, бүгін қоларымызға тиіп отырған осы жинақтың өн бойынан адамға деген, елге, жерге деген мейірім мен шуақ самалы еседі» деп атап өтеді.

Одан кейін сөз кезегі қазақтың танымал ақыны, кітаптың аудармашысы Ғалым Жайлыбайға берілді.

–Қадірлі оқырман қауым бүгін қазақ руханиятында үлкен жаңалық. Көптеген жылдар араға салып, Грузияның еңбек сіңірген қайраткері Маквала Гонашвилидің бүгінгі «Кешіккен кездесу» кітабының тұсаукесері өткелі отыр. Жыр жинағының алғы сөзін жазған Жансейіт Түймебаев мырзаға және кітаптың аудармасымен айналысқан ақындар қауымына алғысымды білдіремін. Бұл кітап өте тез шықты. Жыр-жинақты аудару барысында көптеген аудармашылар мен ақындар жұмылдырылды. Олардың арасында қазақтың үлкен ақыны Бауыржан Жақып, жас ақын Мирас Асан, Бақытбек Бәпішұлы, Абай Ораз, Гүлбақыт Хасен және Батырхан Сәрсенхан сияқты көптеген ақындар жұмыс істеді. «Кешіккен кездесудің» жарық көруіне Қазақстан халқы Ассамблеясы себепкер болды, – деді Ғалым Жайлыбай.


Ақын сонымен қатар кітаптың өте жоғары дәрежеде аударылғандығын атап өтіп, үлкен таралыммен шыққандығын тілге тиек етті. Және де жыр жинағының жарық көруіне қолдау көрсеткен Қазақстан және грузин халқы өкілдеріне де алғысын білдірді.

–Бүгінгі кездесуде баршаңызды көріп отырғаныма ризамын. Әрбір жақсы кездесу, әрбір қуанышты іс-шара бізді қанаттандырып, алға ұмтылдырады. Мен осы қуанышты жаңалықты естігенде қатты қуандым. Маквала менің жерлесім. Оның шығармашылығы Қазақстанда қазақ тіліне ауарылады дегенді естігенде мен екі есе қуандым. Мен де Грузияда дүниеге келдім. Біршама уақыт сонда тұрдым. Одан кейін сол жақтан Қазақстанға институтқа түсуге келдім. Сол кезден бастап осында өмір сүріп жатырмын. Сондықтан менің екі республикам бар. Ол екеуі де мен үшін жақын әрі қымбат. Біреуі мені дүниеге әкелді. Екіншісі мені тәрбиеледі. Сондықтан да Макваланың кітабының қазақ тіліне аударылғаны өте жақсы жаңалық. Екі елдің арасында алтын көпірге айналатын осындай іс-шаралар көп болсын. Шығармашылық екі елді жақындатады. Және де біздің достығымыздың нығаюына үлкен әсерін тигізеді, – деді Атырау қаласындағы «Иверия» Грузин этномәдени орталығының төрағасы Зураб Бобохидзе.

Сонымен қатар Зураб Гидеванович кітаптың аударылып жарық көруіне қолдау көрсеткендердің бірі болып табылады.

Бүгінде грузин ақынының шығармалары орыс, украин, болгар, итальян, ағылшын тілдеріне және Балтық елдері халықтарының тілдеріне аударылған. Сонымен қатар Маквала шетел поэзиясын аударумен айналысады. Он алты кітаптың авторы. Галактион Табидзе, Анна Каладзе, Илья Чавчавадзе атындағы сыйлықтардың лауреаты. Маквала Гонашвили 1959 жылы Кахетияда дүниеге келген. Оның шығармалары қатарына драматургия, өлеңдер, поэтикалық жинақтар мен балаларға арналған пьесалар кіреді. Маквала Гонашвили 2004-2008 жылдары Грузия Журналистер одағының төрайымы болып сайланған.

–Мен Маквалламен 1987 жылдан бері таныспын. Алғашқы таныстығымыз Алматыда өткен Жазушылар фестивальінде болған еді. Біздің өлеңдеріміз сол кездері «Парус времени», «Бір кеменің үстінде» деген жинақтарда жарық көрді. Былтырғы жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен форумда тағы да Маклавамен жүздестік. Бүгінгі тұсауын кескелі отырған «Кешіккен кездесу» деп аталатын жыр-жинағындағы бірнеше өлеңді аудардым, – деді филология ғыымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып.

Одан кейін Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бауыржан Жақып грузин ақыны Макваланың «Кешіккен кездесу» жыр-жинағына еніп, қазақ тіліне аударған өлең жолдарын тікелей эфирде оқып берді.

– Маклава танымал ақын. Оны тек Грузин халқына ғана емес, әлем елдері таниды. Шығармалары да көптеген тілдерге аударылған. Маклава біз сізбен мақтанамыз. Сіз Грузин елінің бейнесісіз. Грузин халқының әдебиеті мен мәдениетін танытып жүргеніңізге алғысымды білдіремін. Осы кітаптың жарық көруіне себепкер болған барша жандарға рахмет айтамын. Қазақстан және Грузия мемлекеттерінің Жазушылар Одағы осы аударма дәстүрін алдағы уақытта да жалғастырмақшы. Бұл тарихи сәт деп білемін. – деді Алматы қаласындағы Грузин этномәдени орталығының басшысы Елгуджа Абхазава.

Ал ақын Құрманғали Қуанышбай:

– Кеңес кезеңінде де грузин халқы қазақ поэзиясын аударған. Сол дәстүрдің қайта жаңғырғанын қалаймын. «Кешіккен кездесу» кітабының мазмұндалуы мен көремделуі керемет. Грузин ақынның шығармашылығының Қазақстанға келуі құтты болсын, – деді.

Одан кейін зиялы өкілдер ортасында кітаптың тұсауы кесілгеннен кейін сөз кезегі грузин ақыны Маквала Гонашвилиге берілді. Ол өз сөзінде:

– Мен қазақ халқын жақсы көремін. Кітаптың аудармасына атсалысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Әлемде тыныштық болсын! Баршамызды шуақты, бейбіт күндерде кездесуге жазсын, – деп сөзін қысқаша қайырды,– деді грузин ақыны Маквала Ганашвили.

Қап тауынан алғаш рет жетіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен қазақ тілінде жарық көрген игі бастама нәтижелі болсын.

Кейін қарай