Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Сәуір, 2022

564

ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығы жаңа асуларды бағындыруда

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі М.А.Әзілхановтың төрағалығымен ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығын трансформациялау бойынша жұмыс отырысы өтті.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, жергілікті атқарушы органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Ассамблеяның Кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері қатысты.

Алғы сөзінде Марат Әзілханов ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы мүшелерінің қоғамдық келісімді одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасаудағы жұмысына жоғары бағасын берді.

«Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылы «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде бірлікті нығайту тетіктерін жетілдіру және дамытуға орай Ассамблея қызметінде ауқымды реформалар бастадық. ҚХА құрылымдарын жаңғырту бағыттарының бірі Кәсіпкерлер қауымдастығын трансформациялау болып табылады. ҚХА-ның барлық қоғамдық құрылымдарын жаңғырту және алға жылжыту үшін мақсаттар мен міндеттерді барынша қайта ойластырып, қауымдастық қызметінің бағыттары мен жұмыс жоспарын жаңғыртатын уақыт келді деп ойлаймын», - деді Ассамблея Төрағасының орынбасары.


Сонымен қатар, Марат Әзілханов қауымдастықтың трансформациясы бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жетілдіру аясында ағымдағы айда Нұр-Сұлтан қаласында Бірыңғай фронт-офис ашылатынын атап өтті. Ол қауымдастық жұмысының барлық бағыттарын үйлестіріп, кәсіпкерлермен тұрақты кері байланысты қамтамасыз ететінін және қауымдастықпен тығыз өзара іс-қимылда ҚХА республикалық қоры жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

Өз кезегінде «Дустлик» Қазақстан өзбектерінің этномәдени бірлестіктерінің қауымдастығы» ЗТБ төрағасының орынбасары әрбір қазақстандық Қазақстанда әзірленген және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған идеялар мен бағдарламаларды іске асыруға үлесін қосу үшін бар күш-жігерін салуы тиіс екенін атап өтті.

«Шағын бизнесті дамыту – сайып келгенде, азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту болып табылады. Бизнес-қоғамдастық біздің азаматтарымыздың игілігі үшін өз жобаларын іске асыруда әлеуетті және белсенді адамдарға қолдау көрсетіп, бар күш-жігерін салуы тиіс. Біздің әрқайсымыз осы қызметте өзіміз үшін ешқандай жеке пайда іздемейтінімізді сеніммен айта аламын. Басты мақсат – Қазақстанның кемел келешегі үшін еңбек ету. Мен осында туып өстім. Менің басты міндетім – Отаным – Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосу», – деді Абдулла Исматуллаев.

Сондай-ақ отырыс барысында қатысушылар ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені туралы хабардар етілді.

ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының жаңа президенті болып Қайрат Орынбайұлы Айтбай сайланды.

Өз баяндамасында ол Қауымдастық қызметін жедел түрде жақсарту бойынша маңызды міндеттерді шешуге толық дайындығын білдірді.

«Бүгінде біздің қызметімізді трансформациялау бойынша үлкен жұмыс күтіп тұрғаны анық. Кәсіпкерлік секторды дамытпайынша елде тұрақты экономикалық өсу де, адам өмірін жақсарту да болмайтынын ұғыну керек. Сондықтан қазір алдымызда тұрған әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуде негізгі тиімді құралдарды белсенді түрде арттыру маңызды», - деді ол.


Сонымен қатар, қауымдастық қызметінің өзекті мәселелері мен ұсыныстарын талқылауды қорытындылай келе, М.Әзілханов оны транспаренттілік, тиімділік және ашықтық қағидаттарында трансформациялау бойынша бірқатар басты міндеттерді атап өтті.

«Бірінші кезектегі міндеттерді орындау шеңберінде:

- артық бюрократия мен кедергілерге жол бермеу үшін менеджмент тиімділігін арттыру мен тапсырыс берушіні бағдарлауды Қауымдастықты дамытудың негізгі шарты ретінде қолдану;

- Қауымдастық мүшелерінің мәселелерін жедел түрде бірінші кезекте шешу, ол үшін Үкіметпен және Парламенттегі ҚХА депутаттық корпусымен байланыс орнату;

- шетелдік инвесторлармен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және елге инвестициялар тарту үшін іскерлік байланыстарды белсенді дамыту;

- Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің кәсіпкерлерін шет елдермен екіжақты іскерлік кеңестерге белсенді түрде ілгерілету;

- түрлі этностар кәсіпкерлерінің тарихи шығу тегі бар елдермен және ҚР уәкілетті мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылын жолға қою;

- жастардың стартаптары мен бизнес-идеяларын іріктеу, сондай-ақ оларды құзыретті мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдарға жолдау үшін алаң ұйымдастыру», – деп түйіндеді М.Әзілханов.

Өз кезегінде, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары И.Ю. Буларов, Ш.А. Осин, Ә.М. Хамедов, А.П. Рау, А.Р. Амирханян, Ю.В. Ли Қауымдастық қызметінің жүйесін жетілдіру және туындаған мәселелерді жедел шешу үшін осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, алдағы уақытта да белсенді өзара іс-қимыл жасауға дайын екендіктерін білдірді.

Кездесу соңында Марат Әзілханов барлық қатысушыларға белсенді еңбектері үшін алғысын айтып, оларға Қазақстан азаматтарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыру үшін жағдай жасауда одан әрі табыс тіледі.

Анықтама үшін: Қазақстан халқы Ассамблеясының кәсіпкерлер қауымдастығы 2011 жылы құрылған.

Оның жұмысының негізгі мақсаты – экономикалық қызметтің әртүрлі салаларында оның мүшелерінің Кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, Қазақстанға инвестициялар, инновациялар мен технологияларды тарту, қоғамды әлеуметтік жаңғыртуға жәрдемдесу, бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғау және кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру процесіне қатысу.

Қауымдастық кәсіпорындар мен бизнес-құрылымдардың басшыларын – ҚХА мүшелерін біріктіреді.

Кейін қарай