Қазақстан халқы Ассамблеясы

21 Қазан, 2021

891

ҚХА мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысына пікір білдірді

2021 жылдың 21 қазанында Елордада Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Соған орай, ҚХА мүшелері этномәдени бірлестік өкілдері пікір білдірген еді.

ҚХА кеңейтілген отырысындағы өзекті мәселелер бұрынғыдан өзгеше қарастырылды. «Этносаралық қатынастарға қатысты проблемаларды шешпеске болмайды», - деді Президент Қ.Тоқаев. Президенттің айтуынша, еліміздің ауылдық жерлерінде және қалаларындағы этникалық аудандар мен орамдардың пайда болуының теріс үрдісін еңсеру үшін жүйелі шаралар әзірлеу қажет. Этностардың әлеуметтік-экономикалық интеграциясы саясатын мақсатты түрде жүргізетінін және олардың қақтығыстарға ұласуын болдырмау үшін мен де қақтығыстардың алдын алу үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырамы. Ел арасын арандатушылардың әлеуметтік желіде отырып, ассамблея жөнінде түрлі жағымсыз пікір қалдыратын «сарапшыларға», басқа да БАҚ беттерінде ассамблеяның атқаратын міндеттерінен бейхабар жандардың сөздеріне мән берудің еш қажеті жоқ. "Бірлік түбі - тірлік". Бірлесіп осы салада атсалысуға аянбай бар күшімізді саламыз. Үлкен боп болашағымыз үшін жастардың санасына өз ақыл-кеңесімізді сіңдіреміз деген үміттемін.

Сабри Асанов,

Жамбыл аудандық "Барбанг" күрділер қауымдастығының

"Ақсақалдар кеңесінің" төрағасы,

Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі

***

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті, ҚХА төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысын тікелей эфирден көріп, мұқият тыңдадым.

Спикерлердің біртұтас мемлекетіміздің келісімі мен бірлігін сақтау маңыздылығы, оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы ретінде мемлекеттік тілді оқыту мәселелері, интернет және жасөспірімдерді тәрбиелеу мәселелері, балаларға арналған медиа-контент қалыптастыру, кибербуллинг, көп балалы аналарды қолдау сияқты тақырыптары өте мазмұнды болды.

Сондай ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдардың қоғамдағы бірлік пен келісімді қамтамасыз ету саласындағы қызметі мен міндеттерінің басымдықтарын атап өтті және ұлтаралық кемсітушілік пен жанжалдарға жол бермеу, арандатулар мен этностар арасындағы бейбітшілік пен келісімді бұзғысы келетін әлдекімдердің әрекеттерін болдырмау қажеттігіне назар аударды. Әлбетте, оны мемлекеттік саясатты дұрыс насихаттап, іріткі салушылардың соңынан ермей, саналы түрде бір мүддеге жұмылу арқылы жүзеге асырамыз.

Интернеттегі заңнамаға қайшы контентпен күрес, кибербуллингке қарсы іс-қимыл жөніндегі азаматтық бастамаларға жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды.

Нақты тапсырмалар мен өзекті де маңызды ұсыныстар ортаға салынған алқалы кеңес болды.

Ирина Салагина,

Қарағанды оьлысы “Рідне слово” украин тілі серіктестігінің төрайымы

***

Бүгін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда достық дәнекеріне, татулық тұғырына айналған құрылымның жұмысын одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндеттер қаралды. Осы орайда қоғамдық келісім мекемелері қызметкерлерінің жалақысын көбейту туралы мәселе орынды деп ойлаймын.

«Екінші мәселе – жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру. Біз былтыр әр өңірдің ішкі саясат басқармасынан жеке бөлім аштық. Осы бөлімдерге қолдау көрсетіп, жұмысын жандандыра түсу керек. Оған өз құзіретіне кірмейтін тапсырма берілмеуі қажет. Әркім өзіне жүктелген міндетті атқаруға тиіс. Қоғамдық келісім мекемесінің де қызметіне қатысты осы талапты ұстануға тиіспіз. Аталған ұжымдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын көбейткен жөн», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы этносаралық қатынас саласындағы өңірлік құрылымдарды мамандармен қамтамасыз етуге де баса назар аудару керектігін айтты.

Мемлекет басшысының «Жаңғыру жолы» қозғалысын қайта құру туралы тапсырмасының да маңызы зор.

Бұл тұрғыда Президент «Ассамблея жастармен жүргізілетін жұмысқа баса назар аударуға тиіс. Әрине, бұл салада тәжірибеміз бар. Соны одан ары дамыта берген жөн. Мысалы, Big 7 деп аталған жоба аясында еліміздегі көптеген жастар ұйымы «Жаңғыру жолы» республикалық қоғалысының айналасына топтасты. Олар өңірлердегі жастар ісі жөніндегі кеңестермен және ресурстық орталықтармен байланысын нығайта түсті», -дей келе Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмысқа тың серпін беру керектігін айтты.

Президент сонымен қатар өл өміріндегі өзекті мәселелерге қатысты да пайымды пікірімен бөлісіп, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Заңсыз митингіге шығудың залалы, мектеп түлектерінің бәсекеге қабілетті болуы, балалардың халық тератрларын ашу, тағы да басқа ойлары көптің көңілінен шыққанын аңғару қиын емес.

Бірлік-баға жетпес құндылық. Ауызбіршілік бар жерде алынбайтын асу жоқ. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған қызметі зор. Бүгінгі кеңейтілген кеңестен кейін бұл бағыттағы жұмыстардың жандана түсетіндігіне сенім мол.

Ғұлам Умаров,

Жамбыл облыстық Қан орталығының басшысы,

"Нұр Отан" партиясының мүшесі,

облыстық Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі

***

Жыл сайын екі оқиғаны асыға күтемін - Президенттің халыққа жолдауы мен ҚХА кеңейтілген отырысы. Бүгінгі отырысындағы өзекті мәселелер бұрынғыдан өзгеше қарастырылды. Президентіміз Қ.К. Тоқаев өз жұмысын қаншалықты мұқият жүргізетінін атап өткім келеді. Халқымыздың өмірінің барлық аспектілерін қарастырып шын мәнінде қоғам мен әр азаматтың әл-ауқатын ойланады. Біздің Президенттер саясатының сабақтастығын атап өту маңызды. Бәсекеге қабілетті тұлға мен көптілділік мәселесі туралы біздің Елбасымыз бірнеше жыл бұрын айтқан болатын, ал бүгін Қасым Жомарт Кемелұлы тілдердің білуің маңыздылығына тағы бір рет тоқталды. Бірнеше тіл біліп жас ұрпаққа үлгі көрсетеді.Біздің болашағымыз жастарда. Жастарымыз бәсекеге қабілетті болуы керек. Ал осындай мақсатқа жету үшін сапалы білім мен бірнеше тілді білу жағдайында ғана мүмкін болады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарта Тоқаев өзінің бүгінгі сөзінде көптілділікке тоқталып, халықаралық тәжірибені зерделеу және біздің жағдайымызға бейімделу қажеттігін баса айтты. Сапалы білімге назар аударып тәрбиенің маңыздылығынын туралы ескертті. Жастарымызға дұрыс тәрбие бере отырып, оларды жақсы мен жаманды ажырата білуге үйрету арқылы біз оларға қауіпті үрдістерден аулақ болуға көмектесе аламыз. Сонымен қатар, Елбасы проблемаларға батыл «көзбе көз» қарайтынын және бәрінен бірдей әрекеттерді талап ететінін атап өткім келеді. Осындай проблемалардың бірі этникалық топтасуы. Әлеуметтік-мәдени қақтығыстарға әкеледі.Біздің елдің ауылдық жерлері мен қалаларында жабық этникалық аймақтар мен кварталдардың қалыптасуының теріс тенденциясын жеңу үшін жүйелік шараларды әзірлеу қажет.

Қорытындылай келе, Отанымыздың болашағы бізге байланысты екенін айтқым келеді. Әр азамат мемлекеттен күтпей, жарқын болашаққа үлес қосуға міндетті. Әрқайсымыз балаларды дұрыс тәрбиелеп ,сапалы білім беріп,халықтың игілігі үшін жұмыс істеу керек. Тек осы ең ем жағдайда ғана біз барлық стратегиялық мақсаттарға қол жеткіземіз. Бірге біз - күшпіз, біз - үлкен отбасымыз.

Динара Хатамқызы,

Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының мүшесі

***

Қазақстан Республикасының Президенті, ҚХА төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы әртүрлі этникалық топтарды қорғауға және олардың мүдделерін ілгерілетуге бағытталған деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ бұл – еліміздегі оның мәні зор екеніне берілген біржақты түсінік. Шын мәнінде, Ассамблея ұлт бірлігін нығайтудың нақты құралына айналып, барлық жастарды ортақ мемлекеттілік идеясының төңірегіне жұмылдыра алды. Мемлекет басшысы Ассамблея халықтың тұтастығын нығайтуға, қазақстандықтарды жастарды қоғамдық-саяси өмірге жұмылдыруға, мемлекеттік тіл мен оның Қазақстандағы мәртебесін ілгерілетуге, азаматтық белсенділіктің жаңа формасының қалыптасуына қосып жатқан зор үлесін атап өтті.

Жастар арасында отаншылдықты, татулық пен сыйластықты жан-жақты дәріптеу болашақта бірлігі мен қуаты дамыған мемлекет болуымыздың үлкен кепілі болып табылады.тЕгемен еліміздің баға жетпес байлығын кейінгі ұрпақ үшін сақтай білу қажет. Егер жастар осы жауапты міндетті абыроймен атқара алса, ол еліміздің келешігінің жарқын болатынына сенімім мол.

Алуа Абуова,

Солтүстік Қазақстан облыстық

«Жаңғыру жолы» республикалық

жастар қозғалысының белсендісі

***

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысын тікелей эфирден көрдім.

Меніңше, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде бұл бүгінгі күннің ерекше оқиғасы болды. Алқалы жиында салмақты, өзекті мәселелер мемлекет деңгейінде талқыланды. Ертеңгі күнімізге жаңа серпін берілді деп айтуға болады!

Бірінші кезекте, Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі бірлік пен келісімді нығайтудағы беделі мен рөлін арттыру басты назарда екені айтылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдарының – этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің, қоғамдық Келісім кеңестерінің, Аналар кеңестерінің, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмыстарын алдағы уақытта жандандыру қолға алынады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңестерінің атқарылған жұмыстары туралы есебі мазмұнды, ал алға қойған мақсаттары нақты болды.

Ана – ұрпақ тәрбиешісі, ұлттың ұяты, қоғамның қозғаушы күші. «Отан отбасынан басталады», «Ұлт болам десең – бесігіңді түзе» деген қағидаларды негізге ала отырып, аналардың ұрпақты Отаның сүюге, тілін құрметтеуге, өмірдегі жолын тауып, масылдықтан бойын аулақ ұстауға тәрбиелеуге міндетті екені кесіп айтылды. Осы ретте, біз, Сыр елінің аналары, Мемлекет басшысының кеңейтілген кеңесте берген тапсырмаларын іске асыруға күш-жігерімізді аямай атсалысамыз.

Отан бәріміз үшін ортақ! Берекелі бірлікті сақтау әрбір қазақстандықтың парызы екенін ұмытпайық!

Ахметова Рахима Қаржаубайқызы,

Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы

Аналар кеңесінің төрайымы

***

Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысы өтті. Бұл жиынға Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев қатысты. Отырыста Қазақстан халық Ассамблеясының мен мемлекеттік ұйымдардың басты міндеттері қаралды. Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер отбасындағы келеңсіз жағдайлар, зорлық-зомбылықтың, жастар арасындағы өзіне өзі қол салу, суицидтті болдырмау, нашақорлықтың таралуының алдын алу, интернет желілеріне тәуелділікті атап өтті. Бұл мәселе бүгінгі таңда барлық аналардың, жалпы елдің бірінші орында тұрған мәселесі десем артық айтқандық емес. «Әр келеңсіз жағдайдың алдын алу, оны іске асыру оның нәтижесін көру бүгінгі басты мақсат» - деді республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Шанай Назипа.

Сонымен бірге халықтың тұрмысын, көп балалы аналар жағдайына байланысты, дәстүрлерімізді қамқорға алу мәселелері айтылды. Әр облыстағы өзге этностардың балаларын бауырына басқан отбасылар туралы жылы лебіз білдірді. Президент Қазақстан халық Ассамблеясы мемлекеттік органдар қоғамдық бірлестіктермен келісімді қамтамасыз етуді басымдылыққа алуды басып айтты. Әрине, жақсы өмірдің басты кепілі ол-өзара татулық. Үлкен татулыққа жету қажырлы еңбекті қажет етеді.

Рахымжанова Күләш Сәбікенқызы,

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы

Аналар кеңесінің төрайымы

***

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев кеңестің кеңейтілген отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі түрлі этникалық топтардың мүдделерін қорғауға және ілгерілетуге бағытталғаны сөзсіз. Ол ұлт бірлігін сақтау мен нығайтуда үлкен рөл атқарады. Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этникалық немесе діни негізде бірде-бір үлкен саяси қақтығыс болған жоқ. Халықаралық қоғамдастықта еліміз Қазақстанда тұратын және Қазақстанның біртұтас халқын — қазіргі заманғы және бәсекеге қабілетті зайырлы мемлекетті белсенді құрып жатқан халықты білдіретін барлық ұлт өкілдерінің конфессияаралық және мәдениетаралық келісімін қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті ішкі саясатты жүргізетін ел ретінде танылды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Кемелұлы Ассамблея әрқашан мемлекеттік тілді насихаттауға және оның Қазақстандағы мәртебесін нығайтуға ерекше назар аударғанын атап өтті. Бұл болашақ ұрпақ өкілдерін, күллі республика халқын бір мүддеге топтастырудың мықты құралы екені рас. Өз кезегінде Ассамблеяның барлық қоғамдық құрылымдары оның мақсат-міндеттерін іске асыруға белсене атсалысу қажет деген ойдамын.

Төлеғұл Ғосман Төлеғұлы,

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы

жанындағы облыстық Қоғамдық келісім

кеңесінің төрағасы, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ

Ақмола облыстық филиалының төрағасы

***

Ел Президенті Қ. К. Тоқаевтың қатысуымен өткен ҚХА Кеңесінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ҚХА Кеңесінің отырысында өз өңіріндегі этносаралық қатынастар мәселелері туралы айтып берді. Ол Түркістан облысының күрделі этносаралық жағдайын ескере отырып, облыста этносаралық қатынастарды қалыптастыруда жаңа тәсілдер әзірленгенін атап өтті. Аймақта туындаған қақтығыстарды талдай отырып, этносаралық қатынастар картасы жасалғандығын және оған құқық қорғау және басқа да мүдделі органдардың ерекше назар аударып, этносаралық жағдайды бақылауда ұстау қажет екенін басып айтты. Қ.Тоқаев өңір басшысынан облыста еліміздің басқа өңірлерінде жұмыс істеп жатқан «Достық үйін» ашу мүмкіндігі туралы сұрады. Шүкеев жақын арада жаңа «Достық үйінің» құрылысы басталатынын мәлімдеді.Осыған қатысты біздің облысымыздың да көрнекті аудандарында да «Достық үйлері» ашылса екен деген тілек бар. Бұл өте жақсы бастама. Толық қолдаймын. Облысымыздың аудандарында ғажайып достық ғимараттары орын алса, олар мәдениет үйлерінен кем жұмыс жасамас еді. Этномәдени бірлестіктер өздерінің орталықтарын, кабинеттерін ашып, бір жерде шоғырландырып, әр салт-дәстүрге қатысты этнос жастары үшін түрлі үйірмелер де ашуға болушы еді. Сондай-ақ, "Балапан" телеарнасының жұмыс жүйесіне ҚХА Аналар кеңесінің мүшелерімен қатысуымен түрлі танымдық, тәрбиелік мәні бар ұлттық, этностық аннимациялар арқылы кішкентайларымызға арналған телебағдарламаларды ұйымдастыру көзделіп отырғаны мені қуантты. Бәріміз де немере сүйіп отырған жандармыз, расымен де, қай арнаны ашсақ та, шетелдік мультфильмдердің көрсетілуі басым. Сондықтан да, аталмыш телеарнаға жаңашылдық кіргізу жөніндегі телеарна басшысы Сандуғаш Кенжебаеваның жоспар- ұсынысы маған өте ұнады. Осы тұста айта кетерім, Аналар кеңесімен бірлесе жұмыс істеу арқылы ұлттық арналар жаңадан құрақ жайып өсіп келе жатқан сәбилеріміздің «Достық үйі», «ассамблея», «этностар» деген ұғымдарды кішкентайынан санасына сіңдіріп, таңқалушылықпен карамай, қалыпты түсінік ретінде қабылдауға тәрбиелетер еді. Сондай-ақ, бұл үрдіс бала-бақша, одан мектеп қабырғасында да жалғастырылса нұр үстіне нұр болар еді.

Мухабат Турдыева,

Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы

Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы

***

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл болды. Тарихи кезеңмен алғанда, бұл әрине қысқа мерзім, ал мемлекет қалыптастырушы ел үшін бұл бір қортынды жасап алатын кезең.

Елімізде 100-ден астам әр түрлі этностар бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді. Дегенмен, татулық пен бірлікті нығайту біздің әрқайсымыздың парызымыз. Бірлік пен татулық еліміздегі әр азамат үшін өте қажет. Қазіргідей жаhандану кезеңінде жұтылып кетпей, сыртқы және ішкі арандатушыларға жол бермеу керек. Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылған сөздерімен толық келісемін және де қолдаймын.

Елбасымыз айтқандай, бейбітшілік пен келісім - тәуелсіздігіміздің басты жетістігі. Сол себепті, біз үшін ғана емес, бұл біздің елде тұратын барлық этнос өкілдері үшін маңызды.

Рухани келісімсіз Қазақстанның дамуы мүмкін емес. Тағы бір айта кететін жай, бүгінгі таңда тіл мәселесі қоғамда өте маңызды. 30 жылдың ішінде біраз дүние өзгерді. Мемлекетімізде халық жүз пайыз қазақ тілінде сөйлемеседе мемлекеттік тілдің мертебесі қоғамда жоғарылады және қызығушылық арта түсті.

Биылғы Жолдауда айтылғандай, болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады. Еліміз өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуі керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл саладағы рөлі айрықша.

Думан Малаев,

Қарағанды облысы ішікі саясат басқармасы

«Қоғамдық келісім» КММ Ғылыми-сараптамалық

сүйемелдеу және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі

Кейін қарай