Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Желтоқсан, 2020

1938

ҚХА мүшелері Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтайды

16 желтоқсан – ата бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. 1991 жылғы 16 желтоқсанда президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге 29 жыл толды. Осыған орай, ҚХА мүшелері айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жолдап отыр.

«Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!»

Еліміздегі саяси тұрақтылық мен үшін өте маңызды. Бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысым шексіз және тұрып жатқан елімді, жерімді мақтан етемін.

Біз болашаққа сеніммен қараған тәуелсіз және заманауи мемлекетте тұрамыз. Елімізді көркейту жолында біраз іс тындырылды, бірақ одан да көп жұмыс істеуіміз қажет. Біздің мемлекет өзінің бейбітшілігімен, қарыштап дамуымен көптеген елдерге үлгі болып отырғаны жасырын емес.

Жамбыл облысы Жамбыл аудандық Қызылқайнар ауылының тұрғыны, ұлтым күрді, қазақ елінің 16-желтоқсан - Тәуелсіздік күні мейрамын қазақ халқымен бірге мерекелеп келемін. Тәуелсіздік, тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім сияқты құндылықтар аясында мемлекеттілікті, Қазақстан халқының бірлігін нығайту мен қоғамды біріктіру, Отанға, өткен тарихымызға деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу, азаматтық жауапкершілік, мемлекет алдындағы азаматтық парыз, Отан үшін қызмет етуге дайын болу сынды сезімдерді қалыптастыру - біздің мақсатымыз. Келе жатқан Тәуелсіздік мейрамдарыңызбен, ағайын! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын!

Мұхтар-оглы Хадиша,

Жамбыл облысы Жамбыл аудандық

ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі


«Бейбіт күннің қадірін білейік»

Дәл қазір бізге не керек?! Алда 16-желтоқсан – Тәуелсіздік күні мейрамы келе жатыр. Бізге керегі – ұлтаралық келісім, ауызбіршілік, тұрақтылық пен түсіністік. Бірлігіміз бекем болса, бізді берекенің өзі іздеп келеді. Ұлы даланы мекендеген барлық халықтың мақсаты мен мүддесі бір болғандықтан, қоғамдағы келісім мен саяси тұрақтылықты сақтай отырып, ел тәуелсіздігінің тұғырын тайдырмас үшін Отанға адал қызмет ету – бәріміздің қасиетті борышымыз.

Бір қуанарлығы, 140 этнос өкілі тұратын егемен еліміздегі этносаралық және конфессияаралық татулық жалпақ жаһанның көптеген еліне үлгі болып отыр. Біздің ең басты құндылығымыз да сол – елдің бірлігі мен татулығы. Берекені көктен тілемей, бірлігі мол көптен тілеп отырғанымыз осындағы барлық ұлттың бір-біріне деген сенімін, құрметін көрсетсе керек.

Ендігі жерде сол ынтымағымыз ыдырамасын деп тілегеніміз дұрыс болар.

Бейбіт күннің қадірін білейік, отандастар!

Рахымбек Жапаров,

Жамбыл облысы

Жамбыл аудандық Билер кеңесінің төрағасы


Бірлігіміз – тәуелсіздігіміздің игілігі

Егеменділігіміз тарихы – бұл шын мағынада Ел бірлігі, тұрақтылық, ұлтаралық келісімдің дамуы мен нығаюы тарихы. Кеңес дәурінде ұлтаралық келісімді сақтаудың өзіндік тетіктері қолданылды. Бұл тұғырлар өзінің нәтижесін берген. Дегенмен, 1990 жылдарда, Кеңес Одағының ыдырау кезеңінде ел бірлігі мен ұлтаралық келісімді нығатудың кеңестік тұғырлары жылдар бойы және қайта құру салдарынан қалыптасқан жаңа жағдайларда мүлдем жарамсыз күйге келгендігі мәлім.

Тәуелсіздік тарихы – Ел бірлігі, қоғамдық келісім тарихы. Ел бірлігін нығайту, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау әрқашан Қазақстан саясатының басымдықтарынан бірі болып келді. Тәуелсіздігіміздің ең үлкен жетістіктерінің бірі ел бірлігін сақтаудың пәрменді, бірегей, икемді жүйесінің қалыптасқандығында.

Тұнғыш Президент Н.Ә.Назарбаев әрбір Жолдауында, еңбектерінде, бағдарламалық мақалаларында ұлтаралық келісім мәселелеріне арнайы көңіл аударды. Тәуелсіздікті жариялаған Қазақстан үшін Ел бірлігі, ұлтаралық келісім мәселесі мемлекет қалыптасуы мен дамуының маңызды шарты екендігіне Тұнғыш Президент Н.Ә.Назарбаев басты назар аударды. Елбасының көрегендегінің арқасында қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірлікті сақтаудың бірегей әлеуметтік институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық аренаға келді.

Тәуелсіздік туындысы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ елін мекендегін 130-дан астам этностардың бір шаңырақ астында бірігіп, санасы, сөзі мен ісінде өздерін бір ғана Отаны – Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы, жаңа әлемдегі жаңа орны мен рөлін қалыптасуында белсенді қатысуына зор қозғаушы күш миссиясын орындап келеді.

Бірлік қазақ халқының болмысына, ұлттық психологиясына тән қасиет. «Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ» деген өмірлік философияны ұстанған ата-бабаларымыздан бізге әрдайым, әр түрлі әлеуметтік деңгейде – отбасындағы бірлік пен татулықтан бастап, еңбек ұжымдары мен іскер командаларда, серіктестік қатынастарда, экономикалық және саяси мәселелерді шешуде бір-бірімізді құрметтеу, бір-бірімізді тыңдау, әртүрлі пікірлердің сәйкестік нүктелерін табу, шиеленістерге мүлдем жол бермеу, қоғамдық қатынастардың барлық формаларын тек ізгілікке, халық ігілігіне, Отан дамуына қызмет ететіндей етіп ұйымдастыруды және жүзеге асыруды қажет етеді.

Егеменділігіміздің 30 жылдығына жақындап қалдық. Отыз жылда жаңа бір ұрпақ аренаға келеді. Бұл ұрпақтың ерекше қырлары бар: нарықтық экономика жағдайында өсіп-өнген, ақпараттық сауаттылығы жоғары, шет тілдерін меңгерген, икемді ойлайтын, әлеуметтік және кәсіби ұтқыр, пікір мен көзқарастары және қызығушылықтары аға ұрпақтан айырықша жастар. Олардың мұраттары – табысты болу, материалдық және қаржылық қамтамасыздандырылғандық, шет елдерді көру, өзін-өзі ұйымдастырып жетістіктерге жету. Мұндай цифрлық ұрпақтың сана-сезімі мен мінез-құлқына айналадан келіп жатқан «мыңдап мегабайт және гегабайт» , тәрбіиелік тұрғыдан «електен өтпеген» сан алуан ақпараттың әсері педагогикалық жұртшылықты алаңдатып отыр. Жастар санасына Ел бірлігі идеяларын сіңіру, бірлік құндылықтарының жас ұрпақтың мінез-құлықы мен өмірлік қызметінің ажырамас бөлігіне айналдырудың көкейкестілігі арта түседі. Сондықтан цифрлық қоғамда қазақтың ұлттық құндылықтары, Қазақстан халқы бірлігі ұстанымдры негізінде тәрбиелеудің жаңа қырларын зерделеумізі керек. Жастар Ел бірлігі қаншалықты қымбат екендігін егжей-тегжей пайымдаулары керек.

Жалпы қазақстандық құндылыққа айналған Қазақ халқының Бірлік дәстүрлері ғасырлар бойы, қаншама саяси «измдер» әсерлеріне төтеп, өзгермей, өзінің түпкі мәні мен маңызын, құндылығын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Қазақтың, Қазақ Елінің бірлік дәстүрлері мен құндылықтарын жас ұрпақтың бойына дарыту, оның өміршеңдігін, қоғамдағы шынайы қызметін өзектендіру және іс-жүзіне асырудың жаңа заман шындықтарына сай тиімді тетіктерін әзірлеу, нығайту қажет. Осы тұрғыдан Ел бірлігін нығайтудың қарапайым (отбасылық, ұжымдық) тетіктерінен бастап, одан әрі дамыту мен нығайту – ғылыми жағынан да, практикалық жағынан да, әлеуметтік-тәрбиелік жағынан да өзекті мәселе.

Тәуелсіздік бізге берген үлкен игілік – Бірлігімізді сақтау және нығайтуға әр біріміз өзімізге қолжетімді дәрежеде үлес қосып, оған атсалысайық ағайын!

Негматжан Алметов

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры,

педагогика ғылымдарының докторы,

Түркістан облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшесі


Ауыртпалықты бірге көтерген абзал

Небір қилы кезеңді, тар заман мен зар заманды бастан өткерген халықпыз. Бауырмалдығымыз бен қонақжайлығымыздың жөні бір бөлек. Жатты жатырқамайтынымыз, бауырмашылдығымыз сол, тағдыр тауқыметін тартып, қазақтың кең даласына күштеп жер аударылған талай халықты құшақ жая қарсы алдық. Паналаттық, үзім нанды бөліп жедік.

Енді міне, сол халықтармен бірге бір шаңырақ астында достық шыраймен, бауырлық пейілмен жарастықта тұрмыс кешіп жатырмыз. Бар қиындықтан бірлік пен ынтымақтың арқасында өтуге серттескенбіз. 16тжелтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақ елін және барша этнос өкілдерін ортақ мейрамымызбен құттықтай отырып, ауыртпалықты бірге көтеріп, бүгінде ұлттық тұтастығымызды қадірлеп, әлем алдында беделді мемлекет атағымызды қадірлейік демекпін. Алдағы жылдардан да үлкен үміт күтейік, отандастар!

Бірлік пен келісім құндылықтарын сақтап, этносаралық қақтығыстарға жол бермей, бейбіт өмірде елімізді өркендетуге күш салайық!

Алпысбай Жұмаханов,

Жамбыл ауданы Қоғамдық кеңесінің төрағасы


Ақпыз, қара, сарымыз - ағайынбыз бәріміз!

Еліміздің тәуелсіздік алған уақытынан бері қазақ халқы өзге ұлт өкілдерімен саяси тұрақты және ұлтаралық келісімде өмір сүруде. Бұл ширек ғасырға жуық уақыт аралығында этносаралық қарым-қатынастың Қазақстандық үлгісінің қалыптасқандығын байқатады. Ал, елдегі азаматтардың ортақ Отан сүйгіштігі мен ұлтаралық келісімі, бейбіт және тату өмір сүрудің нәтижесінде қалыптасатындығы сөзсіз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жарқын оқиғаның бірі республиканың қоғамдық-саяси аренасында этносаралық қатынастың жаңа институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуы болды.

Ассамблея өз жұмысын бастағаннан кейін, этникалық азшылықтың көптеген ұлттық-мәдени орталықтары алғаш рет өздерінің тілін, дәстүрлерін жаңғыртуға және оны мемлекеттің қолдауымен жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

Этносаралық келісім мәселесі бойынша Қазақстан посткеңестік мемлекеттер арасындағы бірегей мемлекет деп айтуға біздің құқығымыз бар, бұлай деп айту – асыра айтқандық емес.

Қорыта келе, Тәуелсіздік күні қарсаңында барша Қазақ елін мерекемен құттықтай отырып, ұлтаралық, дінаралық келісімдер арқасында тәуелсіз Қазақстан Республикасы қоғамдық жаңғырудың жаңа белесіне кәрі-жас, орыс-қазақ немесе басқа ұлт деп бөлінбей, мұсылман, я басқа дін өкілі деп ірге ажыратпай, ортақ үйіміз Қазақстанды жаңғыртудың келелі де кешенді шараларына барлығы бірлесе үн қосып, болашаққа бірге аяқ басайық, жолымыз бір болсын, ағайын! Сондай-ақ, бүгінде достық, бірлік белгісі - Ассамблеяның құрылғанына 25 жыл толып отыр. «Ақпыз,қара,сарымыз- ағайынбыз бәріміз!» деп қол ұстасып, бұл үлкен сынды атап өттік. Жасасын достықты жақтаған Қазақ елі!

Даврушев Наим,

Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы,

«Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының мүшесі


Елдің бірлігімен татулығы - біздің ең құнды жәдігеріміз

Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда қоғамдағы топтастырушы және біріктіруші күшке айналып отыр. Ол мемлекеттің ұттық саясатының өзекті міндеттерін шешуге белсенді түрде атсалысады. Саяси оқиғалар мен жағдайларға сараптама әрі болжам жасай отырып, қоғамдық келісіммен татулықты сақтауды қамтамасыз етудің жолдары бойынша өздерінің нақты ұсыныстарын жасап отырады.

Бүгінгі қоғамдағы түбегейлі өзгерістер халқымыздың ауызбірлігін, белсенділігін, әр азаматтың жеке басының жауапкершілігін талап етуде. Қоғамдағы келісім мен бейбіт өмір, саяси тұрақтылық үшін жан аямай қызмет ету, өз Отанына, отбасына елімен жеріне деген сүйіспеншіліктен ғана туындайды. Қазақтың ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы, өзге этнос өкілдеріне құрметі сияқты қасиеттері шетелдік сарапшылар тарапынан да оң бағасын алды. Әлі де жалғасын табуда.Ел тыныштығына мән беру - міндет.

Еліміздегі этносаралық және конфессияаралық татулық көптеген елдерге үлгі себебі, сенімімен көзқарасы әр алуан ұлттар мен ұлыстар бір мемлекетте береке-бірлікте өмір сүріп келеді. Елдің бірлігімен татулығы біздің ең құнды жәдігеріміз!

16 желтоқсан – Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын, қазақстандықтар!

Ладиф-Оглы Нафиз,

Жамбыл облысы Жамбыл аудандық

түрік өкілдерінің төрағасы,

«Ақбұлым» ақсақалдар алқасының мүшесі

Кейін қарай