Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Мамыр, 2023

225

ҚХА МЕН «AУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

2023 жылғы 30 мамырда Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов «Ауыл» партиясының өкілдерімен кездесті.

Аталған кездесу ҚХА-ның XXXII сессиясында берілген Ассамблеяның Саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын күшейту туралы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында өтті.

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен «Ауыл» партиясының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Марат Әзілханов партия өкілдерін Ассамблеяның ағымдағы қызметі және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. Сондай-ақ, ол өз сөзінде «саяси күштермен тығыз өзара іс-қимыл жасау азаматтардың шешім қабылдау процесіне және азаматтық қатысу қағидатына тартылуы негізінде азаматтық бірегейлікті нығайту үшін Ассамблеяның қоғамдық рөлін және этносаралық коммуникациялардың кең алаңдарын кеңейту жөніндегі міндетке сәйкес келетінін” айтып өтті.

Сондай-ақ, тараптар қазақстандық қоғамда жалпыұлттық бірлік, қоғамдық келісім және үйлесімді этносаралық қатынастар құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған бірлескен қоғамдық, мәдени-бұқаралық, шығармашылық, ғылыми-практикалық іс-шараларды өткізу мәселелері бойынша ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл орнату мәселесін талқылады.

Өз кезегінде, “Ауыл” партиясының төрағасы Әли Бектаев жарқын болашаққа жетудің бірегей жолы - халқымыздың бірлігі мен келісімін нығайту екенін атап өтті.

«Ассамблеяның жыл сайынғы дәстүрлі сессиясы тек этносаралық қатынастар ғана емес, мемлекетіміздің саяси өміріндегі іргелі реформалар талқыға салынатын маңызды алаңға айналғаны сөзсіз. Еліміз бойынша Ассамблея құрылымында көптеген азаматтардың еңбек етіп жатқанын білеміз. Қазіргі уақытта Ассамблеяның жалпыұлттық маңызы бар жобаларды жүзеге асырып жатқандығынан да хабардармыз. Бүгін көптеген жақсы ойлар айтылып, мазмұнды талқылау өтті. Біз, «Ауыл» партиясы халқымыздың бірлігі мен еліміздің тұтастығын нығайта түсу жолында Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе жұмыс жасауға дайынбыз», - деді А.Бектаев.

Кездесу соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Ауыл» саяси партиясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кейін қарай