Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Сәуір, 2020

21295

ҚХА-Түркістан: Елде ауызбіршілік пен татулықтың болуы – Ассамблеяның сәтті жемісі

Жылдар бойы қазақтардың тарихи мекенінде әралуан мәдениеттің, дін мен дәстүрлерді ұстанған көптеген халықтардың тағдыры тоғысты. Нәтижесінде бірқатар этнос және конфессия өкілдері қазақтармен қоян-қолтық бейбіт өмір сүретіндей айрықша жағдай қалыптасты. Сонымен қатар, түрлі этностардың ұзақ уақыт қатар өмір сүруі қоғамда төзімділіктің орнықты дәстүрлерін қалыптастырды.


Егемендіктің алғашқы күнінен бастап қоғамды ұйыстыру, барлық этностық топтардың тең құқықты өмір сүруін қамтамасыз ету мемлекеттің ұлт саясатындағы басты қағидаға айналды. Сол себепті ұлтаралық келісімді қамтамасыз етудің барлық тетіктері мен негіздері қамтамасыз етілді. Қазақстан Республикасының Конституциясы этностық, нәсілдік, діни немесе өзге де ерекшеліктеріне қарамастан, барлық азаматтардың мүдделерін қорғайды. Негізгі заңның нормалары барлық этностық топтар арасында сенім және өзара құрмет негіздерін қалады.

Қазіргі таңда тәуелсіздігіне 30 шақты жыл ғана болған Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық саясаты татулық пен төзімділікке, келісім мен бейбітшілікке негізделіп отыр. Діни толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін қарастырғанда қазақ халқының тарихи-мәдени ерекшеліктерін назарға алу қажет.

Тарихқа жүгінер болсақ, қазақ даласында ерте заманнан-ақ көптеген діндер өмір сүріп, сан ғасырлар бойы Ұлы Дала төсі қаншама халықтардың бейбіт мекеніне айналған. Діни төзімділік пен келісім, мәмілегершілік, қонақжайлылық қасиеттері халық бойында ғасырлар бойы дағдыланған. Соның көрінісі болса керек, қаншама мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан даламызда күні бүгінге дейін әр түрлі ұлт пен дін өкілдерінің түсіністік пен жарастықта өмір кешіп отырғанына куә болып отырмыз.

XXI ғасыр әлемдік аренада дүниежүзі халықтарының басты мәселелерінің біріне айналған ұлттық алауыздық, этникалық келіспеушілік одан әрмен өрши түсуде. Оны тоқтату не алдын алу іс-әрекетін жасау қай мемлекеттің болмасын әлем алдындағы беделін асқақтатары сөзсіз. Ол әр мемлекеттің қолынан да келе бермесі де анық.

Тәуелсіздікпен бірге есейіп келе жатқан Ассамблея еліміз үшін үлкен мән-мағынаға ие. Бүгінде қоғамдық институтқа республика бойынша 820 мәдени орталық мүше. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бүгінгі өміріміз дүниежүзіне үлкен үлгі-өнеге болып отырғаны даусыз. Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайды сараптаған адам қазақ жерінде қандайда бір ұлтқа қатысты ксенефобиялық көзқарастың жоқ екенін бірден байқайды.

Жалпы Қазақстан халқының дініне, діліне, тіліне қарамай іштей біртұтас қоғамдық құрылым болуға топтасуы үрдісінің табысты болуы, оның болашағы – дүниетанымдағы құндылықтық және психологиялық бағдарының ұтымды таңдалуына, өрбуіне байланысты екені даусыз.

Досай Кенжетай

Түркістан облыстық ҚХА мүшесі


Бейбітшілік пен бірліктің маңызын ұғынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеясын жариялап, 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Елбасының сол жылдары жасаған қадамы өз жемісін беріп, жұртшылықты жетістікке бастады.

Ең бастысы - Ассамблея татулық пен тыныштықтың тірегіне айналды. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Ассамблея біздің халқымыздың, елімізде тұрып жатқан барлық этнос өкілдерінің басын қосатын, еліміздегі ынтымақ пен бірлікті арттыруға қызмет жасап жүрген ұйым.

Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Қазақстан халқы Ассамблеясының жетістіктерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Түрлі этнос өкілдері тұрып жатқан елде ауызбіршілік пен татулықтың болуы – осындай институттардың сәтті жемісі.

Біздің ел ең алдымен тыныштығымен, бейбіт өмірімен мақтанады. Елбасының ел мен туған жер үшін сіңіріп жатқан еңбегі ерен. Елбасының салиқалы саясаты және салып берген даңғыл жолының арқасында біз - өзге этнос өкілдері бір үйдің балаларындай тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Бұл өз жалғасын тауып, мәңгілікке ұласса деген тілегім бар.

Біздің Отанымыз - ортақ, тілегіміз - бір, мақсатымыз - жалғыз. Бізге керегі – мызғымас бірлік. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Елбасы көп ұлтты Қазақстанда 100-ден астам этностар мен ұлыстардың тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын Қазақстан халқы Ассамблеясының әрбір сессиясында ерекше атап өтеді.

Халық бірлігі - мемлекеттілік негізі. Өзім қазақтың салт-дәстүрі және мәдениетімен сусындап өскенмін. Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген сөзі мен үшін өмірлік мақсат. Сондықтан мен қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, ең алдымен қазақ тіліне құрмет көрсетілуін жөн деп білемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, біздің егемендігімізге қосқан үлесіміз немен өлшенеді?! Барлық қандас бауырларымды қазақ тілін білуге, сүюге, өмірлік рухани азық етуге шақырамын. Жаһандану заманында қазақи тәрбие ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін.

Юлдаш Султанов,

Түркістан облыстық тәжік

этномәдени бірлестігінің төрағасы



Қазақ елінің тәуелсіздігін тұғырлы, этностарын бір шаңырақ астында жинап, тату-тәтті ғұмыр кешуіне ықпал еткен басты тұлға - еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Кемеңгер көшбасшының есімін мен 2009 жылға дейін тек көгілдір экраннан естіп, басылым беттерінен Үндеулері мен Жолдауларын жиі оқитынмын. Сондағы түйген ойым - сарабдал саясатының арқасында ел іргесі біршама алға басып, экономикалық өрлеу мен әлеуметтік сатының жоғары санатына шығу жолында жасаған игі жақсылықтары мен тың идеялары.

2009 жылы Республикалық «Парыз» байқауының жүлдегерлерін анықтау рәсімі өтті. Мектептерге демеушілік жасаған еңбегімді елеп, Елордаға Оңтүстік өңірінен ат арылтып менде шақырылдым. Асқақ мекен - Астана. Арманымның бір парасы орындалуға шақ тұр. Өйткені, Елбасын көзбен көру бақытына ие болмақпын. Тек көзбен емес-ау, қол алысып, жүзімен дидарластым. Аталған «Парыз» сыйлығының Құрмет грамотасын өзі табыстады. Бұл мен үшін - тарихи сәт.

Араға төрт жыл салып Елбасымен тағы да жүздесу тағдырыма жазылды. Тұңғыш Президенттің оңтүстік өлкесіне жасаған сапарында Ордабасыға арнайы аялдады. Ондағы құс фабрикасын көру - Тұңғыш Президенттің пәрменді жоспарындағы нысан еді. Сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов маған фабриканың тынысы мен тіршілігі туралы есеп беруді тапсырды. Мен Елбасы келгенде орыс тілінде бар білген ақпаратыммен бөлістім. Сөз арасында Нұрсұлтан Әбішұлы маған қазақ тілінде сұрақ берді. Ал, мен оған қазақша жауап қайтарғанымда, «Сен қазақша сөйлей аласың ба, онда өзің баяндаған мәліметтерді қазақ тілінде қайтадан жеткізсең», деді. Ал, мен сол сәтте еш дайындықсыз, қобалжып бәрін қазақ тілінде қайта айтып шықтым. Елбасы менің сөзімнен кейін іле-шала таңданысын жасыра алмай, қолымды алып, арқамнан қаққаны әлі есімде. Сол кездегі Елбасының қарапайымдылығы менің толқып, тулап тұрған жүрегіме дем беріп, жүзінен төгілген ізгілік қасиеті қызметке деген күш-жігерімді арттыра түскендей.

Осындай дархан далада көңілі ашық, пейілі кең Отандастарыммен бір шаңырақ астында татулығымыз жоғалмай ғұмыр кешіп жүргеніме мен өзімді бақытты санаймын. Елбасы - ел тірегі екенін бүгін осы тарихи кездесулерді көз алдымнан жүгірткенде тағы да ұққандаймын.

Бүгінде әлемді алаңдатқан пандемияны біз осылай бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, күрессек ғана жеңеміз. Еңсесі биік еліміз жасай берсін, тұғыры биік Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай! Біз біргеміз!

Сарманбай Кочалиевич,

Түркістан облысы Ахысқа түріктері

этномәдени бірлестігінің төрағасы.

Басып өткен жолдың ауыр не жеңіл болғанын мәреге жетіп, артқа қарап бағалау пендеге тән қасиет. Адам өз өмірін де мүшел жаста, елу жылда немесе жиырма бесінде, пайғамбар жасқа келгенде бағалап жатады. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық жолын бағалайтын тұс. Не тындырды, нені өзгерте алды?

Тындырымды тірліктерін толық тізбектеуге тәулік жетпес. 1991 жылғы Қазақстан халықтарының басын қосатын ұйым құру туралы ойдың айтылуы мен бүгінгі дүние жүзіне үлгі боларлық Ассамблеяның жұмысы арасында қаншама естеліктер бар.

Ал өзгерткеніне келсек, алдымен қазақстандықтардың отанға деген, отандастарға деген ойын, көзқарасын өзгертті. Ұлтжандылық, ана тілін қастерлеумен қоса Елжандылық, мемлекеттік тілге деген құрметті жүректерге орнықтырды. Соның арқасында қазақ тілі этносаралық қарым-қатынас тіліне айналды. Түрлі этностардың балалары бір үйдің баласындай бір шаңырақ астына бірікті.

Қоғамдағы бірлік ел басына күн туғанда айқын білінеді екен. Өкінішке орай бұған Арыс оқиғасы кезінде және оның салдарын жою кезінде тағы бір рет көз жеткіздік. Алып шахардағы жарылыстардан босып-қашқан арыстықтарды жұбатуға қолына нан-суын алып қарсы шыққан, үйін босатып төсек-орын тасығандарды қалайша ұлтқа бөлуге қиясың? Арысты қайта қалпына келтіру кезінде барлық этностардың мәдени бірлестіктері қарап қалмады. Көп болып бұл қиындықты да еңсердік.

Бүгінгінің салмағын өзіңіз сезінерсіз. Күллі адамзаттың басына күн туды. Құрлық атаулының барлығы, алпауыт елдерден бастап барлық мемлекеттер, каронавирус кесірінен карантинге тұмшаланды. Осы қиын-қыстау кезеңде де ассамблеялықтардың өз борыштарын адал өтеп келе жатқанын көріп, көз қуанады. Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде Қоғамдық келісім мекемесінің құрылымдары мен этномәдени бірлестіктер тарапынан «Біз біргеміз» ұраны астында жасалған қайырымдылықтар, азық-түлік, залалсыздандыру заттарын тарату туралы тоқтаусыз айтылуда. Әсіресе бетперде тігуге бірігіп, оны тегін таратып жатқан аналарымыздың, әпке-қарындастарымыздың еңбегі мадаққа лайық.

Өкінішке орай 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін осындай қиын-қыстау уақытта атап өтейін деп отырмыз. Бұл күндер де өтеді. Бір тудың астына бірігіп Жаратқанның қолдауымен бұл тажалды жеңетінімізге сенемін.

Бірлігіміз бекем болып, Отанымыз гүлдене берсін!

Алишер Сатвалдиев,

Түркістан облыстық ҚХА жанындағы

журналистер мен блогерлер клубының жетекшісі

Кейін қарай