Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Қаңтар, 2020

94625

Ләйлә Төрешова: Алаштың анасына баланған қасиетті Сыр өңірі

Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына ширек ғасыр толады. Осы уақыт аралығында ол ұлттар арасындағы татулық пен бірліктің, қоғамдағы тұрақтылықтың алтын көпіріне айналды. Қиын жылдарда Сыр өңірінен сая тапқан сан ұлттың ұрпақтары бүгінде туған жерді түлетуге еңбек сіңіріп келеді. Мереке қарсаңында Қызылорда облыстық ҚХА-ның хатшысы Ләйлә Төрешовамен әңгімелескен едік.

- Ләйлә Бегалықызы бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық бірегей институтқа айналып, елімізде тұрақтылық пен келісім мәселесі еш күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда бұл құрылымның мазмұнын одан әрі арттыру мен дамытудың маңызы зор. Бұл туралы не айтар едіңіз?

- Бүгінде құрылғанына 25 жыл болған Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпыұлттық татулық пен қоғамдық келісімнің ерекше моделін қалыптастыра алған мәртебелі институт. Елбасы атап өткендей Қазақстан халқы Ассамблеясы зор біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап, еліміздегі татулық пен бірліктің ұйытқысы болып отыр.

Алаштың анасына баланған қасиетті Сыр өңірінде де Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдары қалыптасып, жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде облыстық ассамблеяның құрылымдары қатарына 11 этномәдени, аудандарда 6 этнобағытталған бірлестіктер, 118 аналар кеңесі, 165 қоғамдық келісім кеңесі, 1 ғылыми-сарапшылық тобы, 1 медиация кабинеті, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-де «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, депутаттық және кәсіпкерлер тобы, журналистер мен сарапшылар клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы кіреді.

2019 жылы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен түрлі форматты 200-ден астам шара өткізіліп, оған 100 мыңнан астам аймақ тұрғындары атсалысты.


- Әр ұлттың өзіне тән құндылықтары бар. 130-дан астам ұлт пен ұлыс қоныстанған елімізде ұлттардың бірлігін сақтау, достығын нығайту – басты мақсаттың бірі. Аймағымыздағы этномәдени бірлестіктер туралы айтып өтсеңіз. Олардың ұлттық болмысын сақтауда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен этномәдени бірлестіктер «Сыр елі – достық мекені» жобасы аясында 40-тан астам іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, «Славяне» этномәдени бірлестігінің «Масленица», «Достықта жоқ шекара», «Почитай Пушкина», татар этномәдени бірлестігінің «Сабантуй», кәріс ұлтының «Сольналь» мерекесі, түркі халықтарының наурыз ұлттық мейрамдары, еврей және неміс этностарының «Рош-а-шана», «Остерн» ұлттық мерекелері, қайырымдылық акциялары, концерттік бағдарламалар, кездесулер, түрлі форматтағы шаралары өтті.

Олар үшін Достық үйінде барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, үлкен концерттік зал, мәжіліс залы, би залы, кітапхана мен тіл оқыту кабинеті және т.б.

Достық үйінде Александр Сергеевич Пушкиннің 220 жылдығына арналған «Пушкинді оқу және құрметтеу» театрландырылған қойылымы өтті. Фойеде кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда А.С.Пушкин атындағы қалалық орталық кітапханасының қорында 118 жылдан бері сақталған 1901 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Русские поэты» кітабы, облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасының қорындағы 1926, 1928, 1935 жылдары жарық көрген «Пушкин хаттары» кітабының түпнұсқасы мен көшірмелері қойылды.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша облыстық этномәдени бірлестіктер Байқоңыр қаласында өткен «Халықтар достығы» атты ұлттық мәдениеттердің ашық қалалық фестиваліне белсене қатысады.

Облыстық ассамблеямен Достық үйі негізінде қазақстандық этностардың мәдениеттерін, тілдерін және дәстүрлерін әрі қарай дамыту жөнінде жұмыстар толассыз жүргізіле беретін болады.


- ҚХА-ның бастамасымен қолға алынған жобаның бірі – «Қазақтану». Жобаның мақсаты және оның аясында қандай жұмыстар жүргізілуде? Жалпы бұл жоба бізге не береді?

- Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан жұртшылығының бойында біртұтас ортақ құндылықтарды қалыптастырудың негізі ретінде қазақ халқының тарихын, мәдениетін, философиясын, этикасын дәріптеуге, сондай-ақ Қазақстан этностарының арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларын ілгерілету.

Осы бағыттардағы жұмыстарды ілгерілету үшін облыстық ассамблея алаңшаларында қазақ мәдениетінің, қоғамы мен мемлекетінің қалыптасу және даму үрдісін түсіну тұрғысынан алғанда бірегей қағидаттарды қалыптастыруымыз керек. Олар: өз ошағыңды құрметтеу, туған жерге деген сүйіспеншілік, ана тілге деген құрмет және сөз құдіретін кең мағынада түсіну, қонақжайлылық және адамдар арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын ұғыну, адамның ар-ожданына негізделген абыройы мен қадір-қасиетін сақтау, «үшкір бұрыштары жоқ шеңбер» өмірлік философиясы және оның нышандарының киіз үй, ошақ, табақ, шаңырақ терең мағынасына басты назар аударылады.

Аталған бағыттардағы жұмыстарды жүйелі жүргізу барысында түрлі форматты 25-ке жуық кешенді шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда дәрістер, кездесулер, зияткерлік байқаулар, ұлттық мәдени фестивалдер, ғылыми-танымдық конференция, форумдар, «Мәміле» пікір алмасу клубының отырыстары және тағысын тағы. Бұл шараларға 12000-нан астам адамды қамти алдық.

Дәрістер мен кездесулерде қазақ халқының салт-дәстүрлері, мәдениеті, әдебиеті, философиясы туралы терең ақпарат беру, оларды жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастырудың, оның қызмет етуінің және одан әрі жетілдірудің біріктіруші негіздерінің бірі ретінде маңызы түсіндірілді.

Қараша айында «Қазақы дүниетаным және XXI ғасыр» республикалық ғылыми-танымдық конференциясы ұйымдастырылды. Конференция жұмысына Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы, «Қазақтану» жобасының республикалық лекторлар тобының мүшесі Сапен Ансатов, Алматы қаласынан өнертану кандидаты, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми хатшысы Екатерина Резникова, Түркістан қаласынан филология ғылымдарының кандидаты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры Жазира Исаева және Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың профессорлары қатысып, баяндамаларын жасады.

Жоба аясында Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарында ғалымдардың дәрістері, Аналар кеңесі мүшелерінің кездесулері, «Жаңғыру жолы» ЖҚ жастарға арналған оқыту семинарлары және этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламалары өткізілді.

Аталмыш шараларға еңбек ардагерлері, облыстық, аудандық Аналар кеңестерінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, түрлі этнос өкілдері, қоғам белсенділері, аудан және ауыл тұрғындары, жастар, жас отбасылар, оқытушылар және студенттер қамтылды.


- Жастар саясатына қаншалықты мән берілуде? «Жастар жылы» аясында Сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар жасалды?

- Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының құрамына 50-ден астам белсенді жас мүшелік етеді. Жастар қозғалысының жұмысын жүйелі әрі сапалы жүргізу мақсатында Достық үйінен арнайы кабинет беріліп, ол барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілді.

Жастардың бастамасымен түрлі форматтағы мерекелік кештер, қайырымдылық акциялары, спорттық және интеллектуалдық сайыстар, ғылыми-танымдық шаралар өткізілді. Шаралардың негізгі дені жастарға патриоттық тәрбие беруге, олардың салауатты өмір салтын ұстануына бағытталды.

Жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуға қызығушылығын туғызатын іс-шаралардың жаңа форматтары пайда болуда. Әсіресе жастардың арасында кеңінен танымал болып келе жатқан хакатондар. Мысалы, Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының коворкинг-орталығында «Ұлттық бірегейлікті сақтау» тақырыбында әлеуметтік хакатон ұйымдастырылып, жастардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Жастар слетін өткізу дәстүрге айналды. Ағымдағы жылы «Orda CAMP-2019» атауымен облыстық ассамблеяың «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы белсенділерінің слеті алғаш рет Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» жазғы сауықтыру лагерінде өтті. Жастарға қызықты семинар-тренингтер, коучингтер және мастер-кластар өткізіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Сондай–ақ, облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері Шығыс Қазақстан облысындағы «Бірлік-Единство» халықаралық жастар лагерінде болып қайтты.

«Жаңа толқын жобалары» атты әлеуметтік жобалар байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты облыстағы жастар саясатын дамытуға бағытталған жаңа идеялар мен жобаларды қолдау, жастарды ізденуге және бос уақыттарын өткізудің тиімді, әрі белсенді формаларын іздеуге тарту мен ынталандыру. 15 жас қатысқан байқауда жастарға қажет әлеуметтік жобаларға ерекше басымдық берілді. Байқауда «IT еріктілік. Цифрлы Қазақстан барлығы үшін!», «Онлайн тілдер мектебі», «Сыр балығын қолдан ұрықтандыру» секілді тың тақырыптар қорғалды.

Үшінші жыл қатарынан облыстық ассамблея аймақтың тарихи-мәдени мұраларына экспедициялар өткізіп келеді. Ағымдағы жылы «Қазақстанның киелі жерлерлерінің географиясы» жобасы бойынша «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы екі кезеңі өтті. Экспедиция құрамына түрлі этностардың аз қамтылған және көп балалы отбасыларының балалары енгізіліп, облыстың тарихи-археологиялық ескерткіштерімен таныстырылды.

Жастардың бастамаларымен бірнеше рет қайырымдылық концерттері өткізілді. Оған бастамашы болып жүрген Константин Луца деген белсендіміз.

Евгений Демиденко Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген ҚХА ХХҮІІ сессиясында сөз сөйлеп, ҚХА сессиялары тарихында ең жас спикер атанды. Бүгінде ол Алматы қаласында «Қазақ-Британ техникалық университетінде» білім алуда.


- Ұлттың, рухтың негізі – ұлттық тіл. Өзге ұлттардың мемлекеттік тілді меңгеруі қалай?

- Бұл бағытта облыстық ассамблея тарапынан үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, Достық үйінде тілдерді оқыту кабинеті жұмыс жасайды. Онда мемлекеттік және ағылшын тілдері оқытылуда. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық білім алушы мемлекеттік тіл бойынша білімдерін кеңейтті. Этнос өкілдері арасында «Мәміле» қазақ тілі клубы арқылы сөйлеу шеберлігін арттыру жұмыстары қолға алынды.

Сонымен қатар, бірнеше жылдан бері этнос өкілдерінің балаларына мемлекеттік тілді үйретуге, танымын арттыруға бағытталған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы жүргізіліп келеді. Жоба аясында аудан орталықтары мен Қызылорда қаласында коммуникативті тренингтер, «Sende bir kirpish dúnyege...» ұлттық ойындар бойынша жарыстар, мемлекеттік тілді білу викториналары, латын графикасын қолдану арқылы мемлекеттік тілде диктанттар өткізілді.


- 2020 жылы ҚХА-ның құрылғанына 25 жыл толады. Алдағы жылы қандай шаралар ұйымдастырылады, жоспарыңызбен бөліссеңіз.

- Тәуелсіз еліміздің басты жеңісі – бейбітшілік пен тұрақтылық, бұлар – қоғамның алға қарай дамуының, оның табыстылығы мен бәсекелестігінің кепілі.

2020 жыл ел тарихындаға маңызды оқиғаларға толы болмақ. Ол ҚХА мен Конституцияның 25 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы.

Осы орайда облыстық ассамблея алдында атаулы даталарды мазмұнды түрде жүзеге асыру, ҚХА Төрағасы, Елбасы ұсынған бастамалар мен рухани жаңғыру аясында қойылған міндеттерді орындау, ҚР Президентінің Жолдауда айқындаған мәселелерді іске асыру міндеті тұр.

Аталған бастамаларды орындау жолында ел бірлігін сақтай отырып, рухани жаңғырған, бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруға үлес қосу – бәріміздің қастерлі парызымыз.

Бүгінде өңірлік ассамблеяның төрағасы Қуанышбек Ысқақовтың қолымен бекітілген кешенді жоспар әзірленді. Жоспарға сәйкес түрлі форматты, кешенді жұмыстар қолға алынды. Олар мәдени-көпшілік шаралар, ғылыми-танымдық кештер, жастарға арналған оқыту семинарлары, қайырымдылық акциялары, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған сайыстар және т.б. Бұл шаралардан облыстың әрбір тұрғыны тыс қалмайды деп ойлаймын.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Мейрамгүл Дауылбайқызы

Облыстық «Сыр бойы» газеті

Кейін қарай