Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Мамыр, 2020

1427

Ұлт жадынан өшпейтін қасіретті жылдар

31 мамыр – талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Атаулы күн Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Бұл – Қазақстан үшін айрықша дата.

Тарихтан білетініміздей, «халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады.

Ел қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. КСРО-да 1920-1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін социалистік құрылысты орнықтырудағы шаруашылық механизмінің ажырамас бөлігіне айналды. Жалпы, деректерге көз салсақ, 1921-1954 жылдары аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген екен. Айта кетерлігі, дәл осы күні Қазақстанда ашарлықта қаза тапқандарды да еске алу күні ретінде аталып өтіледі. 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан, әсіресе Қазақ халқы қатты зардап шекті. Мұны 2012 жылы елордада «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» монументалды сәулетті көркем композициясының салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баса айтқан болатын.

«Кеңес Одағы аумағындағы 1932-1933 жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі еді. Сол кездерде Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 млн. адамның өмірін жалмады, - деген еді ол. ҚР Президентінің келтірген деректерге сәйкес, тек 1932-1933 жылдары ең кемі 1,5 млн. қазақ аштықтан ажал құшты. Дегенмен бұл деректерді әлі де тыңғылықты зерттеу керек. Өйткені, ол кездегі есептерді басшылар өз пайдасына орай бұрмалап берген. Ал аман қалған қандастарымыздың тағы да 200 мыңы жосып, басқа мемлекеттерге көшіп кетті. Сол жылдары аштық тауқыметін тартпаған қазақ қалған жоқ. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болып кетті. Мұның барлығы сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық саясатының қолдан жасаған зұлматы еді. Осы жылдары көптеген ұлт жаппай Қазақстанға қоныс аударылды. 1937 жылы күзде жүз мыңдаған корей, түрік, ирандық, күрд және әзірбайжандар елімізге кеп қоныс тепті. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы жылдары елімізге немістер, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары және басқа ұлттар депортацияланды. Олардың жалпы саны 1 миллион 200 мыңды құраған. Халықтың қабырғасын қайыстырған ашаршылық пен репрессия жылдарды ұрпақ жадында сақтайды.

Русалина Прияхина, Жамбыл обылсы ҚХА «Жаңғыру Жолы»

жастар қоозғалысның өңірлік штабының мүшесі


Кейін қарай