Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Маусым, 2022

2012

«Ұлттық құрылтай – билік пен қоғам диалогының жаңа кезеңі» атты ҚХА кеңейтілген Кеңесінің отырысы өтті

2022 жылғы 22 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары М. Әзілхановтың төрағалығымен Ұлттық Құрылтайдың қорытындысына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген Кеңесінің отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі ҚХА Кеңесінің «Ұлттық құрылтай – билік пен қоғам диалогының жаңа кезеңі» атты отырысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА және Ұлттық құрылтай мүшелері, этномәдени бірлестіктердің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ талдау және зерттеу институттарының сарапшылары, облыстар мен Нұр- Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының "Қоғамдық келісім" КММ басшылары қатысты.


Өз сөзінде М. Әзілханов Ұлттық Құрылтай жалпыхалықтық сенім мандатын алған саяси реформалар бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылатынына тоқталды. «Осы жаңа қоғамдық институт пен консультативтік-кеңесші орган құру идеясын Мемлекет басшысы өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында жария еткен болатын. Сол кезде ол жалпыұлттық бірліктің негізін қалаған Ұлы даланың демократиялық дәстүрін қайта жаңғыртуға шақырды», – деді ол өз сөзінде.

Оның айтуынша, Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысының қазақ халқының ұлттық сана-сезімі үшін терең мағыналы қазақ мемлекеттілігінің бесігіне айналған киелі жер – жаңадан құрылған Ұлытау облысында өтуінің символдық мәні зор. Осы орайда, ҚХА Төрағасының орынбасары Қазақстанның әрбір азаматы рухани-адамгершілік және саяси-этикалық терең мағынаның барын ұғып, еліміздің саяси өміріндегі жауапты әрі ауқымды өзгерістер кезеңінде нысаны мен мазмұны бойынша қазақ халқына тән жалпыхалықтық диалог алаңының жаңғыртылуын қолдауға шақырды.

«Мемлекет басшысы саяси реформалар бағдарламасы – Тәуелсіз Қазақстанның егемен қадамы екенін және оның қазақстандық үлгіге сәйкес, ел мен халықтың қажеттіліктеріне қарай жүзеге асырылатынын айқын түсінетінін мәлімдеді. Ұлттық құрылтайдың біздің еліміздің тарихындағы жаңа бірегейлікті қалыптастыру және бірлікті нығайту тұрғысынан маңызды кезеңге айналуына тиіс екендігін сөз етті», – деді М. Әзілханов.


ҚХА Төрағасының орынбасары Қазақстандық бірегейлікті тұрақты демократиялық институттарды, саяси жауапкершілік мәдениетін, патриотизмді, «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын іске асыру және ішкі тұрақтылықтың кепілі ретінде заң мен тәртіпті сақтану арқылы ғана қалыптастыруға болатынын атап өтті. Осы тұрғыда, спикердің пікірінше, қазақстандық бірегейлік алдыңғы қатарлы демократия, әділеттілік дәстүрлерімен, яғни жалпыазаматтық әлеуметтік – саяси маркерлермен күшейтіліп, толықтырылуы тиіс.

М.Әзілханов бүгінгі Ассамблеяның жұмысы құрылтай отырысында қойылған міндеттерге сәйкес құрылған деп толық айтуға болатынын айқындап Ассамблеяның 31-ші сессиясының шешімдері жұмыстың үш бағытын көздейтінін айтып өтті.

«Біріншісі – ҚХА-ның саяси реформаларды жүзеге асырудағы рөлін күшейту. Екіншісі – ҚХА-ның ақпараттық жұмысын күшейту және қоғамдық әлеуетін жандандыру. Үшіншісі – құқық қорғау қызметін күшейту» - керек екенін атады.

М.Әзілхановтың пікірінше, Ассамблеяны саяси реформалар бағдарламасына интеграциялау, жалпыұлттық күн тәртібіне енгізу жұмыстың жаңа көкжиектері мен қырларын ашады. Оның мәні реформалардың әлеуметтік базасын кеңейту және дамудың жалпы мемлекеттік міндеттерін шешуге барлық этностарды тарту, осы даму процесіне табиғи және қайтымсыз сипат беру болып табылады.

ҚХА Төрағасының орынбасары нақты іс-шараларды практикалық тұрғыда жүзеге асыру тек партиялық тетіктерге ғана емес, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарын, бірінші кезекте, Қазақстан халқы Ассамблеясын кеңінен қолдауға сүйенуге тиіс екенін атап өтті және осы мақсатта ҚХА «ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру және жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайту бойынша Ассамблеяның маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралар жоспары» әзірленіп, іске асырылып жатқанын тілге тиек етті.

«Ассамблея Президентіміздің – Ассамблея Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси реформалар мен бастамалар бағдарламасын қолдаудың маңызды ресурсы болды, солай бола да бермек. Осы тұрғыда Ұлттық құрылтай мен ҚХА міндеттерінің өзара байланысы еліміздің халық игілігі үшін одан әрі дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деп түйіндеді М.Әзілханов.


Өз кезегінде, ҚР Мәжілісінің Депутаты Н. Дементьева Құрылтайда көтерілген маңызды мәселелерді ортаға салды. Ол Құрылтайдың Ұлытау төрінде өтуінің маңыздылығын баяндап, Президенттің бастамаларын жүзеге асыруда бірлесе қызмет атқаруға шақырды.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры, саясаткер Т. Калиев азаматтық бірегейлікті нығайтудағы пікірталастың рөлін айқындап, жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін таныстырды. Журналист, блогер М.Рожин, Т.Калиевтің сөзін қуаттап, қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс жасау керек екенін айтып өтті .


Шара соңында ҚХА жұмысына елеулі үлестерін қосқан, Нұр-Сұлтан қалалық "Қоғамдық келісім" КММ-нің басшысы Н.Айдашевқа және Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқарма басшының орынбасары Л.Құсайыноваға Алғыс медалі табысталды.


Кейін қарай