Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Қазан, 2020

1675

«Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» форумы өтті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумы өтті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде маңыздылығы жоғары саналатын аталмыш шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, қоғам қайраткерлері, Ассамблея мүшелері қатысты. Сондай-ақ, форумда мемлекеттік тілде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері өздерінің қазақ тілін үйрену тәжірибесімен бөлісті.


Атап өту керек, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы Ассамблеяның ұйытқы болуымен республикалық деңгейде осымен екінші жыл өткізілуде. Өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған шара қазақстандық өзге ұлт өкілдері арасында үлкен қолдауға ие болған болатын. Әсіресе, қазақ халқына айтылар алғыс ретінде мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлеген орыс, неміс, кәріс, ұйғыр, болгар ұлттарының өкілдеріне қарап сүйсінгендер, оларды үлгі еткендер көп болды. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының шын мәнінде Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерін бір шаңырақ астында ұйыстырған, бірлікке ұйытқан достық институтына айналғанын айғақтайды.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын Жолдауында қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыруға басымдық берген болатын. Бүгінгі ұйымдастырылған форум да Президент тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді.

Шынында, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге ұмтылуы және қазақ тілін еркін меңгеруі олардың Қазақстанда жүргізіліп жатқан процестерге табысты бейімделіп келе жатқанын аңғартады.

«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы да мемлекеттік тілді қазақстандық этностардың қатынас құралына айналдыруды мақсат тұтады.

Форум Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы – Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік тіл туралы ҚХА сессиясында сөйлеген сөзі мен ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жолдауынан келтірілген үзіндіден басталды.

Форумды жүргізіп отырған Жансейіт Қансейітұлы қазақ тілін үйренуді Абай әлемін түсінуден бастау керектігін айтты.

«Барлықтарыңызға белгілі, жақында қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы Семей өңірінде кеңінен атап өтілді. Осы шараға ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаев арнайы барып қатысты. Мемлекет басшысы осы шара барысында өткен абайтанушы ғалымдармен кездесуінде гуманитарлық саланы дамытуды қолға алу керек екенін айтып, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға және сапалы оқулық дайындауға баса мән беру қажет екендігіне айрықша тоқталды», - деген Жансейіт Қансейітұлы Мемлекет басшысының ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға басынан бастап сіңіру туралы тапсырмасын ерекше атап өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Абадың 175 жылдық мерейтойы аясында көптеген шаралардың ұйымдастырылғаны да ақиқат.

Атап өтер болсақ, өткен жылы ұлы ақынның мерейтойы құрметіне ұйымдастырылған ақын өлеңдерін оқу челленджіне еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам ұлт өкілдері атсалысқан болатын. Ал осы жылы Ассамблеяның Абайдың 175 жылдығына арналған онлайн поэзия фестиваліне мыңға жуық этнос өкілдері қатысты.

«Олар Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін шырқап, өз Отанының нағыз патриоттары екенін дәлелдеп шықты», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Осы жылы шын мәнінде Ассамблеяның ұйытқы болуымен Абай еңбегін насихаттауда көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, осы жылы «Әлемді аялаған сөз» тақырыбында этнос өкілдерінің Абай туралы мақалалар топтамасы жарық көрген болатын.

«Бүгінгі шара арқылы 130-дан астам ұлттың басын қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жоғарыда жүктелген тапсырмалардың қандай дәрежеде орындалып жатқанын, түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді іс жүзінде қаншалықты меңгергенін нақты дәлелмен көрсетуді мақсат етіп отыр», - деді қазақ тілін меңгеруге құлшныс пен қызығушылық білдірген өзге ұлт өкілдеріне алғыс айтқан Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, форум барысында отыз жылда тіл үйренуге не кедергі болды және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жолдары қандай деген мәселелер төңірегінде ой өрбітілді.

Ал форумның ашылуымен құттықтаған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов бүгінде қазақ коғамында ұлтаралық қатынастың қазақстандық бірегей үлгісі қалыптасқанын айтты.

«Әрине ұлтаралық татулықтың қазақстандық моделі туралы айтқанда мемлекеттігіміздің негізін қалаған, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз. Сондай-ақ, Мемлекет Басшысы – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деген болатын.

Бұл сөздің нақты өмірде іске асып келе жатқанының бір дәлелі – бүгінгі Өздеріңізсіздер!

«Тілі бірдің – тілегі бір» деген халқымыз. Ел бірлігінің негізі – тіл бірлігінен бастау алатыны белгілі», - деді Марат Әзілханов.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, 2014 жылдан бері этномәдени бірлестіктер жанында мемлекеттік тіл мен әр этностың өз ана тілін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін осындай оқыту курстарынан 81% этнос өкілдері оқудан өтіпті.

Жалпы, 2011 жылдан бастап Мемлекеттік тіл оқыту орталықтарында жарты миллионнан астам ел азаматтары (513 624) қазақ тілі курстарын оқып шыққан.

«Мемлекет Басшылығының тапсырмасы негізінде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Қазақ тілінің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар осы бағдарламалар және басқа да жобалар шеңберінде өз жалғасын таба беретін болады. Және ең бастысы – мемлекет бұл жобалардың барлығында да ең алдымен Өздеріңіздей талантты да белсенді азаматтарға сенім артады. Қазақ тілін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне жеткізу үшін мемлекеттік тілді жетік меңгерген сіздердің көмектеріңіз аса қажет. Қоғам бүгінгі сіздермен мақтанады. Басқалар сіздерге қарап ой қалыптастырады, бой түзейді», - дейді форум қатысушыларының қазақ тіліне деген құрметі елдің бірлігі мен ынтымағын арттыратынын атқан М.Әзілханов.

Бүгінгі басқосуға еліміздің Қостаанай, Қарағанды, Маңғыстау облыстарынан қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері де келген болатын. Олар жиын барысында қазақ тілін қалай меңгергендері туралы баяндады, тілдің рөлін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар үшін «әлеуметтік лифттердің» болашағы туралы талқылады.


Сондай-ақ, бірқатар қоғам қайраткерлері мен белсенділері қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлестері үшін Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойлық медалімен және «Мейірім» төсбелгісімен марапатталды.


Кейін қарай