
17 Мамыр, 2016
895
«Мәдениет жәрмеңкесі»
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралардың ішінде бұл ерекшесі болды: Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-ның ҚазҰАУ тәрбие жұмысының ұйымдастырушылық-әдіснамалық бөлімімен біріге отырып студент жастардың арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихын, ұлыстарын, ұлттық асханасын, ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттауға арналған «Мәдениет жәрмеңкесі» сайысы өтті.
Аталмыш іс-шара жастардың бойында ұлтжандылық, бірлік, ұлтаралық келісім секілді қасиетті қалыптастыру мақсатында өткізілген болатын.
Университеттің 6 факультетінен құрылған топтар әділқазы алқасы мен көрермендерге ұлттық асхананы, Қазақстанда тұратын 12 ұлыстың салт-дәстүрлерін және де Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы жайлы өз білімдерін көрсетті.
Сайыс үш кезеңнен тұрды:
- қатысушылар ұлыстардың тарихымен, мәдениетімен, ұлттық дәстүрлерімен, ел өміріндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси маңызымен таныстырған презентациялар;
- ұлттық өнерден шығармашылық номер;
- ұлыстың ұлттық асханасы;
Әділқазылар мүшелігінде: Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, «Ватандаш» Қырым татарларының мәдениет орталығының төрағасы Бабалиев Сеит Умерсанович, Алматы облысы мен Алматы қаласының Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығының төрайымы Аннакулиева Гульнар Атаевна, Алматы қаласы әкім аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлан Мәуленов, ҚазҰАУ халықпен байланыс және редакциялық қызметінің басқарма бастығы Алмат Исадил, ҚазҰАУ тарих кафедрасының ұстазы, тарих ғылымының кандидаты Әмина Ахантаева болды.
Сайыс қорытындысы бойынша әділқазылар алқасы 6 номинация бойынша 6 жеңімпаз топтарды анықтады. Олар грамота және Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қалған топтар да қатысқаны үшін алғыс хаттармен және Алматы қаласы Қазақстан халық Ассамблеясы ұсынған сыйлықтармен марапатталды.
Қорытынды құттықтау сөзімен шыққан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Бабалиев Сеит Умерсанович жастар мен барлық қатысушыларға арнаған арнауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстандағы ұлт пен ұлыстардың бірлікте өмір сүріп, өз ұлттық мәдениетін, тілі мен дәстүрін сақтауына ықпал жасап отырған сара да сарабдал саясатын атап өтті.