Мұрат Әуезов: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мемлекеттің мәдениетке көзқарасын айқындайтын жоба

Алаштың айтулы тұлғасы,   қоғам қайраткері, мәдениеттанушы-ғалым    Мұрат Мұхтарұлы Әуезов Қарағандының Достық үйінде этномәдени бірлестік өкілдерімен, журналистермен, жазушылармен, ақындармен және жастармен кездесті. Оның барысында мәдениет пен тілдер диалогы төңірегінде әңгіме өрбіді.

Мұрат Мұхтарұлымен бірге   бір топ   ғалымдар, атап айтсақ, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Сембі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптама тобының мүшесі, профессор Нұрсұлу Шаймерденова және «Выпускники российских вузов» қазақстандық бірлестігінің президенті Джемма Аманжолова   Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында халықпен пікір алмасып, ой-толғаныстарын ортаға салды.            


«Қасиетті  Арқа  өңірінен небір  зиялылар мен жақсы-жайсаңдар, ғалымдар шыққан. Мұнда келу мен үшін үлкен қуаныш. Айтылар әңгіме де, қозғалар ой да салмақты болатынына сенімдімін. Бүгін осы Достық үйінің кітапханасына арнайы «Времен связующая нить» атты кітабымды сыйға тарту етемін. Әкем алашордашылармен де аралас-құралас болды. Мені өз қолымен 1-сыныпқа қазақ мектебіне ертіп апарғаны да әлі күнге есімде. Әкеден алған тәрбиемді, білген-түйгенімді осы кітаптың ішіне сыйғызуға тырыстым. Мұрат Әуезовті осы кітаптың ішінен іздесеңіздер болады», – деді М. Мұхтарұлы.

Сондай ақ, бұл кітапқа Мемлекет және қоғам қайраткерінің жүріп өткен өмір жолынан сыр шертетін тәуелсіздіктің қадір-қасиеті де терең жазылған. Менің    армандаған тәуелсіздігім – осы кітапта сәл де болса орнын тапқан дүние,- деп толықтырды ол.

Достық үйінде құрметті қонақтар шығармашылықты дамыту орталығы мен мұражай жұмысымен танысты. Бұдан соң, конференц залда жиналған жұртшылық өз сауалдарын қойып, Мұрат Әуезов  жиналғандарға ұлы ойшыл-данышпан Абайдың философиялық-дүниетанымдық көзқарастарының еліміздің өскелең ұрпағы үшін маңызы туралы әңгімелеп берді.

Сондай-ақ, өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен және ұлтын ұлықтаған тұлғаларымен мақтанатынын, осылайша, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылатынын, бұл орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мәдениетке деген мемлекеттік көзқарастың ұстанымын айқындаған маңызды жоба екенін атап өтті М. Әуезов.

Кездесудің екінші бөлімі аймақтың журналистері, ақын-жазушылары енген Әдеби клубтың құрылуымен жалғасты.


Back to the list