Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Сәуір, 2019

2108

Мұратбек Зейнуллин: Солтүстік Қазақстан облысы көпэтносты өңірлердің бірі

Қазақстан халқы Ассамблеясы көпэтносты мемлекетте тұрып жатқан халықтардың қара шаңырағына айналып, бүгінде шетелдік деңгейде үлгі болған.

Қазақстан халқы Ассамблеясы көпэтносты мемлекетте тұрып жатқан халықтардың қара шаңырағына айналып, бүгінде шетелдік деңгейде үлгі болған.

Республикамыздың өңірлерінде Ассамблея Хатшылықтары қоғамдық келісім ұлт бірлігін нығайту саясатын жүзеге асыруда оң нәтижеге қол жеткізуде. Бүгінгі сұхбатымызда Солтүстік Қазақстан обылысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Мұратбек Зейнуллин облыстағы атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып өтпек.

— 1995 жылдың наурызында дүниежүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым өзінің өміршеңдігін дәлелдеді деп айтсақ толық негіз бар ғой.

— Қазақстан Республикасы көпұлтты ел бола отырып, этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделін құрды. Этносаралық және қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде Қазақстан Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған консультативтік-кеңесші органнан конституциялық мәртебесі және Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілдігі бар саяси институтқа дейінгі жолды жүріп өткен Қазақстан халқы Асамблеясы ерекше рөл атқарады.

Қазіргі уақытта барлық этномәдени қоғамдық бірлестіктерді, этностардың барлық өкілдерін біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясы түрлі этникалық топтар мен олардың мүдделері арасындағы теңгерімді қолдайтын, сондай-ақ қоғамдағы келісімді нығайтатын құрылым болып табылады.

Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 25 жылдығын атап өтеді. Өткен уақыт ішінде бұл бірегей қоғамдық-саяси институт дамудың жоғары динамикасын көрсетті.

Бүгінгі таңда Ассамблея қоғамдағы әлеуметтік жаңғырту үдерістеріне қосылды, бұл дегеніміз білім берудің, денсаулық сақтаудың жаңа жүйесін дамыту, ел этностарының мәдениеті мен дәстүрлерін сақтау, ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру арқылы мемлекеттік тәуелсіздікті нығайту, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, толеранттылық пен халық бірлігін сақтау.

Ағымдағы жылы Солтүстік Қазақстан облыстық Ассамблеясы халық арасында, соның ішінде кәсіпорындардың еңбек ұжымдарында, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, сондай-ақ шетелде этносаралық және конфессияаралық келісімді насихаттау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

Облыста Қазақстандағы этносаралық ахуалдың бірыңғай әлеуметтік мониторингі бағдарламасы бойынша өңірдегі этносаралық қатынастарды зерделеу бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізілуде. Өңірдегі этносаралық қатынастар қолайлы және байсалды болып сипатталады.

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жас ұрпаққа мәдениетаралық диалог принциптерін сіңіру мақсатында тренингтер, дәрістер, семинарлар мен конференциялар өткізеді.

Сондай-ақ этносаралық келісім мақсатында дөңгелек үстелдер, диалог алаңдары, кеңестер, отырыстар, әңгімелесулер, лекториялар өткізіледі. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдық бөлімшелерінің құрамына кіреді, олар: Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Журналистер клубы, ғылыми-сараптамалық топ, жастар қанаты, медиация кабинеті.  

Солтүстік Қазақстан облысы көпэтносты өңірлердің бірі болып табылады. Біздің Ассамблеяның қызметі бейбітшілік, достық пен мейірімділікті нығайту үшін әрі қарай да қызмет ететініне, ал біздің өңіріміз ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің үлгісі болып қала беретініне сенімдіміз.

— Бірер күндерден кейін көпұлтты елімізде 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі мейрамы тойланады. Облыстық Ассамблея қандай шараларды қолға алып жатыр?

— Қазақстан халқының бірлігі мейрамы барша қазақстандықтар үшін бүкіл халықтың бейбітшілігін, келісімін, бірлігін білдіретін ең маңызды мейрамдардың бірі болып табылады.

Жыл сайын Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Бірлік күнін мерекелеуге арналған кең ауқымды іс-шараны ұйымдастырады.

1 мамыр күні Достық үйінің жанында барлық этномәдени бірлестіктер қатысатын «Бірлігіміз жарасқан» ұлттық мәдениет фестивалін өткізу жоспарланып отыр.

Әртүрлі этностардың сәндік-қолданбалы өнер, ұлттық тағамдар, мәдениет пен шығармашылық мұраны білу бағыттары бойынша жетістіктерін көрсету мақсатында Достық үйінің алдындағы алаңда төрт жартылай киіз үй орнатылады:

«Шебер қаласы» – онда сәндік-қолданбалы өнер көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады, сонымен қатар қабықтан бұйымдар жасау, кесте тігу, тоқу, сабын қайнату бойынша шеберлік сыныптар өткізіледі.

«Қымыздан қуат алған біртұтас ел» – бұл киіз үйде қымыз, сондай-ақ қазақтың ұлттық тағамдары қойылады.

«Ас – адамның арқауы» – ұлттық тағамдардың көрмесі, шеберлік сыныптар. Бірыңғай дастарқанда ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылады, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің өкілдері дәстүрлі тағамдарды дайындау технологиясының ерекшеліктері бойынша шеберлік сыныптарын дайындайды.

«Бір шаңырақтың астында» – бұл жартылай киіз үйде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты –«Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының аймақтық штабының өкілдері тұрғындар мен мереке қонақтарымен ойын-сауық, интерактивті бағдарлама өткізеді.

Сонымен қатар ұлттық киім киген жастардың «Біздің күшіміз бірлікте» атты би флешмобы ұйымдастырылады және «Достық гүлінің» имитациясы өтеді. Осы қойылым аясында барлық этномәдени бірлестіктердің өкілдері ана тілінде құттықтау сөз сөйлеп, көркемөнерін ұсынады.

— Нұр-Сұлтан қаласында өтетін сессияға баратын делегаттар туралы айтып кетсеңіз. Қанша адам барғалы жатыр? Маңызды жиында қандай мәселелер көтересіздер?

— Қазақстан Республикасы Президентінің өкіміне сәйкес 2019 жылы 29 сәуірде «Бейбітшілік пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғырту» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтеді.

Сессияның негізгі мәселелері – қазақ халқының біріктіруші рөлінде қазақстандық патриотизм, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде Қазақстан Республикасындағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету.

Солтүстік Қазақстан облысынан отыз жеті адамнан тұратын делегация қатысады, оның ішінде он төрт адам Республикалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, тоғыз адам жастар қанатының өкілдері, сондай-ақ облыстық ассамблеяның құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері.

— Облыстық Ассамблея шаңырағының астында қазіргі кезде қанша ұлттық бірлестіктер бар. Олар қандай жұмыстар атқарды?

— Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына жиырма алты этномәдени бірлестік кіреді, олардың қызметінің мақсаты Қазақстан Республикасында тұратын этностардың мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтау арқылы бейбітшілікті, этносаралық келісімді және ұлтаралық бірлікті нығайту болып табылады. Облыс аудандарында бір жүз жетпіс бес этномәдени орталық бар.

2018 жылы этномәдени орталықтар үш жүз мыңнан астам адамды қамтыған екі мыңнан астам іс-шара өткізді.

Этномәдени орталықтар – бұл шын мәнінде өзінің жоғары адамгершілік және рухани қызметінің арқасында біртұтас ұлтты қалыптастыру мен нығайтуға ықпал ететін жергілікті жерлердегі пәрменді тетіктер.

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері өңірде өткізіліп жатқан қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық іс-шараларға қатысып, белсенді азаматтық ұстанымды танытуда.

Дәстүрлі түрде фестивальдар, концерттік бағдарламалар, шығармашылық кездесулер, акциялар, форумдар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, квест және тағы басқаларын ұйымдастыру арқылы этностардың мәдениетін насихаттауға арналған іс-шаралар өткізіледі. Этномәдени бірлестіктер жүзеге асырған жобалардың ауқымы жыл сайын артып келеді.

Маусым айында отызыншы рет Петропавл қаласында «Дуслык» татар-башқұрт қоғамдық орталығы қаланың бас алаңында түрлі этностардың өкілдерін жинайтын «Сабантой» мерекесін өткізеді. Іс-шараға тек Солтүстік Қазақстан облысының ғана емес, сонымен қатар Қостанай, Көкшетау, Нұр-Сұлтан қалаларының, Ресей Федерациясының Татарстан Республикасының вокалдық және хореографиялық ансамбльдері қатысады.

Қазақстан Республикасының Нұр-Сұлтан қаласы күнін мерекелеу аясында дәстүрлі түрде «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығы» қоғамдық бірлестігі қазақ мәдениетінің фестивалін өткізеді, онда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық этномәдени бірлестіктерінің өкілдері өнер көрсетеді. Достық үйінің алдындағы алаңда мыңнан астам адам жиналады.

Жыл сайын қазан айында халықаралық мәртебеге ие болған славян мәдениетінің «Покровский перезвон» фестивалі өткізіледі. Фестивальға Петропавл қаласы мен облыстың, сондай-ақ Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерінің шығармашылық ұжымдары қатысады. Фестиваль сегіз жүзден астам адамды қамтиды деп күтілуде.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ тілін дамытуға үлесін қосуы керек деген болатын. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр.

— Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында Достық үйінің қызметкерлері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері үшін мемлекеттік тілді оқыту курстары ұйымдастырылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2015-2019 жылдары Қазақстанда тұратын этностар балаларының мемлекеттік тілін үйрену аясында облыс аумағында «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы жүзеге асырылуда, оның аясында «Менің Отаным – Қазақстан», «Тіл шебері», «Қазақша сөйлесейік» акциясы, «Мәңгілік Ел – мәртебелі тіл» шығармашылық байқаулары өткізіледі.

Бұл жоба ұлттық рухани құндылықтарға (мәдениетке, дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға) ену арқылы мектеп жасына дейінгі балалар мен білім алушылардың, әртүрлі этникалық топ жастарының қазақ тілін оқыту үдерісінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамытуға жәрдемдесуді көздейді.

— Сұхбатыңызға рақмет, жұмыстарыңызға табыс тілеймін!

 

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Кейін қарай