Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Ақпан, 2021

949

Мағауия Қанапияұлы: «Алғыс айту – риясыз ризалықтың нышаны»

Елордадағы Достық үйінде Алғыс айту күніне орай дөңгелек үстел өтті. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, этномәдени бірлестіктер мен «Жаңғыру жолы» жастар қанатының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелде сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы ең алдымен мерекелік іс-шараға қатысушылар мен барша қазақстандықтарды келе жатқан Алғыс айту күнімен құттықтады.

«Отандастар қоры» вице-президенті Мағауия Қанапияұлы биылғы Алғыс айту мерекесінің Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келгендігін айрықша атап өтті.

–Алғыс айту күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығына сәйкес бес жылдан бері мерекеленіп келеді. Алғыс айту күні ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен күллі Қазақстан халқына деген шынайы құрметтің орнауына негіз болған Елбасымыздың бейбітшілік пен келісім саясатының арқасында өтетін мереке. Бұл тағдыр тауқыметімен ұлы даламызға қоныс аударған түрлі этностардың құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жерінің қонақжай халқына деген разылығының белгісі, – деді «Отандастар қоры» вице-президенті Мағауия Қанапияұлы.

Мағауия Сарбасов түрлі себептермен қазақ жеріне қоныс аударған түрлі ұлт өкілдеріне құшағын жайып, бауырына басқан кең пейіл халқымыздың бауырмалдығын ерекше атап өтті.

–Бүгін де Қазақстан әртүрлі ұлт өкілдері арасында адамгершілік қарым-қатынас орнаған өнегелі елге айналды. Алғыс айту күні – ел басына күн туған күрделі кезеңде иық тірестіре білген, қиындықты бірге еңсеріп, тәуелсіз еліміздің аяғына нық тұруына үлес қосқан азаматтардың бір-біріне деген құрметінен шыққан мереке. Осы орайлы сәтте «Отандастар қоры» атынан және өз атымнан бірлік пен ұлтаралық татулықтың ұйытқысы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 26 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Алғыс айту – риясыз ризалықтың нышаны, – деп шет елдегі қандастар мен Отандастар атынан Мағауия Қанапияұлы алғысын білдірді.

Биыл сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен қазақ жеріне қоныс аударған қандастар көшіне 30 жыл.

–Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы. Батыр бабаларымыз азаттықты аңсап, ұлан байтақ даламызды ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғады. Дербес ел ретінде еншімізді алғанымызға Аллаға шүкіршілік айтамын. Кеңес Одағы тараған аумалы-төкпелі кезеңде тығырықтан шыға білуіміз Елбасының сарабдал саясатының арқасы. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде егемендігін жариялаған бойда, Тұңғыш Президентіміз шартарапқа тарыдай шашыраған қандастарымызды қазақ жеріне қайта шақырып, бір шаңырақ астына бірігуге үндеді. Алыстағы ағайынға хатын арнап, ізгі ниетін білдірді. Қазақ көшін жандандыру мақсатында тұңғыш дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылып, алғашқы құрылтайы 1998 жылы 28 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Алматы қаласында өтті. Құрылтайда сөйлеген сөзінде Елбасы: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз туған еліміздің тәуелсіздігін баянды етуіміз керек»,– деп еліміздің қуатын арттыруға, халқы мен қоғамдастықтар абыройын көтеруге, адал қызмет етуге парыздар екенімізді айтты. Сол сөздерімен миллиондаған қазақтардың ет жүрегін елжіретіп, Алашқа асқақ рух сыйлады. Артынша атажұртын аңсаған ағайындар елге орала бастады. Қандастар көшіне де биыл 30 жыл толып отыр. Барша қандастар атынан қазақ халқына риясыз ризалығымды білдіремін, – деп құттықтау сөзін аяқтады М.Қанапияұлы.

Кейін қарай