Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Ақпан, 2021

575

Магомед Султыгов: «Қазақтар туыстарымызды жерлеуге көмектескен»

Қарағандылық Султыговтар отбасы Алғыс айту күнін жыл сайын отбасымен бірге қарсы алады. Қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылғандардың ұрпақтары үшін 1 наурыз тек көктем мен ризашылық мерекесі емес. Ол – өмірден озған жақындары мен достарын еске алу күні.

Султыговтар отбасының тарихы бүкіл Кавказ халқының трагедиясымен тығыз байланысты. Деректер бойынша 1944 жылдың қыс мезгілінде 400 мыңға жуық адам арнайы Қазақстанға Шешен–Ингуш АССР-нен жер аударылды. Қарағандылық Магомед Әбукарұлы ата-анасының қиын және қорқынышты кезеңдерді бастан кешкені жайлы, «халық жаулары» деп айыпталып, адам төзгісіз азапты күйде келгендері жайлы естеліктерін әлі күнге дейін айтып отырады.

- Қиын жағдай болды. Ресми мәліметтер бойынша бір жарым мыңға жуық адам жол бойында қайтыс болған. Тіпті оларды жер қойнына тапсыруға рұқсат етілмегендіктен, жерлеусіз қалдыруға тура келген. Анам бізге бір ай бойы бүкіл отбасымен жол жүргенін айтатын еді. Ағасы жолда ату жазасына кесіліпті. Аштықтан, аурудан қатты қиналған. Жолда анамның барлық жақындары – күйеуі және үш баласы қайтыс болыпты. Сөзіне қарағанда бұл сынақтан өзінің жанын әрең аман алып қалған, - деп еске алады Магомед Султыгов.


Анасы – Султыгова Даухан Магаметқызын қазіргі Көкшетауға, әкесі – Султыгов Әбукар Полкиұлын – Солтүстік Қазақстанға жер аударған. Жергілікті тұрғындар ағылып келіп жатқан жүз мыңға жуық қоныс аударушыларды сақтықпен қабылдайды.

Анасының қайғылы естеліктері кішкентай балаларына да әсерін тигізді. Депортацияланған «халық жаулары» өз елді мекендерінің шегінен шығуға құқығы жоқ еді. Тіпті жақын адамдарының өлімі арнайы коменданттың жарлығын бұзуға себеп болған жоқ.

- Вайнахтардың қонысы өзеннің бергі жағында болса, қазақтар арғы жағында тіршілік етті. Өзеннің ортасы шекара деп саналды. Ингуштарға шекарадан өтуге рұқсат жоқ болғандықтан, қайтыс болғандардың мәйіттерін өзенге көтеріп әкеліп, арғы беттегі қазақтарға жерлеу үшін табыстайды екен. Осылайша басқа жағалауда тұрып, туыстарымызды соңғы сапарға шығарып салдық, бала болсам да осының бәрін көзбен көріп, куә болдым. Бірақ діні бір, Құдайы бір бауырларымыздың жақындарымызды құрметпен жерлейтініне күмәніміз болмады. Осындай жақсылықтары үшін жергілікті тұрғындарға рахмет, - дейді Магомед Әбукарұлы.

Оның анасы мен әкесі жер аудару кезінде жұбайлары мен бала-шағасынан айырылғандықтан, Қазақстанда келіп, қайта отбасы құрған екен. Ары қарай күн көріп кету үшін ауыр болса да, цемент зауытында, фермаларда жұмыс жасайды.

- Отбасымызда жеті бала едік. Ішер ас пен су бәріне жетпесе де, өте ұйымшыл болдық. Гректермен, немістермен, қазақтармен, орыстармен дос болып, бір ортада жұмыс істеп, бір үстелден ас ішіп, соңғы тамақты бөлісіп жеп, бір мектепте оқыдық.


Султыговтар отбасының үлкені балалық шағын осылай еске алды. Осы ауызбіршілік қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген халықтардың қиын-қыстау кезеңді артқа тастауына мүмкіндік берген.

Магомед Султыгов – Қарағанды облысы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Өткен тарихтан сыр шертіп, өскелең ұрпаққа, жастарға бастан кешкен оқиғаларын айтып отырады. Себебі олардың санасына мейірімділік, адамшылдық қасиеттерін сіңіріп, өткенді құрметтеуді насихаттау – үлкен буынның парызы деп есептейді.

- Қарағанды – тарихы тереңде жатқан қала. Оған бір себеп – бұл өңірде саяси құрбандарды тұтқындаған Карлаг лагерінің болуы. Қаншама қиын күнді бастан кешсек те, қазақ жерінде өз бақытымызды тауып, мәңгі тұрақтап қалдық. Ауыр сәттерде қолдау білдіріп, сыртқа теппеген қазақ еліне мың алғыс, - дейді Магомед Әбукарұлы.

Кейін қарай