Қазақстан халқы Ассамблеясы

13 Сәуір, 2016

980

Медиация – этномәдени бірлестіктер жұмысында

            Жұма күні Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Этномәдени бірлестіктер жұмысына медиация институтын енгізу» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.  

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының  «Біртектілік пен бірлік» бөлімін іске асыру барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның өңірлік құрылымдары дау-жанжалдардың алдын алуда этностық медиация орталықтары болып, толерантты және жанжалдарсыз қарым-қатынастарды қалыптастыруда маңызды рөлді атқаруы керек, - деп атап өтті мекеме басшысы Рано Убайдуллаева. – Біздің алға қойған мақсатымызды жүзеге асыру жолында, облысымызда бес жылдан бері Л.Сафонованың басшылығымен жұмыс атқарып келе жатқан  «Бітімгер» медиация және құқық орталығының өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясымен іскерлік серіктес болғаны едәуір жеңілдіктер туғызады.

            Дөңгелек үстел отырысының модераторы, «Бітімгер» медиация және құқық орталының кәсіби медиаторы Сауле Саяхова кезекті сөзді философия ғылымының кандидаты, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топ төрағасының орынбасары Парида Мамедоваға берді. Ол өз сөзінде: - Медиацияның аймақтардағы этноаралық  дау-дамайлардың алдын алу ісіне жеткені өте дұрыс болды, - деп атап айтты. - Медиацияның (тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі, дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдісі) көптеген ұлт өкілдері тұратын біздің аймақта бірқатар ерекшеліктері бар. Тұрмыстық жағдайда туындаған дау-дамайлар, кей кезде кейбір «делдалдардың» арқасында этносаралық жанжалдарға ұласып кетеді. Мұндай кезде этномәдени бірлестіктердің алдын алу жұмыстарында ақсақалдар мен аналар кеңесінің рөлі өте жоғары болмақ. Себебі  қандай да болмасын дау-дамайларда біз көбіне ақсалдардың даналық сөздері мен беделіне жүгінеміз, әрине ондай кезде олар осы медиатор-бітімгерлер рөлін атқарады. Әйтсе де, медиация заңдылығы өте күрделі, ал медиатордың шешім мәртебесінің күші сот шешімімен тең келеді. Сондықтан да біз этносаралық дау-дамайларды болдырмаудың алдын алуымыз керек. Біздің мақсатымыз – дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Бұған ғылыми-эсарапшылық топтың мамандары әдістемелік ресурстарымен және тәжірибелерімен бөлісуге әрқашан дайын.

            Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-де қала және облыс тұрғындарының этносаралық дау-дамайларға қатысты сұрақтар бойынша жүгінуіне болатын медиация іс-бөлмесі ашылған. Онда ағымдағы жылға арналған медиация қызметі бойынша іс-жоспар дайындалып, этномәдени бірлестіктер, ақсақалдар мен аналар кеңестерінің, жастар лигасының, журналистер клубының мүшелеріне медиация туралы методикалық анықтамалықтар мен оқу курстары дайындалуда.

            Дөңгелек үстел отырысының күн тәртібіндегі талқылауға белгілі қоғам қайраткері, медиатор Эдуард Пак және  өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, заңгер Абдрахман Зайнутдинов  те атсалысты. Барлық қатысушылар этномедиацияны Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық құрылымдарына енгізіп, ілгерілету жолында өзара бірлесіп жұмыс атқару керектігін атап өтті. 

 

 

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай