Қазақстан халқы Ассамблеясы

06 Тамыз, 2015

891

Медиация орталығының ұрыс-жанжалдардың алдын алу және шешу мәселелері бойынша отырысы

2015 жылғы 6-7 тамызда Астана қаласында, «Думан» қонақүй кешенінің «Парламент» конференц-залында (Қорғалжын тас жолы, 2а), Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасы  Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі және «Қоғамдық пікір» зерттеу институты  Медиация орталығының ұрыс-жанжалдардың алдын алу және шешу мәселелері бойынша отырысын өткізеді. 

2015 жылғы тамызда Астана қаласында, «Думан» қонақүй кешенінің «Парламент» конференц-залында (Қорғалжын тас жолы, 2а), Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасы  Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі және «Қоғамдық пікір» зерттеу институты  Медиация орталығының ұрыс-жанжалдардың алдын алу және шешу мәселелері бойынша отырысы басталды.

Бұл отырыстың мақсаты шетелдік және отандық сарапшылардың, Бас прокуратураның, Жоғарғы соттың, Әділет министрлігінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен қоғамдық келісімді нығайту, қоғамдық келісім мәселелерін шешуде медиация рәсімдерін пайдаланатын мемлекеттік органдардың ынтымақтаса жұмыс істеуі мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан нақты механизм –  Медиация институтын, Медиаторлар мектебін құру,  оны дамыту және нығайту мәселелерін талқылау болып табылады. 

Іс-шараға халықаралық сарапшы-медиаторлар, Болгариядан, Испаниядан, Ресейден келген ғалымдар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚР  Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ сарапшылары, Қазақстан медиация орталықтарының өкілдері, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің және ҚХА ғылыми-сараптамалық топтарының мүшелері, ҚХА жанындағы Өңірлік қоғамдық келісім кеңестерінің, ҚХА Аналар кеңестерінің, ҚХА кафедраларының, БАҚ-тың өкілдері қатысуда. 

Іс-шара шеңберінде жалпы отырыс, бағдарламалар мен медиация орталықтарының таныстырылымдарын, медиацияның техникасын және медиацияны пайдалану тетіктерін үйретуді мақсат ететін семинар-тренинг өткізу, алдын алу саясатын дамытуға жәрдемдесетін дағдыларды алу, осы мәселедегі Қазақстанның қоғамдық келісімді, толеранттылық пен ел бірлігін нығайтумен байланысты тәжірибесін талқылау жоспарланып отыр. Семинар-тренингтің барысында әртүрлі бағыт бойынша медиация бағдарламаларының таныстырылымы болады. Оқытып-үйрету  семинар-тренингінің қорытындысы бойынша қатысушыларға халықаралық үлгідегі сертификаттар табыс етіледі.   

Өткізілген отырыстың қорытындысы бойынша Гранада университетінің (Испания) Бейбітшілік және ұрыс-жанжалдар институты мен ҚР  Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ арасында Ниет хаттамасына қол қойылады. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, медиация рәсімдерін қоғамдық келісімді дамыту және нығайту мәселелерін шешуде пайдалану үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан Медиация институтын дамыту моделі әзірленетін болады.  «Медиация туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсынымдар әзірлеу көзделген. ҚР  Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ және «Қоғамдық пікір» зерттеу институты негізінде ҚХА Медиация орталығын, ҚХА медиаторлар мектебін құру тұжырымдамасы әзірленген. 

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі осы отырысты өткізуде серіктес болып отыр. 

 

***

2011 жылғы 12 қаңтарда Қазақстан Парламенті «Медиация туралы» заңды қабылдады. Онда азаматтық және қылмыстық процестерде дауларды шешудің балама тәсілі ретінде медиация институтын енгізу көзделген.  Президент Заңға 2011 жылғы 28 қаңтарда қол қойған. 

Басқа елдердің тәжірибесі дауларды медиатордың қатысуымен реттеу көп жағдайда келісімге келумен аяқталатынын көрсетеді. 

Медиацияны енгізу мәселенің алдын алуға және құқықтың түрлі саласында да, құқықтан тыс шиеленістерде де дауларды шешудің қазір қалыптасқан тәжірибесіне белсенді түрде оң ықпал етеді. 

Қазіргі  түсініктегі медиация ХХ ғасырдың екінші жартысында ең алдымен ағылшын-саксон құқығы қолданылатын елдер – АҚШ, Австралияда дами бастады, содан кейін Еуропаға тарала бастады. 

Медиацияны пайдаланудың алғашқы талпынысы отбасылық қатынастар саласындағы дауларды шешу барысында жасалды. Кейіннен медиация отбасылық даулардан бастап коммерциялық және жария саладағы көп тарапты күрделі дауларды шешуде де табыспен қолданылып, мойындалды.   

Әлемдік тәжірибеде медиацияны заңнамалық бекітудің көптеген мысалдары белгілі.   Тиісті актілер  АҚШ, Австрия, Германияда қабылданған. Еуропа комиссиясы   Медиатордың кодексін бекітті, ал Еуроодақ медиаторлар қызметін реттейтін бірқатар директивалар шығарды. 2002 жылы БҰҰ халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы (UNCITRAL) «Халықаралық коммерциялық келісу рәсімі туралы» типтік заңды әзірледі, оған түсіндірме жазбада медиация институты қолданылатын елдерде медиация барысында қол жеткізілген заңдық тиімділік пен келісімнің міндеттілігі туралы шолу берілген.  

 «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында Президент Н.Ә.Назарбаев  Үкіметке медиация институтын дамытуға бағытталған заңға бағынысты құқықтық база қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырды, сондай-ақ ол медиация құрылымдарын ұлттық және жеке компанияларда құру керектігін атап көрсетті.   

Қазақстан медиация үшін қажетті инфрақұрылымды жасай отырып, оны өзінің құқықтық жүйесінде  әлемдік тәжірибені ескере отырып, институцияландырды. 

 «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы диспозитивтік сипатта, бұл медиацияны кең ауқымда пайдалану туралы айтуға мүмкіндік береді. 

Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасында жеке- құқықтық дауларды шешу үшін істі сот талқылауына дайындау кезеңінде реттеу рәсімдерін пайдалану мүмкіндігі көзделген.  Тұжырымдамаға сәйкес азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру азаматтық істерді тез қарауды және шешуді қамтамасыз ету мақсатында істі сот талқылауына дайындау  кезеңін оңтайландыруға бағдарлануы тиіс.  

Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім институттары, Аналар, ақсақалдар кеңестері  этносаралық қатынастарды реттеу және толеранттылықты қалыптастыруда өлшеусіз рөл атқарады. 

 

   

  

  

  

Кейін қарай