Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Қыркүйек, 2016

726

Мемлекеттік тіл – ел тірегі

Ақтау қаласында Тілдер мерекесін атап өту жалғасуда.  Бұл жолы тақырып қаладағы  Н.А. Марабаев атындағы № 7 мектеп-лицейде оқушылар мен  мұғалімдері  қатысқан концерттік бағдарламада қамтылды. Қазақстан Республикасының әнұранымен басталған концерт әр түрлі халықтың сәлемдесуімен жалғасты. Мерекелік іс-шараға Қазақстан халқы ассамблеясы Маңғыстау облыстық хатшылығының меңгерушісі, өңіріміздің этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен өкілдері келіп қатысты.

Қонақтар жиналғандарға арналған құттықтау сөздерінде Елбасының «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деген сөзін мысалға келтіре отырып, елде тұратын барлық этностардың тілі мен мәдениетін дамытуға, соның ішінде, халықты топтастырушы рөл атқаратын - қазақ тілінің дамуына осындай іс-шаралар ықпал ететінін атап айтты.

Мерекелік концерттік бағдарламада әр этностың  әндері мен билер қамтылған. Мектептің өнерлі оқушылары 3 тілде өлең мен ән орындап, мемлекетіміздің үш тұғырлы тіл саясатына қалай үлес қосып отырғандарын көрсетті.. Келушілер қызықты өткен мерекелік іс-шараны көтеріңкі көңіл күймен тамашалады.

Сонымен қатар, әр ұлттың ұлттық тағамдарының көрмесі болды. Ұйымдастырушылар көрмеге барын салып дайындалып, тек Орта Азия ғана емес, Шығыс елдерінің де ұлттық тағамдарын әзірлеген. Жапон, корей елдерінің теңіз өнімдері мен ащы салаттарын, татар мен грузин елдерінің тәтті нандарын, орыс пен белорус халықтарының құймақтарын көпшілікке ұсынды.  

Іс-шара соңында «Булгар» татар этномәдени бірлестігің төрайымы – Зульфия Бернеева жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, «Қазақстан-2050» стратегиясында «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналатыны» көзделгенін, маңғыстаулықтардың осы бағытта жұмыс жүргізуіне этномәдени бірлестіктер де атсалысуы қажеттігін атап көрсетті. Сөзінің соңында ол бір шаңырақ астында бірлесіп, ауызбіршілігімізді және Отанға деген сүйіспеншілігімізді нығайтуға шақырды.

Маңғыстау облыстық «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай