Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Шілде, 2020

761

«Мемлекеттік тілді білуді міндеттеуді ұсынамын»

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» республикалық онлайн конференциясында мемелекеттік тілдің қолданысқа ену деңгейі талқыланды. Бұл шара Ассамблеяның 25 жылдығына сәйкес ұйымдастырылған болатын. Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатындағы мәселелерге де тоқталып өтті.Конференцияда ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық «Сенім» кеңесінің мүшесі, белгілі журналист Қазыбек Иса сөз сөйледі:

– «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» деген республикалық конференцияны ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Бұл еліміздің 30 жылдық Тәуелсіздік алған кезімізден бергі келе жатқан ең маңызды мәселе болып тұр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ана тілі» газетіне берілген сұхбатта өте көп мәселе айтты, көп нәрсені қамтылды. Соның ең бастысы қазақ тілі, яғни мемлекеттік тіліміз туралы болды. Мұның алдында да Президентіміз «Қазақ тілі –ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы керек» деп өзінің бірінші жолдауында да айтып кеткен еді. Одан кейінгі «Ана тіліне» берген сұхбатында да «қазақ тілі мақтанышқа айналуы үшін бұған қажеттілік керек» деді. Осы сөзге көңіл аударуымыз керек. Өйткені биіліктің жоғары мінберінен қажеттілік керек деп 30 жылда бірінші рет айтылып отыр. Мемлекеттік тілге қаншама миллиардтар бөлінсе де, оның іске асуы ойдағыдай болмағаны рас. Себебі бізде қажеттілік болмады. Яғни мемлекеттік тілді білу міндетті болған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі төрағалық ететін ұлттық кеңестің алғашқы отырысында мен осы мемлекеттік тілді міндеттеу туралы заң қабылдау туралы ұсыныс жасадым. Және Қазақстан халқы Ассамблеясы деп бұл ұсынысқа бастамашы болуы керектігін де көтердім. Сол ұсыныстан кейін бір ай өтер өтпестен Ассамблея форум өткізді. Форумда 50 шақты өзге ұлт өкілінің қазақ тілін бізден артық сөйлеп тұрғанына мен қатты риза болдым. Алғысымды айттым. Олар қазақ тілін біздің кейбір «қазақ тілін ұмытып қалдым дейтін, орысша оқыдым» дейтін министр, әкімдерден де өте жақсы сөйлейді.

Ендігі Президенттің мемлекеттік тілге қажеттілік болуы керек деген сөзі іске айналуы керек. Іске айналу үшін заң қабылдауымыз керек. Мемлекеттік тіл туралы заңда қажеттілік екені көрсетілуі керек. 30 жылдан бері қол жетпей келе жатқан мемлекеттік тіл туралы заң қабылданғанда ғана қазақ тілі Президентіміз айтқан ұлтаралық тілге де айналады, қажетті тілге де айналады. Заң болмаса, барлығы сөз жүзінде қалады. Тамаша өткен форумнан кейін осындай конференцияның өткізілуі жақсы бастама. Тарихылық. Сол сияқты Жансейіт Қансейітұлы «қазақтану туралы жобаны қолға алып жатырмыз» деп айтқанын жақсы білесіздер. Бұл нағыз елдің бірлігіне әкелетін жоба деп ойлаймын. «Қазақ үні» ақпараттық порталымызда біздің мемлекеттік тілді қолдап, 121 мыңнан астам адам бір айдың ішінде қол қойды. Осыған Ассамблея мүшелері де үлкен үлес қосты. Мынау конференцияны жүргізіп отырған Максим Рожиннен бастап 30 шақты мүшесі қол қойды осыған. Оның ішінде он шақтысы өзге ұлттың өкілдері. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы көптеген игі шараларды өткізіп, мемлекеттік тіл үшін аянбай тер төгіп келеді.


Кейін қарай