Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Сәуір, 2016

1693

«Мейірімділік арқылы бірлікке» қайырымдылық акциясы

Бүгін Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында лейкоз, онкология және өзге де ауыр сырқат түрлеріне шалдыққан балаларды қолдау бойынша «Мейірімділік арқылы бірлікке» қайырымдылық акциясы өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Наурыз мейрамына орайластырылған қайырымдылық акциясын ұйымдастыруға Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоры, «Қазақстан украиндерінің радасы» заңды тұлғалардың республикалық бірлестігі және Астана қаласының «Оберег» украин қоғамы» қоғамдық бірлестігі мұрындық болды.

Шараға Қазақстандағы Балалар құқығы бойынша уәкіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты – Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты – Юрий Тимощенко, ҚХА мүшелері, «Асыл бала» республикалық қауымдастығының, «Altyn Kyran» қорпоративтік қорының және KMF шағын қаржы ұйымының өкілдері, сондай-ақ «Жанна Әубәкірованың арт-студиясы» шығармашылық ұжымы мен Астана қаласының этномәдени бірлестіктерінің мүшелері қатысты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан украиндерінің радасы» ЗТ РБ төрағасы Юрий Тимощенко: «Осындай керемет, шуақты күнде Сіздерді Наурыз мерекесімен құттықтау біз үшін үлкен мәртебе. Наурыз адамдарды жақындастырушы мейрам, табиғаттың қайта түлеп, жаңаратын кезі. Бұл мейрам Қазақстан халықтарының мәдениеті мен сан түрлі салт-дәстүрінің сәнін, көркін паш етеді. Бүгінгі концерттік бағдарламада түрлі этнос өкілдерінің өнер көрсетуі тегін емес. Халқымыз үшін толеранттық бәрінен жоғары, ол – біздің менталитетіміз. Сондықтан, бүгін баршаңызға денсаулық және төзімділік тілеймін».

 ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева: «Аса құрметті ата-аналар, балалар. Сіздерді шын жүректен Наурыз мейрамымен құттықтай отырып, сіздерге бақыт, мықты денсаулық тілеймін. Бүгінгі таңда Үкіметтің басшылық етуімен көптеген үкіметтік емес ұйымдар Елбасының тапсырмасы бойынша біздің балаларымызды емдеуге қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттары «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында жасақтаған «Қойырымдылық туралы» заңға сәйкес, ҚХА барлық демеушілер, қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың басын құраушы орталық болып табылады. Ендігі уақытта, Қазақстан халқы Ассамблеясы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып,  жүйелі түрде көмек көрсетіп тұратын болады».

«Ендеше, балаларымыз өз елінің лайықты азаматы болып өсуі үшін бар күш-жігерімізді бір арнаға біріктіріп, қолдан келген көмегімізді аямайық», - деп сөзін тұжырымдады Зағипа Яхияқызы.

 Өз кезегінде «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасының орынбасары Серік Тәңірбергенов Қазақстан халқы Ассамблеясына және іс-шара демеушілеріне алғыс білдірді. «Табиғат қыс құрсауынан оянған осынау көктемгі күнде, жанымыз жақсылықты, ізгілікті қалайды. Сіз бен біз – дәрігерлер, емделушілер, ата-аналар тәулік бойы осы жердеміз. Көбіңіз үшін емхана туған үйіне айналды. Терезеден жарқыраған күнге, шешек атқан гүлге қарай отырып, күннін жылулығынан бөлек, жанымыз да жылулық іздейді. Сіздердің емханада ем алуыңыз барынша үй жағдайына жақындатылған. Осы ретте, қолдан келгенше көмек көрсетіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатқан біздің демеушілерімізге алғыс айтуға рұқсат етіңіздер», - деді Серік Тарасұлы.

Акция барысында Орталыққа қажетті дәрі-дәрмек табысталып, балаларға сый-сиятап пен жеміс-жидек себеттері тарту етілді. Шараның ресми бөлімінен соң, елордалық «Оберег» украин қоғамы», «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы», «Қырғызстан – Астана» этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарының, сондай-ақ «Жанна Әубәкірованың арт-студиясы» әртістерінің және Астана қаласының дарынды жастарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.

Айта кету керек, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоры 5 жыл жүзінде «Ана мен бала ғылыми орталығы» АҚ-ға қолдау танытуда. Қор арқылы 500-ден астам балаға жәрдем жасалып, шетелдік жоғары білікті мамандардың шақыртылуымен диагностика жағы қамтамасыз етілді. Серіктестермен және демеушілермен бірлесе отырып, барлығы 59 млн. теңгеден астам сомаға көмек көрсетілді.

   

   

   

   

   

 

_____________________________

Астана қаласы әкімдігі жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. 24-98-56/ +7707-310-53-54/ +77071305659

WhatsApp - 7707-310-53-54/ +77071305659

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

Кейін қарай