Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Қыркүйек, 2019

1737

Молдованың Елшісі Нұр-Сұлтанда молдаван этносының мәдени орталығын ашу туралы ұсыныс білдірді

Елордадағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың Молдова Республикасының Қазақстан Республикасындағы, Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы Андрей Негуцамен кездесуі өтті.

Ресми кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыға салынды. Ассамблея құрылымымен, жұмысымен таныстырып өткен Жансейіт Қансейітұлы Қазақстанда 2002 жылы құрылған румын-молдован қауымдастығының құрамында молдовалық «Стругураш» мәдени орталығы (Алматы қаласы), «Дакиа» румын мәдени қоғамы» ҚБ (Қарағанды облысы) және «Буковина» румын-молдаван этномәдени бірлестігі» (Павлодар облысы) жұмыс жасайтынын айтты.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 500-ге жуық румындықтар мен 15 мың молдовандар тұрады. А. Негуца мырза өз кезегінде Қазақстандағы молдаван этностарының қазақ халқына деген алғысы шексіз екендігін атап өтті. «Молдаван этностарының өкілдерімен болған кездесу барысында олар Қазақ еліндегі саяси тұрақтылық пен бейбіт тірлікті және әрбір этностың ұлттық құндылықтарын дамытуға жасалған жағдайды мақтанышпен жеткізді. Алдағы уақытта Қазақстанмен халықаралық ынтымақтастықты дамытуда елдер арасындағы мәдени байланыстың аясын кеңейту үшін Ассамблеямен бірлесіп жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз деген сенімдемін», - деді А. Негуца.

Кездесу нәтижесі бойынша тараптар алдағы уақытта екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында бірлесіп жұмыс жүргізуге келісті. Сонымен қатар Молдова Республикасының Елшісі молдаван этносының мәдени орталығын Нұр-Сұлтан қаласында ашу туралы ұсыныс білдірді.

Рауан Ескали

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Кейін қарай