Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Ақпан, 2016

1274

Монумент «Қазақ еліне мың алғыс!» деп аталады

«Қоғамдық келісім» КММ-нің  мәжіліс залында  облыстық этномәдени бірлестіктер  төрағаларының қатысуымен Шымкентте «Қазақ еліне мың алғыс!» монументін орнату бойынша кезекті жиын өтті.

Жиынға  ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық ассамблея  хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Е.Байқонақов, облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, т.б. қатысты.

Жиында талқыланған негізгі мәселелер оңтүстік өңірінде тұратын 100-ден аса этнос өкілдерінің атынан салынатын монументтің бұрынғы жоспарланған «Қазақ халқына мың алғыс!» деген атауын «Қазақ еліне мың алғыс!» деп ауыстыру болды.

Этномәдени бірлестіктер төрағалары мұндай өзгеріс енгізудің мәнісін былай деп түсіндірді: «Қазақстанда бір ғана халық бар. Мұнда Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істейді. Ендеше, Қазақстанда тұратын түрлі этностарды қазақ халқынан бөліп-жарудың ешқандай негізі жоқ деп білеміз. Сондықтан бұған дейінгі қабылданған «Қазақ халқына мың алғыс!» деген сөзді «Қазақ еліне мың алғыс!» деп өзгертуді жөн санаймыз». 

Сонымен қатар, жиында  монументтің орнатылатын орны, оған кететін қаржы және т.б. мәселелер талқыланды.

Өз кезегінде сөз алған грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы З.Бочорошвили: «Татулықтың арқасында  бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Осы берекеміздің бұзылмауының, Қазақстанда тұратын барша этностар арасындағы айнымас достықты одан әрмен нығайтудың тағы бір көрінісі ретінде орнатылатын бұл монументтің биіктігі 7,5 метр, ені 5 метр етіп салынып, оған шамамен 7 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалғалы отыр»,- деді.            

              

 

Оңтүстік Қазақстан облыстық

Қазақстан халқы Ассамблеясы,

облыс әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ-нің

баспасөз қызметі

Кейін қарай