Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Маусым, 2021

445

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясы өтті

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен елордадағы Достық үйінде ZOOM платформасы негізінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясы «Тәуелсіздік. Бірлік. Гүлдену» тақырыбында өткізіліп, онда осы уақыт аралығына дейін атқарылған міндеттер кеңінен қамтылып, келешектегі атқарылуы тиіс міндеттер сараланды.

Сессия отырысына Нұр-Сұлтан қаласының әкімі, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Алтай Сейдірұлы Көлгінов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі. Марат Алмасұлы Әзілханов, Нұр-Сұлтан қаласы аудандарының әкімдері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің басқарма басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, елорда этнмәдени бірлестіктерінің жетекшілері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, тағы басқа да маңызды құрылымдар басшылары қатысты.

Аталған сессия отырысы алдында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі туралы қамтылған бейнекөрініс көпшілік назарына ұсынылды. Одан әрі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды.


Маңызды жиын туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгінов мәлімдеп, оның барысында атқарылған келелі істерді атап өтті: «Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылында елімізде орасан істер жүзеге асырылып, әлеуметтік-экономикалық дамуымыз еселенді. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі елеулі екенін зор ілтипатпен айтамыз. Жалпы айтқанда, еліміздегі тұрақтылықтың орнығуына, ынтымақ, бірлік пен берекенің қалыпты тыныш жағдайында нығаюына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Осы озық даму жолы сабақтастығын сәтті жалғастырып келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың да орасан үлесін лайықты атап өткен жөн»,-деді А.С. Көлгінов.


Өз кезегінде сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі. Марат Алмасұлы Әзілханов жиынға қатысушыларға игі лебізін жеткізіп, ортақ мақсатты көздеген істер туралы мәлімдеді:

«Сіздерді Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясын өткізумен құттықтаймын!

Есептік кезеңде астаналық Ассамблея және оның Хатшылығымен бірлескен үлкен жұмыс атқарылды.

Ең алдымен, Сізге Алтай Сейдірұлы, жан-жақты көмегіңіз бен қолдауыңыз үшін алғысымды айтамын.

Өзіңіздің жұмысқа атсалысуыңыз бен қатысуыңыз арқасында астанамыздың Ассамблеясы бас қалада және Республикамызда бейбітшілік пен бірлікті дамытуға бағытталған тиімді жұмыстың жарқын мысалы болып отыр.

Біз Нұр-Сұлтан қаласының этномәдени бірлестіктерінің жетекшілерімен әрдайым ерекше ықыласпен жүздесіп келеміз. Сіздер өңірлерге үлгі болатындай қоғамдық келісім мен бірлікті күшейту мақсатында қызмет етіп келе жатырсыз»

Өздеріңізге мәлім Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан халқы өңірлік ассамблеялары үшін үлгілік модель ретінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқының Ассамблеясын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы бекітіліп, іске асырылуда.

Бүгінгі басқосу астанамыздағы қызметіміздің бұдан әрі дамуының мейлінше өзекті мәселелеріне арналады»,-деді ол.

Одан әрі Нұр-Сұлтан қаласы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері өз қызметтеріне қатысты атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА XIX сессиясының Үндеуі жарияланды.


Нұр-Сұлтан қаласының әкімі, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан Ассамблеясының төрағасы А.С. Көлгінов пен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі. Марат Алмасұлы Әзілхановтың Алғыс хаттары үздіктерге табысталды.

Кейін қарай