Қазақстан халқы Ассамблеясы

19 Қыркүйек, 2019

1511

Қостанайда этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгеру бойынша сайысты

Қостанай қаласындағы Достық үйінде «Мың бала» және «Қазақтану» республикалық мәдени-ағартушылық жобалары аясында өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтауға бағытталған үшінші облыстық байқауы өтті.


Іс-шараға Қостанай облысының  қалаларынан және аудандарынан  келген 14 оқушы қатысты – украин, татар, өзбек, әзірбайжан, кәріс ұлттарының өкілдері бақ сынасты. 

Ұлттық киім киіп келген сайысқа қытысушылар биылғы іс-шарада эссе жазып, өзін-өзі таныстырып, «Бәйге» кезеңінің сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, Ұлы дала елінің біртуар ақыны Абай Құнанбайұлымен (рөлін сомдаған театр актеры) бір сахнада тұрып, қаламгердің өлеңдерін оқыды.


«Биыл бүкіл әлем бойынша Ұлы ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған ауқымды челлендж өткізілді. Оқушылар қатысқан театрландырылған қойылымның мақсаты - Ұлы ақынның қаламынан шыққан қайталанбас туындылардың бүгінде ел аузында жүргендігін таныту», - дейді Достық Үйі басшысының орынбасары Айжан Бекманова.


Оқушылар іс-шара басталмас бұрын «2019 жыл – Жастар жылы» тақырыбына эссе жазды. Таныстыру кезеңінде оқушылар өздерін, өз отбасын танытатын слайдтар ұсынып, өлең оқыды. Қарабалық ауданынан келген Эрика Белаец «Көзімнің қарасы» әнін орындаса, Амангелді ауданынан келген Эльвира Новицкая күй шертіп, ерекшеленді.


Байқаудың «Бәйге» деп аталатын соңғы кезеңінде оқушылар Қазақстанда тұратын сан түрлі халықтардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына қатысты сұрақтарға жауап берді. 


Қостанай қалалық М. Горкий атындағы гимназия оқушысы Али Гаджиев көптеген сұрақтарға дұрыс жауап беріп, озып отырды.


Байқау қорытындысы бойынша Амангелді ауданынан келген Эльвире Новицкая бірінші орынға, қостанайлық Али Гаджиев екінші, Лисаков қаласынан келген Анита Кан үшінші орынға лайық деп танылды.


«Ата – Мекен» Қазақ ұлттық-мәдени қоғамдастығының президенті, Санкт-Петербург қаласының Үкіметі жанындағы Консультативтік кеңес мүшесі Сарсенғали Құспанов барлық қатысушыларға сыйлықтар мен дипломдар табыс етті.


Іс-шара соңына қарай барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар табысталды.


 

Кейін қарай