Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Ақпан, 2022

1718

Патриоттықтың іргетасы ұлттық құндылықтар арқылы қалыптасады

Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру – бүгінгі қазақ қоғамының ерекше мән беріп отырған мәселелерінің бірі. Ол бірер жылда жүзеге асатын шаруа емес. Бұл бір қарағанда, ұлттық құндылықтар, рухани тәрбие, азаматтық, мәдени-әлеуметтік, саяси, экономикалық көзқарас пен дүниетаным секілді құндылықтармен үндесетін кең ауқымды ұғым. Міне, осының бәрі еліміздегі патриоттық тәрбиенің іргетасы іспетті «Мәңгілік ел» идеясының аясында тоғысуы қажет. Біздің еліміз сияқты әлемдік саяси-экономикалық кеңістікте жаңа қалыптасып келе жатқан ел үшін патриотизм идеясының, отансүйгіштік сана-сезімінің қалыптасуы аса маңызды мемлекеттік деңгейдегі міндет екені даусыз. Сондықтан патриотизм идеясы тек қана жастарды емес, бүкіл қоғам үшін мәні мен мазмұны түсінікті, елдің азаматтарын олардың тілі немесе ұлтына, дініне қарамастан біріктіре алатын, қазіргі заманның прагматизміне сәйкес келетін ұғымдарға негізделуі қажет.

Қазір елімізде осы бағыттағы бірнеше мемлекеттік деңгейдегі шаралар қолға алынып келеді. Солардың барлығы да қоғам мен жастар арасында отансүйгіштік сезімінің қалыптасуы мен тереңдеуіне ықпал ететін шаралар. Әңгіме, әрине, оларды жүйелі түрде, қалың көпшіліктің көкейінен шығатын, елі үшін мақтаныш сезімі туатындайтындай дәрежеде өткізуде екені сөзсіз. Қазіргі әлемдегі саяси, экономикалық тұрақсыздық пен дағдарыс кезеңінде елдегі жағдайдың тыныштығы мен бірлігі отансүйгіштік сезімін нығайтушы фактор екеніне күмән тудырмайды.

Оның үстіне, қазіргідей жемқорлық басым болып тұрған заманда адамдардың патриоттық сана-сезімін қалыптастыру оңай емес. Сондықтан бұл тұрғыда әлеуметтік-экономикалық мәселелердің оңтайлы шешім табуы маңызды. Қазір елімізде қазақстандық патриотизмді мағыналық жағынан толықтыратын елдегі этносаралық және дінаралық келісім саясаты көпшіліктің қолдауына ие десек, артық айтқандығымыз емес. Этностардың бір мемлекет ішіндегі оқшаулануы мен әлеуметтік, мәдени, құқықтық жағынан шектелуі қашанда ұлтаралық қатынастың дағдарысына әкелері сөзсіз. Сондықтан қоғамдық институт ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы ролі мен мүмкіндігін мейлінше пайдалану қажет.

Ал, патриотизмнің рухани жағына келер болсақ, өз халқыңның тарихын және оның жас ұрпаққа үлгі етер жақтарын білу, халқыңның біртуар ұлдары мен қыздарын мақтаныш ету, олардың ерлігі мен жетістіктерін әлемге паш ету қазіргі әлемдік бәсекелестік жағдайында патриотизмге тәрбиелеудің маңызды элементі екеніне шүбә жоқ. Дегенмен, ақпараттық технологиялардың дамуы өскелең ұрпақтың өзге елдің арзан мәдениеті мен отансүйгіштік сезіміне, ұлттық санасына тосқауыл қоятын идеологиясымен улануына себепші болуда. Осындай жағдайда этномәдени тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрлерді заманауи құралдар арқылы насихаттау мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек, сонда ғана жастрды отансүйгіштікке тәрбиелей аламыз.

Демек, бүгінгідей цифрландыру заманында қазақстандықтарды патриотизмге тәрбиелеу, қалың көпшіліктің отансүйгіштік санасын қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Өкінішке қарай, кейбір жастар отансүйгіштік сезімін өзіне өмір сүруге қолайлы жерге немесе мәдениетке айырбастап жатады. Сол себептен, ұлттық құндылықтардың бірі ретінде отансүйгіштік сезімін балабақшадан бастап тәрбиелеу елдің болашағын тәрбиелеудің негізі болып табылады. Сонда ғана қазақстандық патриотизм ұлттық құндылықтың іргетасына айнала алады.

Алматы қ. Достық үйі жұмысын қамтамасыз ету

басқармасының сарапшысы Б.Окенова


Кейін қарай