Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Наурыз, 2016

1032

Павлодар және КСРО халықтарының жер аударылуы

26 ақпанда Павлодар қаласының әскери даңқ мұражайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Ризашылық күніне арналған «Павлодар және КСРО халықтарының жер аударылуы» атауымен іс-шара өтті. Іс-шараға дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаттың оқушылары, облыстық этномәдени бірлестіктердің мүшелері, сол кездегі қиын және қайғылы оқиғалардың куәгерлері қатысты. Іс-шараны мұражай меңгерушісі Рустам Нажмиденұлы Тыштықов ұйымдастырды.

Қазақстан, сонымен қатар, Павлодар облысындағы көптеген этностар үшін қиын және қайғылы оқиғалардың бірі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы КСРО халықтарының жер аударылуы болып табылады. Бұлар: немістер, поляктар, шешендер, ингуштар, кәрістер және көптеген басқа халықтар. Совет одағында жер аудару үдерісінің жалпы санын айту қиын, оған өлім-жітімнің және жаңадан қуғындалған адамдардың үстемелеп келіп тұруы  әсер етті. 1941 жылдың соңында оның жалпы саны 386 492 адамды құрады. 1942 жылы республикаға Воронеж, Сталинград, Ростов облыстарынан және Солтүстік Кавказдан 100 мыңнан астам адам келді. Жалпы соғыс жылдары республика 1,5 миллион адамды қабылдады. Павлодар облысына жер аударылған адамдардың саны туралы жалпы деректер әлі күнге дейін жоқ. 1940 жылы екі ауданға 750 ирандықтар, 1942 жылы 42 997 арнайы қоныс аударылғандар (немістер 37 703) болды. Соғыс жылдарының басында облысқа 1207 поляктар, ал 1944 жылғы наурызда облысқа 41 773 шешендер мен ингуштар қоныстандырылды. Осы туралы өзі сөзінде мұражай меңгерушісі Рустам Тыштықов айтып өтті.

 Элла Емильяновна Ташимова мен Павлодар облысы шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы іс-шараның қонақтары болды. Элла Емильяновна «Возрождение» облыстық немістер этномәдени бірлестігінің құрметті мүшесі. Сол қиын-қыстау жылы ол жеті жаста болатын. Кішкентай болғанымен, ол көп қиындықты басынан өткізгені жөнінде баяндап берді.

Мумади Абдурашид балаларға өз халқының тағдыры туралы айтты. «Мен сол кездегі қиын-қыстау жылдарда жер аударылған адамдардың баласымын. Менің ата-анам жер аударылған кезде 11 жаста еді. Әскерилер машиналармен келіп, жиналуға 1 сағат уақыт бар деп айтыпты. Осылай менің ата-анам, атам мен әжем және менің барлық туыстарым қоныс аударылды. Атамның айтуынша оларды тауар таситын вагондарға тиеген. Олар қайда бара жатқанын да білмеген екен. Күнде әр вагоннан 3-4 адам қайтыс болған. Солдаттар келіп, барлығына «тұрыңдар» деп бұйырғанда, тұрмаған адамдарды бәрібір тірі қалмайды деп алып кетіп отырған. Қайда әкетіп жатқанын, жерлейді ме әлде жоқ па, немесе оларды лақтырып тастайды ма екен, оны ешкім де білген емес.

Павлодарға келгеннен кейін ата-аналарым, туыстарым, ауылдастарым әр түрлі аудандарға бөлінді. Менің атам мен апам депортацияның 13 жылы бойы Май ауданында тұрды. Олардың ауылдарынан 7 шақырым жерде, Қазан ауылында ауылдастары тұратын. Олар бір-біріне бара алмады. Бару үшін оларға коменданттан рұқсат алу керек болды. Рұқсатсыз барса олар сол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылушы еді.

Менің аталарым, олардың ұрпақтары, бізбен бір тілім нандарымен бөліскен қазақ халқына дән риза. Осы жылдар ішінде аман қалғандары – сол адамдардың арқасы деп білемін.  Марқұм ағамның айтуы бойынша олардың отбасында алты бала болған, оларды мектепке берген кезде, киімді қазақтардың балаларымен кезектесіп киген, солай мектепке барған. Қолда барымен бір отбасындай бөліскен. Үлкен адамдарды жұмысқа ала бастаған соң сәл жеңілдей бастаған. Сол кезде қазақтар орыс тілін, біздің аталарымыз қазақ тілін білмеген. Менің ата-анамның айтуынша олар қазақ тілін бір айдын ішінде үйреніп алған.

Осында тұрған және қазір Грозныйда тұрып жатқан ағайындарымыз қазақ тілін жетік біледі. Мен Грозныйға анама қонаққа барған кезде ол менімен қазақ тілінде сөйлеседі. Өзінің екінші Отаны туралы сұрастырады, себебі Қазақстан халқы туралы еске алатын жақсы жайлар көп. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты «Ол біздің Президент» дейді. Елбасы Грозныйды қалпына келтіру үшін көп көмектесті. Барлық одақтық республикалардың ішінен ол бірінші болып қол ұшын берді. Көп қабатты үй салды, оны халық ішінде «қазақ үйі» дейді. Сондай-ақ Грозныйда біздің президенттің атымен аталған мектеп пен көше бар» – деді «Шешен-ингуш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мумади Абдурашид.

Өз сөзінің соңында ол балаларға оқуларын жақсы оқып, амандықта өмір сүруді тіледі және Қазақстанның болашағы олардың қолдарында екенін айтып өтті. Ал еліміздің өркендеуі үшін оларға нағыз патриот болу керектігін естеріне салды. 

   

   

 

 

Айтпаев Мақсат

Смағұлова Назыгүл

Кейін қарай