Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Шілде, 2020

978

«Әрбір адам қазақ тілін Отанға деген сыйластығы үшін үйренуі керек»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында елімізде қазақ тілі мәселесін қалай шешкен жөн екені туралы ойларымен бөліскен. Әрине, біз Президенттің идеяларымен толықтай келісеміз және оларды жүзеге асыруға атсалысуымыз керек.

Қазақстанның әр азаматы мемлекеттік тілді, ең алдымен, өз Отанына деген шынайы сезім мен сыйластық үшін үйренуі керек. Десе де, егер бір ғана патриоттық сезім жеткіліксіз болса, біз мұндай адамдардың қазақ тілін үйренуіне талпыныстар тудырып отыруымыз керек.

Қазақстанның ірі қалаларында осындай мәселемен бетпе-бет келдім. Барлығымыз қазақ халқының қонақжай екендігін жақсы білеміз. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында таксиге отырып, жүргізушімен диалогты қазақ тілінде бастасам, ол кісі менің өзге этнос өкілі екендігімді көріп, толеранттылығына (сыйластығына) байланысты әңгімені орыс тілінде жалғап кетеді. Мұндай әрекет адамның қазақ тілін үйренуге деген талпынысын төмендетеді деп ойлаймын. Қазақша үйренем деп жүрген адам «онда орыс тілін білгенім жеткілікті ғой» деп ойлап қалуы әбден мүмкін.

Осы ретте Маңғыстау облысының тәжірибесін пайдалануды ұсынамын. Маңғыстауда орыс тілін жетік меңгерген қазақ, басқа этнос өкілін көрген бетте әңгімені алдымен қазақ тілінде бастайды. Өзге ұлт өкілі орысша жауап бергеннің өзінде де, қазақ тілін түсінеді деген сөз. Сол себепті менің жерлестерім әңгімені әрі қарай қазақша жалғастырады. Осылайша, ол өзге этнос өкілін қазақ тілін үйренуге шабыттандырады.

Біз, қазақ халқы және өзге этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренгісі келетін жандарға осылай көмектесуіміз керек. Олармен қазақша сөйлесейік! Бұл оларды тіл үйренуге жетелейтін зор ынта тудырады деп сенемін.

Егер бәріміз де тек қазақша сөйлейтін болсақ, бізді естіп, үйренгісі келмейтін адамдар да, өздерін ыңғайсыз сезініп, тілге деген қызығушылықтары, құрметі оянып, үйренгісі келетін болады.

Джамалайл Элимханов,

«Емир-Ойл» ЖШС директоры


Кейін қарай