Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Сәуір, 2020

1195

Роза Идрисова: Татуластыру мен бітімгершілік рәсімдерді дамыту аясын кеңейту қажет

1997 жылы Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында «Халықаралық құқық қорғау орталығы» - медиаторлар дайындау мектебі құрылған болатын. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде осы орталықтың мыңнан астам кәсіби медиаторлары өз қызметтерін атқаруда. Сондай-ақ, еліміздің барлық қалаларының Достық үйлерінде медиация орталықтары жұмыс істейді. Бүгінгі күні медиация - Ассамблеяның негізгі бағыттарының бірі.

Елбасының бітімгершілік институтын жандандыру жайлы үнемі айтуы медиацияның заман талабы екенін дәлелдейді. Қазақ даласының дара тұлғалары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолмен шешіп, халқымыздың ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен үлес қосқан. Ұлтаралық татулық, қоғамдағы тұрақтылық біздің басты құндылығымыз болса, медиация онымен үнемі байланысты ұғым.

Медиацияны әлі де көптеген алыс аймақтардағы жерлестеріміз жіті біле бермейді. Оның қоғамдағы оң жақтарын әлі де ажырата алмай жатқандар да бар. Мысалы, сотта қаралатын барлық істер тек бір ғана тарапты қанағаттандырса, ал медиация рәсімінде екі тарап бірдей қанағаттандырылуы мүмкін. Мұнда медиатордың, яғни кәсіби үшінші бейтарап адамның қатысуымен екі тараптың да ұсыныстары мен талаптары шешіледі.

Қазіргі заманда дау да, кикілжің де, соттасу да көбейіп кетті. Арызданушы адамдардың арасында тіпті жасы 80-нен асып кеткен көрші тұратын қарттар, айрылысуға келген, одан кейін балаларын бөле алмай жүрген ерлі-зайыптылар, қызмет барысында тіл табыса алмаған ұстаздар, тіпті туған балалары көмектеспей тастап кеткендері үшін соттасып жатқан қариялар да бар.

Осы заманда осындай дауларды сотқа жеткізбей, жылдам, құпиялы түрде, бейтарап үшінші тұлғамен, яғни кәсіби медиатордың көмегімен шешсе, жағдай басқаша болар еді. Соттасқан адамдардың саны да біршама азайар еді. Ал сотқа арызбен келген ерлі-зайыптыларға кемінде 3 ай көлемінде уақыт беру керек деп ойлаймын. Сол аралықта оларға кәсіби медиаторға баруды міндеттеген жөн.

Мысалы, еңбек дауларында сотқа дейінгі тәртіпте сол мекеменің келісім комиссиясына жазбаша жүгіну міндеттелген. Сол кезде сотқа дайындалып жүрген жұмысшының арызы талқыланып, оң шешімін тауып кетуі жиі кездесуде.

Сол сияқты, ерлі-зайыптыларға да ойлануға біршама уақыт керек. Олар араларында болған кикілжіңді медиатордың қатысумен өзара шешсе елімізде айрылысқан отбасылар, әкесіз немесе шешесіз қалып жатқан жетім балалар азаяр еді.

Арыздасу - ағайынды араздастырады дегендей, ашумен, ызамен бір-біріне қатты сөз айтқан ерлі-зайыптылар сотқа дейін де, сот барысында да мәмілеге келе алмайды. Себебі, сотқа арыз түскеннен кейін ашу, ыза, ерегіс жағы тіпті өршіп кетеді де, татуталасулары екіталай болады. Сондықтан сотқа арыз әкелген тарапты адымен медиаторға жіберуді міндеттеу керек.

Өмірдегі тәжірибелерге сүйенсек, айрылысып кеткен көптеген отбасы мүшелері уақыт өте келе қатты өкінеді екен. Тіпті не үшін ұрыссып, не үшін айрылыстыңдар деген сұраққа, естеріне түсіре алмай, жауап таппай қалғандары да болды. Толық емес отбасында өскен балалардың жағдайы тіпті аянышты. Аптасына кездесуге бөлінген 2 немесе 3 күнде, (көбінесе) әкелерін көріп психологиялық күйзеліске түсуі де, ең өкініштісі, оның арты аналарын тыңдамай кетуі де бұл өмірде жиі кездесіп жатады.

Мен өз қызмет барысымда көптеген отбасылық, көршілер арасындағы, әке мен бала, еңбек, мүліктік дауларын және ауырлығы орташа, ауыр емес қылмыстық істерді реттеуге қатысып, медиативтік келісіммен аяқтадым.

Медиацияны біз араздасқан немесе сотқа арыз бергендер тараптарды тек қана татуластыру деп түсінбеуіміз керек. Медиация рәсімінде кәсіби медиаторлар екі тараптың өзара ортақ тіл табысуы, шиеленіскен дауды екеулеп талдап, әрі қарай қайталанбайтындай етіп шешіп, одан әрі өз қатынастарын үзбей, достасып кеткені ең басты мәселе дер едім.

Себебі, біз араздасып сотқа келіп отырған екі тарапқа сіздерді татуластыру үшін келдім десеңіз, мен татуласады деп кім айтты, қателесесіз, мен мынамен ешкашан да татуласпаймын деп байбалам салады. Біз олардың өздерінің татуласуына себепші болуымыз өте қажет. Әр медиатордың жеке тәжірибелерімен өз құралдары бар. Әр іс, әр тарап - жеке мәселе. Барлығы бір біріне ұқсамайды, әр түрлі жағдайлар мен мінездері бар сан алуан адамдар мен солардың арасындағы проблемалар.

Ұстаз – балаға екінші ата-ана. Ұстаз оқушының мінез құлқын, көңіл күйін, сабаққа қандай дайындықпен келіп отырғанын, үйіндегі тұрмыстық жағдайлары туралы бәрін сезіп, білуі міндетті. Осы тұрғыда Ассамблея жанынан құрылған Аналар кеңесі және Қоғамдық келісім кеңестері тығыз жұмыс атқаратынын атап өту керек.

Ал мамандар бойынша менеджер – жұмысшымен жұмыс берушінің арасындағы нағыз бітімгер, координатор. Жұмысшының талабын жұмыс берушіге, ал жұмыс берушінің тапсырмасын жұмысшыға дұрыс жеткізе білу керек. Сөйтіп екі жақты да қанағаттандыратын ортақ тілді таба білу.

Қазіргі кезде татуластыру және бітімгершілік рәсімдерді дамыту аясын кеңейту қажет. Халықты дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі ету үшін, қоғамдағы шиеленістерді төмендету үшін Медиация заңын ел арасында насихаттау керек.

Медиация арқылы істің оң шешілетінін барлық БАҚ арқылы халыққа жеткізіп, түсіндіру қажет. Сонда ғана сотқа келетін істер азаяды. Абақтыларға түсуден сақтаймыз. Жылдан жылға медиатор көмегіне жүгінетін азаматтар саны артып келеді.

Қорыта айтсақ, Медиация заңы тез арада дау-дамайды шешуге, тараптарды бейбітшілік пен келісімге бағыттайды. Медиация – бұл біздің қоғамның жаңаша және тату-тәтті өмір сүруіне арналған ережесі. Сондықтан, бүгінгі таңда медиацияны отбасылық салада, əсіресе, ажырасу, сондай-ақ, мұраны бөлу кезінде, көршілер арасындағы келіспеушілікті шешуде, экономикалық жəне еңбек талас-тартыстары, қоршаған ортаны қорғау мəселелерімен байланысты дауларды, кінəлі мен зардап шегушінің арасындағы бітімгерлік келісімдер кезінде пайдалану тиімді болмақ.

Көп адамдар медиация рәсімдерін біле бермей, сотқа арызданған дұрыс па, медиатор көмегіне жүгініп шешкен дұрыс па деп, дұрыс таңдау жасай алмай жүреді. Сондықтан, сотқа дейінгі бастапқы әңгіме үшін тараптармен кездесуде кәсіби медиатордың қатысуын міндетті түрде енгізу керек. Сонда жеке немесе заңды тұлғалар медиация жөнінде қажетті ақпаратты алып, сотқа дейін өз дауларын шешудің баламалы тәсілін таңдай алады. Медиатор аталған тұлғалармен сотқа дейінгі өз кеңесін, медиация туралы Заңын түсіндіруді ақысыз өткізеді. Сотта бірнеше айлар бойы немесе жылдар бойы қаралатын іс медиатордың көмегімен баж салығы төленбей, адвокат қызметіне шығындалмай, уақытты, денсаулығыңызды сақтап, бір сағатта немесе бірнеше күн ішінде шешілуі әбден ықтимал.

«Еліңнің ішін даудан сақта, сыртын жаудан сақта» - деген аталарымыздың өсиетін біз орындауға міндеттіміз.

Роза Идрисова,

Кәсіби медиатор, 

Қарағанды облысы ҚХА ҚКК мүшесі

Кейін қарай