Қазақстан халқы Ассамблеясы

04 Мамыр, 2020

164

СҚО: «Бірлігіміз жарасқан!» вокалдық конкурсы үздік орындаушыларды анықтады

Жыл сайын Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы облыс тұрғындарына барлық этностардың рухани бай әлемін насихаттауға бағытталған ауқымды іс-шаралар өткізеді. Ел аумағында қалыптасқан төтенше жағдай кезінде мерекені онлайн түрде өткізу туралы шешім қабылданды.


Сөйтіп, этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық тағамдарды дайындау, салт-дәстүрлерді көрсету, ұлттық ойындарды өткізу ерекшеліктерін аша түсетін шеберлік сыныптары топтамасының түсіріліміне қатысты. Бұл ролик күні бойы облыстық телеарналар, сондай-ақ әлеуметтік желілерде көрсетілді.

Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мұратбек Әбішев этномәдени бірлестіктердің белсенділерін жеке барып құттықтап, оларға сыйлықтар табыс етті. Ол белсенділерді шын жүректен құттықтап, олардың ассамблея қызметіндегі және этностардың бай мәдени мұрасын сақтаудағы маңызды рөлін атап өтті.

Ассамблея алғаш рет онлайн түрде өткізген негізгі іс-шара Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлігіміз жарасқан!» вокалдық конкурсы болды.

Конкурс отбасылық вокалдық ұжымдардың, жеке орындаушылардың шығармашылығын көтермелеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары арасында рухани құндылықтарды тәрбиелеуге бағытталды.

Байқаудың онлайн түрде өтуіне қарамастан, іс-шараға СҚО ҚХА этномәдени бірлестіктерінің, облыс аудандары этномәдени орталықтарының өкілдері, сондай-ақ барлық ниет білдірушілер - 14 адам қатысты. Олар патриоттық, достық және махаббат туралы әндер орындады. Әндердің көбі авторлық болып табылады.

Құрамында көп мүшесі бар ұжым Городецкийлер әулеті болды. Олар бес туған апалы-сіңліден, ұжым жетекшісі - Ткаченко Тамара Тимофеевна мен екі немереден тұратын шығармашылық октет ұсынды. Тамара Тимофеевна Қызылжар ауданының «Калі ласка» белорус этномәдени орталығының төрағасы.

Сағынай Әбуовтың байқауға қатысуы тамаша жаңалық болды. Бұл жас жігітті көптеген петропавлдықтар біледі, оны «әнші таксист» деп атайды. Сағынай музыканы жанындай сүйеді және өз жолаушыларына арнап түрлі патриоттық әндерді шырқайды.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Городецкийлер әулеті 1-орынды қанжығасына байлады. 2-орынды екі қатысушы өзара бөлісті: Бламбаевтар отбасы дуэті («Сібір казактары бауырластығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері) және ағайынды Сисанбаевтар дуэті («Дуслық» Солтүстік Қазақстан облыстық татар-башқұрт қоғамдық орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері).

3-орынды үш қатысушы өзара бөлісті: Антон Гуторов («Қазақстанның орыс қауымы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының белсендісі), Адиль Нуриахметов («Дуслык» Солтүстік Қазақстан облыстық татар-башқұрт қоғамдық орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі), Ирина Маркина («Світанок» Солтүстік Қазақстан облыстық украин мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі). Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар қазылар алқасы екі жас қатысушы – Камила Шамшутдинова мен Ангелина Аракелованы ерекше атап өтті. Олар Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясынан ынталандыру сыйлықтарына ие болды.


Кейін қарай